5.09.2017, 15:22
Қараулар: 676
Қала күніне тарту

Қала күніне тарту

IMG_6084Облыс орталығындағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне және Орал қаласының күніне арналып Ақжайық ауданы көркемөнерпаздарының фестивалі өтті. Шара алдында аудан өкілдері Қадыр ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Осы жерде аудан түлегі Біржан Кухаев Қадыр Мырза Әлидің жырларын оқыды.

Осыдан соң аудан әкімі Әділ Жоламановтың Орал қаласында тұратын ақжайықтық еңбек ардагерлерімен, ауданнан түлеп ұшқан кәсіпкер-меценаттармен кездесуі өтті. Ол елімізде өтіп жатқан жаһандық оқиға – ЭКСПО-2017 көрмесінің Қазақстанға әкелер табыстарына тоқтала келіп, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы турасында сөз қозғады. Мақалада ұсынылған идеялар туған жеріне тағзым етуші әрбір патриоттың айтулы парызын айқындары сөзсіз. Бұл орайда үлкен Ақжайық ауданында да құтты қадамдар бар. Осыны әңгімелей келіп, Ә.Т.Жоламанов аудандағы жетістіктерді, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы оң беталыстардың бірсыпырасын, алдағы жоспарларды баяндап шықты.
– Бүгінде Орал қаласында тұратын, ел мүддесін бәрінен биік қоя білген ақылшы қарияларымызбен байланысымызды үзген емеспіз. Туған жерді көркейтіп, дамытуда көптеген нақты істердің жүзеге асып жатқаны мәлім. Осы мақсат жолында облыс орталығында өздерінің кәсібімен айналысып жүрген ақжайықтықтардың басын қосып, елді өркендету жолында жұмыла жұмыстануға ықылас білдіріп келеміз. Туған ауылын түлетуге ниет білдірген кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге әманда дайынбыз,-деді ол.

Аудан түлегі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева сөз алды. «Осы уақытқа дейін қызмет бабымен өзге облыстарда тұрып келдім. Туған жер дегенде сезім бөлек, көңіліміз ауып тұрады. Елбасымыз ұсынған «Туған жер» бағдарламасынан туындаған тапсырмаларды жүйелі жүзеге асыру үшін нақты бағдарлама құрылса, құба-құп болар еді»,-деді ол. Еңбек ардагері Әленғали Кереев ардагерлер қорын құру жөнінде, сол арқылы елге көмек қолын ұсынғысы келетіндер табылатыны жайында пікірін білдірсе, Ерболат Нысанбаев, Ғиззат Ихсан, Балғаным Кәкімқызы, Мүтиғолла Мәденов сынды ардагерлер аудандағы істерге жақсы баға беріп, ауыл шаруашылығын өркендету, кәсіпкерлерді елге тарту жұмыстарын жандандыра түсуге қатысты толғамдарымен бөлісті. Мәжит Қайырғалиев соғыс жылдары ерлік көрсеткен майдангерлер тізімін жинақтаған кітапты тағы бір жаңғырту керегін айтты.

IMG_6146Бұл бас қосудан кейін оралдықтар, қала қонақтары аудандық туризм және экология, балалар шығармашылық орталықтарының оқытушылары мен шәкірттері дайындаған көрмені тамашалап, ашық алаңдағы киіз үйден ұлттық сусындардан дәм татты. Келушілерді әсіресе, Жәнібек Әбілпейісов жетекшілік ететін Атамекен ауылындағы «Жерұйық» мұражайы ұсынған дүниелер қызықтырды.
Орталықтың амфитеатры сахнасынан Үлгілі «Балауса», «Сымбат», «Дарын» бишілер топтары түрлі жанрларда би орындады. Мәдина Нұрсейілова, Асылан Бақтығалиев, Алтынбек Базаров, Мәдина Мұхамбетқалиева, Әнуар, Венера Нұрғалиевтар, Гүлсая Айтымбетова, Дәурен Ғилманов, Омар Хибашев, Рүстем Кереев, Асыланбек Қуаналиев, Әділет Хайдаров, Жалғас Мақсот, Жолдас Хасанов, Аруна Қуатова, Айымгүл Қайырова, Айнамкөз Серікқалиқызы, Мадияр, Бақтияр Мұхамбетовтар, Мейірбек Жұмаев, Дәулет Шәмелов сынды жұртшылыққа танымал әншілер жерлес композиторлар мен ақындардың елге деген сезімінен туындаған тырнақалды шығармаларын орындады. Сахнаға дәстүрлі әншілер шеруі шыққанда жиналғандар тіптен желпініп кетті. Себебі, бұл құрамда елімізге танымал Сәуле Таудаева, кең тынысты Гүлжамал Қайбалиева, ел абыройын үлкен сахналарда асқақтатып жүрген Данияр Елеуов, жас та болса бірнеше байқаудың жеңімпазы атанып үлгерген Аружан Әділхандар саф өнердің зор үлгісін көрсете білді. Бірнеше халықаралық байқаудың лауреаттары Жаңылсын Хасанова, Еркін Өтеген, Айдана Әжіғалиеваның сахнаға көтерілуі концерттік бағдарламаны салмақтандыра түсті. Әділбек Елекешов жетекшілік ететін халықтық ұлт-аспаптар оркестрі, «Саз» этно-фольклорлық ансамблі бірнеше күй орындап, жоғары деңгейде өнер көрсетті. Халықаралық байқаулардың жеңімпазы «Әуен» тобы, славян ұлттық-мәдени орталығының «Радуга» вокалдық тобы әндер әуелетті.
Фестиваль соңында Ақжайық ауданы-ның әкімі Әділ Жоламанов пен Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов сахнаға көтеріліп, жиналғандарға жылы лебіздерін арнап, естелік сыйлықтар алмасты.

Бекболат РАХМЕТҚАЛИҰЛЫ.

Суреттерді түсірген автор.