21.08.2017, 9:48
Қараулар: 469
Жасаған Иенің жарлығына бағын 1 қыркүйек – Құрбан айттың бірінші күні

Жасаған Иенің жарлығына бағын 1 қыркүйек – Құрбан айттың бірінші күні

Безимени-3Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – «шарттарымен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Құрбан айт күндері (үш күн) шалынатын мал «ұдхия» деп аталады.
Қасиетті кітап – Құранда «Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым» (Зариат сүресі, 56-аят) деп білдірген. Демек, Құлшылық жасаудың түп мәні – Жасаған Иенің жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау.
Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.
Құрбан айт – мұсыл-мандардың ұлық мерекесі. Ол күні Алла разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылатын күн. Қажылық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып, Арафатта жалбарынып, дұға оқиды. Дүйім мұсылман баласы пайғамбарлардың ісін қайта жаңғыртып, Алла жолында құрбандық шалу арқылы бір-бірін дінге беріктік танытуға шақырады.
Қадірі асқан құрбан айтта құрбандыққа мал шалу – Ханафи мәзһабында (шамасы жеткендерге ғана) уәжіп. Уәжіптігінің аят-хадистердегі дәлелдері төмендегідей: Алла тағаланың Құран Кәрімде «Намаз оқы және құрбан шал»-деп бұйыруы құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!»-деп бұйыр-ған. Әрине, бұндай қатаң ескерту, кем дегенде, құрбан шалудың уәжіптігін білдірсе керек.
Мына төрт шартқа ие жандарға құрбан шалу уәжіп:
1. Мұсылман болуы;
2. ақылды және балиғат жасына толуы;
3. Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы;
4. негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы.
Ибраһим пайғамбардың кезінде құрбан шалу қажылықтың бір шарты ретінде сүннетке айналып, соңғы елші хазірет Мұхаммедке де (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) жетті. Осы кезден бастап құрбан шалу қажылықтың бір рәсімі ғана емес, бүкіл мұсылман жұртшылығына ортақ құлшылық түріне айналды.
Мекке кезінде түскен «Кәусар» сүресінде «Расында біз саған кәусарды бердік. Ендеше, сен де (осы жақсылыққа шүкіршілік ретінде) Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» деген бұйрық бар. Осы бойынша дұха (сәске) намазын оқу және құрбан шалу әуелі Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жеке өзіне парыз етілген болатын.
Хазірет Ибраһимнен (а.с.) бері келе жатқан қажылықта орындалатын құрбан (һәди) шалу Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін, хижраның екінші жылы қажылықтан тыс мұсылмандарға да (удхия құрбаны) міндеттелді. Осы күндері айт намазын оқу және құрбан шалу уәжіп ретінде бекітілді.
Пайғамбарымыз (саллал-
лаһу аләйһи уәсәлләм) басқа хадистерінде Алла ризашылығы үшін шалынған құрбанның әрбір қылшығы үшін сауап бар екенін былай деп сүйіншілеген:
«Сахабалар Расулімізге (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм):
– Уа, Алланың Елшісі, құрбандық деген не?- деп сұрақ қойды.
– Құрбандық – сендердің Ибраһим (а.с.) бабаларыңның сүннеті,-деді.
– Одан бізге қандай сауап бар?
– Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар.
– Қойдың жүнінен ше?
– Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады».
Алла разылығы үшін риясыз көңілмен сойылған құрбандық мал ақыретте қылдай жіңішке, қылыштай өткір қылкөпірден өтерде иесіне көп көмектеседі. Пайғамбарымыз бұл жайында өз хадисінде былай дейді: «Құрбандыққа малдың ең жақсысын, көзге жұғымдысын таңдаңдар, өйткені ол – Қылкөпірден өтердегі өз көліктерің».
Шындығында, Алла Тағала біздің шалған құрбандарымыздың ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес. Құрбандарымыздың еті не қаны Алла Тағаланың құзырына жетпейді. Бірақ біздің оның әмірін ләббайк деп құлдық ұрып орындауымыздағы ықылас-ниетіміздің Алла Тағалаға жетіп, ризашылығына себеп болары сөзсіз. Бұл шындықты Құран Кәрім былай деп баяндайды: «Олардың (құрбан малдарының) еттері де, қандары да Алла Тағалаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді» (Хаж сүресі, 37).
Айт күндері құрбан шалу – ғибадат. Ал құрбандық шалудағы ең маңызды жайт – оны Аллаға арнап сою. Ниеттің адалдығы жай ғана істің өзін ғибадатқа айналдырады. Құрбандыққа шалынған мал – Жаратушының берген рызығы болғандықтан, етін сол жанұя мүшелерімен қоса кедей-кепшіктер де жейді. Күнделікті өмірде жағдайы тым нашар адамдардың бар екенін ұмытпаған жөн. Аштықтан өліп жатқандардың жай-күйін күнделікті газет-журналдардан, бұқаралық ақпарат көздерінен де байқасаңыз болады. Бір күндік өміріне талшық етерлік ас таппай жүрген жандар да жоқ емес. Сондықтан мұсылман ғалымдарының айтуынша, шалынған құрбанның етінен жеу – мұстахап, мұқтаж жандарға үлестіру – уәжіп. Әбу Ханифаның айтуынша, жеуге де, таратуға да болады, алайда ол уәжіп емес. Бұйрық түрі үнемі уәжіптікті талап етпейді. «Пақырды тойдырыңдар!» деген бұйрық байларға берілмесін деген мағынаны білдірмейді. Өйткені сахабалар құрбанның етін бай, кедей көрші-қолаң мен туыстарына да беретін. Осы тұрғыдан қарағанда, құрбандық шалатын айт күндері шалынған миллиондаған құрбанның еттері бай-кедей, жетім-жесір, кедей-кепшік, жас-кәрі, әйел-еркегімен, бүкіл адамзатқа сый ретінде қабылданып, осы үлкен жақсылықты нәсіп еткен Раззақ (шынайы Рызық беруші) жаратушыны естен шығармай, бұл мереке кең көлемде аталып өтілуі тиіс.

Қайрат АХМЕТ.

Чапаев ауылы.