21.08.2017, 9:29
Қараулар: 447
Мемлекет тұрақтылығының іргетасы

Мемлекет тұрақтылығының іргетасы

Безимени-3Осы жыл байтақ еліміз үшін бір айтулы ерекшелікпен – конституциялық реформалар бағдарламасымен шеру тартқаны мәлім. Қазақстан Президенті халық мүддесін көздеген тарихи қадам жасады. Саяси жүйені одан әрі демократияландыру үшін мемлекеттік билік тараптары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу, сондай-ақ «Бес институционалды реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру және еліміздің әлемдегі 30 жетекші мемлекеттің қатарына кіру бойынша «Қазақстан – 2050» Стратегиясының мақсаттарына қол жеткізу мақсатында реформа ұсынды.
Қазақстанның барлық азаматтары Елбасының осы орайдағы Үндеуін талқылауға белсенді қатысты.
Сөйтіп, конституциялық реформа бойынша Президент өзі ие өкілеттіліктің айтарлықтай бөлігін бөлісті. Яғни, Үкіметтің экономика саласындағы атқарушылық өкілеттіктері мен дербестілігін кеңейту және оның жауапкершілігі мен Парламент алдындағы есептілігін күшейту еліміздің саяси тұрақтылығын одан әрі қамтамасыз етуге берік негіз жасады. Сондай-ақ Парламенттің бақылау функцияларын күшейту Үкіметтен ағымдағы және стратегиялық жұмысының сапалы жаңа деңгейін, айқындылығы мен жоғары заңнамалық органға, яғни, Қазақстан халқына есептілігін арттыруды нықтады.
Сәл шегініс жасасақ, осыдан 22 жыл бұрын жаңа Конституция қабылданып, еліміз жасампаз жаңа дәуірге нық қадам басты. 1995 жылдың 30 тамызында, жалпыхалықтық референдумда Қазақстан халқы Конституцияны қабылдауға дауыс беріп, өздерінің ортақ мағыналы таңдауын – тәуелсіздікті, өркендеуді, демократияны қолдады. Содан бері Ата Заңымызға ондаған өзгеріс енгізілді. Тәуелсіздік алған алғашқы қиын кезеңнен бастап биліктің бір қолда болғаны қандай жақсы болғаны баршаға мәлім. Іргелі мемлекет болдық. Ал жоғарыда аталған өзгерістер бізді демократияның жаңа баспалдағына шығаруда. Түйіп айтсақ, қарапайым айтсақ, Президент әлеуметтік-экономикалық біраз мәселені Үкіметке берді. Бұл арқылы ол Үкіметті әрі қарай жұмысты қалай алып жүретінін көріп, сынамақ. Үкіметіміз де өзіне тапсырылған сенімді, дербестікті, жауапкершілікті, атқарушылық өкілеттіктерді ойдағыдай жүргізуде шыңдалары сөзсіз.
О баста Ата Заңымызды әзірлеуге де, жылдар жүзінде оған өзгерістер мен толықтырулар енгізуге Елбасымыз тікелей атсалысты. Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынғанда елдің көптеген пікірі естілген Негізгі Заң да осы Конституция. Бұл жөнінде Президент: «1995 жылы Конституция тақыр жерден пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да, кімде-кім еліміздің Негізгі Заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек», деген болатын.
Конституциямыздың темірқазығы сонау «Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысынан» бастау алғандығын да айта кеткеніміз жөн.
Конституция еліміздің Негізгі Заңы ретінде егемендігіміздің тұрақты дамуының, қоғам, мемлекет тұрақтылығының іргетасы болды. Осы 1995 жылы қабылданған Ата Заңымыздың басты құндылығы республиканың өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік деп жарияланумен қатар, негізгі бастауы халық екендігін айқындап берді.
Еліміздің бұл Негізгі Заңы бірінші рет Қазақстан Республикасын президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет деп жария етті. Заңды мемлекеттің құзырына өз аумағының тұтастығын, сырттан қолсұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз ету толы­ғымен жатқызылады.
Конституцияда демократияның түпкі мәні ерекше айқындалады. «Мемлекеттік биліктің бірден бір бастауы – халық» деп нақты жазылған. Конституцияда республикадағы мемлекеттік билік біртұтас деп тұжырымдалған. Сондай-ақ, осы жылдары демократияның маңызды институты – парламентаризмді дамыту үшін барлық жағдай жасалды.
Жалпы, Ата Заңымыздағы ең басты құндылық – бұл адамның құқығы мен еркіндігін қорғау болып табылады. Әр адам осы елде өмірге ке­ліп, тұрмыс-тіршілік жасап жатқандықтан, оларды тіліне, түріне және нәсіліне қарап алалау жоқ. Байырғы қазақ жерінде тағдырлары тоғысқан барлық ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы жарасып, ортақ мүдде жолында өмір сүріп жат­қаны біздер үшін баға жетпес құндылық саналады.
Жаңа Конституцияның тағы бір басты артықшылығы – меншіктердің әралуандығын мойындап, оны заң жүзінде бекітуі. Енді Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншікпен қатар жекеменшік те өз күшіне еніп, заңмен қорғалуда.
Мемлекетіміздің басты заңы конституциялық құқықты қорғаудың, Негізгі Заңның құқықтық өрісін және тұрақтылығының қосымша кепілдігі ретінде прокурорлық қадағалаудың рөлін бекітті. Осы түпмәтінде прокуратураның құқық қорғау қызметінің басты бағыттарының бірі конституциялық заңдылықты, Қазақстан Республикасының Президенті Жарлықтарының және өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын жоғары қадағалауды жүзеге асырады, заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданады, сондай-ақ заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразы-лық білдіру Конституцияға сәйкес прокуратура органдарына жүктелген.
Біздің басты міндетіміз Тәуелсіздігіміздің тірегі – Консти-туциямыздың маңыздылығын бір сәтке де жоғалтпай сақтау. Ата Заңды құрметтеу – Тәуелсіздігіміздің ұлы мұраттарынан өрбитін жалпыхалықтық ортақ ұстанымды ертеңгі күнге еңселендіріп жеткізу деген сөз.

Абзал ӘЛЖАН.

Сарытоғай ауылдық  округінің әкімі.