5.09.2017, 9:17
Қараулар: 38
Жұрт мақтаған Меңзипа

Жұрт мақтаған Меңзипа

DSC_0103Өмір-өзен сапарында әрине, біздің, алдыңғы толқынның кездескен, сыйласқан, жадымызда ұмытылмастай жатталған жандар баршылық. Солардың бірі, көп жыл, яғни 16 жыл мектепте мұғалім, интернат меңгерушісі, орта мектеп директорының оқу ісі меңгерушісі және ширек ғасырға жуық Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары болып үздіксіз жемісті еңбек еткен Меңзипа Дүйсенбайқызы болып табылады.
Ол 1957 жылдың 10 қыркүйегінде Қазталов (бұрынғы Фурманов) ауданы, Талдықұдық елдімекенінде дүниеге келген. Әкесі Дүйсенбай Жұматов Ұлы Отан соғысына қатысып, небір ауыртпалықты басынан өткізіп, елге Жеңіспен оралып, шаруашылықта зоотехник болып жұмыс жасаған. Анасы соғыс жылдарында, одан кейін де ауылда еселі еңбек етіп, озаттар қатарынан көріне білген. Бір кезде облыстық қырықтықшылар жарысының жеңімпазы да атаныпты.
Жанұяда бір ер бала, алты қыз тәрбиеленген. Әкесі марқұм балаларына «Адал еңбек етіңдер, еңбек абырой әпереді. Ешкімнің ала жібін аттамаңдар. Мәшине алуға әуес болмаңдар. Мен өзімді мәдениетті азаматпын деп түсінемін, қатарымнан қалмай еңбектеніп келемін. Жора-жолдастарым, халқым сыйлайды. Осы сөзімді ұққайсыздар»-деп ұл-қыздарына бата берген екен. «Баталы құл арымас»,-деген, перзенттері көпшіліктің көңілінен шығып келеді, еңбек пен тұрмыстағы үлгілеріне ел куә.
Меңзипаның еңбек жолынан мұны сөзсіз көруге болады. Онымен 1997 жылдан, яғни, Тайпақ ауданы мен Чапаев ауданы ірілендіріліп, Ақжайық атанғаннан бері таныспын. Екі аудан қосылған күннен-ақ қызмет жүктемесі ауқымданып, ойға-қырға шапқаны, тұрғындармен ұдайы бірге болып, қанатымен су сепкен қарлығаштай, әлеуметтің мұң-мұқтажын өтеу үшін тағатсыз жүргені күні кешегідей есімде. Талай жанның алғысын арқалады. Тіпті ешкімге бірдеңе бөліп бермесе де, көңілдің түзулігіне, ниеттің тазалығына не жетсін. Тұрғындарды ертеңгі күнге сендіре білді, үміттендірді, жұбатты, медеді.
Ол кезең тәуелсіз балаң еліміздің алғашқы қадамдары, өте ауыр кезең болуымен көпшіліктің есінде қалды. Жұмыссыздық жайлады. Жанұядағы зейнеткерлердің зейнетақысымен ғана күн көрген кезең-ді. Оның үстіне аудан орталығынан 155-220 шақырымда орналасқан ауылдардан орталыққа қатысу қиямет-қайым болатын. Қиналған халық, әсіресе әйелдер қауымы топтасып ауыл әкімдігіне жиі жиналып, мұндағы әңгімеге риза болмағандары жаяулап ауданға баруды мақсаттанып, жаппай дүрліккен шақ еді ғой. Соның бәрі басшылықта жүрген азаматтар-азаматшаларға зор сын болатын-ды. Обалы не керек, сол кездегі аудан әкімі марқұм Әлібек Сәтпаев бастаған, ішінде Меңзипа да бар, басшылар Тайпақта жиі болып, халықтың өтінішіне тұшымды жауап беріп, көпшіліктің көңілінен шыға білді.

Үйінде күндік ішер тамақ жоқ отбасылар баршылық еді. Сондай қиыншылықтарға төтеп берген халық пен сол кездегі басшы азаматтардың белсенділігі елді сақтап қалғанына куәміз. Үйінде үш-төрт баласы бар Роза атты қарындас әкімдікке жиі келуші еді. Мұндайлар ол кезде ондап саналатын. Осы қарындас Меңзипаның сол кездегі жақсылығы мен қамқорлығына, ойлы түсінік-кеңестеріне әлі күнге дейін риза. Балалары өсіп ер жетті, дейтұрғанмен қиындық кездесе қалса, телефон шалып, осы кезге дейін Меңзипадан ақыл-кеңес сұрап хабарласып тұрады. Мұндай мысалды ондап келтіруге болады.
Меңзипа Жұматова үнемі ізденіспен жұмыс жасайтын жан. Орынды талап қоя білетін талапшыл, көргенді басшы болғанына куәміз. Негізінен идеологиялық жұмыспен айналысқандықтан, аудан экономикасының дамуымен қатар мәдени-рухани өркендеуіне елеулі, сүбелі үлес қосқандардың бірі. Олай дейтінім, қабілеті бар өнерпаздарды ауылдардан алдырып, орталыққа жинап, олардың ізденістерін шыңдап, биік мақсаттарға ұмтылуына ықпал жасады. Мысалы, ақын Сағынтай Бисенғалиевты бұрын білмей тұрып, жырларымен танып, іздестіріп тауып алғаны шындық. Тағы атап айтсақ, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, әнші, жырау марқұм Көшерғали Макаров, ақын Мәлік Берді Әлі, әншілер Жаңылсын Хасанова, ағайынды Нұрғалиевтер, т.б. Меңзипаның қамқорлығында болғандар. Ауданда қай уақытта болмасын, ұйымдастырылған мәдени шаралардың жоғарғы дәрежеде өтуіне Меңзипа Дүйсенбайқызының әрдайым қалай атсалысқаны үлкен-кішіге жақсы мәлім. Мемлекет қайраткері, ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтың 90 жылдығы, т.б. шаралардың дүркіреп өткенін көзіміз көрді.

Меңзипа адамның психологиялық ахуалын танып тұрып тапсырма беретін. Нәтижесін назарынан тыс қалдырмайтын, үнемі тиянақтап, пысықтап отырды. Жауапкершілік деген осы емес пе. Ауданда 5 әкіммен жұмыстас болды. Өзінің жеке іскерлігі, талапшылдығымен, бәрімен де тіл табысып, ісінен үнемі нәтиже көрсете білді. Ерекшеліктерінің бірі – адамдарды танып, ажырата білуінде. Жеке адамның ғана емес, оның арғы-бергі ата-бабаларының жағымды қасиеттерін зерттеп, жекелей орындаушылық қасиеттерімен қатар, әулет ұстанатын салт-дәстүрдің тиімді жақтарын біліп, қорытынды шығаратын. Істе шыңдалған, тәжірибелі басшы болды деп айта аламын. Ақжайық ауданында аңыз болып айтылып жүрген игі істерде басқа да басшылармен қатар М.Жұматованың қолының табы зор.

Ол жанұясымен де бақытты. Жұбайы Қайырғалимен бірге ұл-қыз тәрбиелеп, немере сүйіп отырған бақуатты жандар. 2016 жылдан бері зейнеткер болса да аудан, облыс көлеміндегі қоғамдық жұмыстарға атсалысуда. Ақжайық ауданының Құрметті азаматы. Еселі ерен еңбегіне орай үкіметтік марапаттаулары баршылық. Бір адамға лайық атақ, абыройы бар мақтаулы ауылдасымыз. Соның бәрінен гөрі халықтың «өзіміздің Меңзипа» дегенінен артық мадақтау жоқ деп білемін.

Әленғали КЕРЕЙТЕГІ,

Ақжайық ауданының Құрметті азаматы.

ОРАЛ.