26.07.2017, 8:53
Қараулар: 467
Ақпараттар ағыны

Ақпараттар ағыны

Безимени-3Құдықтың екінші  «өмірі»

Қарауылтөбе ауылдық округінің Ақмұқан қырында «Қарауылтөбе» ауылшаруашылық кооперативі орналасқан. Осы жерде 20 жылдан бері бітеліп тұрған тұщы сулы құдық бар еді. Кооператив төрағасы Асылбек Дүйсенғалиевқа ауылдағы тракторшы Тобанияз Дінекешов пен зейнеткер Сағдат Аманбаев көмекке келіп, сол құдыққа жан бітірді. Яғни, талай жылғы топырақтан тазартып, 15 метр тереңдіктен су шығарды. Қазір мотор орнатылуда. Кооперативте 52 ауланың 300 бас сиыры бар.

Нұрсая ЖАЛҒАСБАЕВА,

Қарауылтөбе ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі кеңесші маман.

1 тамызда «Мектепке жол» басталады

Аз қамтылған және көпбалалы отбасылар балаларына, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету мақсатында 1 тамыз – 30 қыркүйек аралығында республикалық дәстүрлі «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтеді. Айта кетейік, 1 қыркүйек алдындағы бұл үлкен шара ұл-қыздардың әлеуметтік себептер бойынша мектепке бармай қалуының алдын алуға арналады. Ауданымызда «Мектепке жолға» тиісті дайындықтар басталды.

Айымгүл АЙСҰЛТАН.

Үйрек те, қаз да сатылды

Чапаевта Бударин, Жамбыл, Жаңабұлақ, Көнеккеткен, Қабыршақты, Есенсай, Алмалы ауылдық округтерінен және Чапаевтың өзінен ауылшаруашылық өнімдері әкелінуімен кезекті жәрмеңке өтті. Айталық, мысалы, 16 бас уақ жандық, бір бас жылқы етімен қатар, құс өнімдері, қымыз, айран, қаймақ, сарымай, ірімшік те болды. 500 кг. қияр, 800 кг. қарбыз, тірілей бірер бас қаз бен үйрек те болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, келесі жәрмеңкелер бұдан да ауқымды өту үшін жағдай жасалатын болады.

Абзал СӘНДІБЕК.

Аяқдоптан бәсекелер

Аудан әкімдігі, Ақжол, Мерген, Тайпақ, Қабыршақты және басқа ауылдық округтерден, аудан орталығындағы мекеме, ұйымдардан командалардың қатысуымен шағын футболдан аудан біріншілігі ұйымдастырылды. Мұнда чапаевтық жастардың «Барыс» командасы І орынға ие болды. Сондай-ақ, аяқдоптан аула клубтары арасында Чапаевтың біріншілігі өтіп, 2005-2007 жылдары туғандар арасында «Республика», 2002-2004 жылдары туғандардан «Ақжайық» командасы жеңімпаз атанды.

Мейірбек КӨШІМОВ,

«Жігер» спорт клубының әдіскері.

Аудандағы  тұңғыш теолог

Ауданымызда тұңғыш теолог іске кірісті. Ол – Чапаев түлегі Жалғас Маратов, Алматыдағы Әбу Ханифа атындағы медресені бітірген. Осы аптада ол «Таным» деструктивті діни ағымдардан қорғау орталығы қоғамдық бірлестігі, т.б. ұйымдар өкілдерімен бірге ауданның бірнеше ауылында болды.

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ.

Меже – 206 мың тонна

Аудан бойынша шалғындарда бүгінде “жасыл орақта” 310 трактор, 348 орақ жүр. Орташа түсім — 4 центнер. Пішенші қауымға әр айыр шөп үшін атсалысуға тура келуде. Күн райының әр қолайлы сәтін әсіресе Ақсуат, Қарауылтөбе, Есенсай ауылдық округтеріндегі еңбеккер қауым ұтымды пайдалануда. Алдағы қыста малды ашықтырмау үшін аудан бойынша 206 мың тонна пішен қамдау межесі тұр. Аптаның сейсенбісіне дейін соның 71466 тоннасы дайындалды. Тиісті бөлімдерден әр ауылда шабындықтардағы өрт қауіпсіздігін барынша мүлтіксіз сақтау жөнінде хабар әлсін-әлі жөнелтілуде.

Еркін СӘНДІБЕК.

774 бас асыл түлік сатып алынды

Егер аудан бойынша былтыр мүйізді ірі қараның асыл тұқымды 642 басы сатып алынса, биыл бұл жөнінде көрсеткіш едәуір ілгерілегелі тұр. Жылдың өткен кезеңінде шаруалар 774 бас асыл тұқымды ірі қара (оның 360 басы аталық, 414 басы қашар) сатып алды. Ветеринариялық қызметтер бұл түліктердің де аман-саулығы үшін тиісті іс-шараларды жүргізуде.

Қалау ЖЕҢІС.