6.09.2017, 9:38
Қараулар: 31
Арманы асқақ еді арыстардың…

Арманы асқақ еді арыстардың…

Алаш Орда1904-1905 жылдардың мұғдарында І орыс революциясының дүмпуімен Орал қаласында Бақытжан Қаратаевтың бастамасымен «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясы» деген атпен қазақтың кадеттік үлгідегі тұңғыш ұлттық саяси ұйымы құрылғаны тарихтан белгілі. Бұл өзі жалпыхалықтық демократиялық қозғалыс болғандықтан, оның құрылуына жалғыз Орал емес, Қазақстанның бес облысының өкілдері қатысады, соның ішінде Әлихан Бөкейхан да ат салысқан дейтін мәлімет бар. Айтты-айтпады, сол шамада Бақытжан әріптесі заңгер Серәлі Липин сияқты бірқатар оқыған азаматтармен тізе қосып, «Алаш» деген жазуы бар гербтің және банк билетінің (ақшасының) сұлбасын жасап, жасырын түрде талқылаудан өткізеді. Сірә, сол кезде революция патшашылдықтың түбіне жетеді, қазақ сияқты аз халықың қолына саяси ерік тиеді деген далбаса үміт болған сияқты.
Жеті жыл аралатып Әлихан әлгі әңгімеге қайыра оралды. Ол «Қазақ» газеті арқылы 1513 жылы Атыраудағы Халел Досмұхамедовке (жоғарыда айтылған кадет партиясына белсенді мүше болғандардың бірі) «Алаш» сөзінің мән-мағынасын ашуды сұрап, сұрау тастады. Әңгіменің соңы белгілі: Алаш содан соң бірнеше жыл үлкен тақырыптың өзегіне айналып келеді де, ақыры ұлтшыл-демократиялық қозғалыстың, соңыра партияның атына айналумен тынды.
Ендеше, құрылғанына биыл тұп-тура 100 жыл толып отырған Алаш қозғалысының, осы аттас партияның және Алаш-Орда үкіметінің тарихы идея ретінде алғаш Қазақстанның батыс аймағынан бастау алды десек, шындықтың ауылынан алыс кете қояр ма екенбіз. Мұның түп-төркіні Шәңгерей, Мақаш әкім сияқты көзі қарақты адамдар байырғы шежірелерден жиған әңгімелерде қазақ халқының арғы тамыры болып саналатын Алаш атты тұлға туралы аңыз араласқан хикая басқа өңірлерге қарағанда қазақ даласының батысында барынша кеңірек және толығырақ айтылатындығында жатыр ма дейміз. Яғни Алаш туралы тарихи әңгіме батыс қазақтарының тарихи жадында, эпик санасында көбірек және анығырақ сақталған болуы.
Осынау тарихи зерде, тарихи сана 1917 жылғы төңкерістен кейін іле-шала бой көтерген қозғалыстың ұйытқы күшіне айналады және тез арада Батыс Алаш-Орданың құрылуына әкелді. Батыс Алаш-Орда 19 ай, яғни барлығы 578 күн өмір сүрді.
Аталған құрылым өз тарихындағы Ойыл уақытша үкіметі және Алаш автономиясының Батыс бөлігі дейтін айтулы екі кезеңді қоса алып қарағанда, толыққанды аумақтың әкімшілік-аумақтық автономия болды, ал бейресми түрде жеке мемлекеттік құрылымның нышандарын танытты: земстволық управа жүйесі арқылы өзін-өзі жергілікті басқару органы түзімін, яғни орталық атқарушы органын енгізді, сөйтіп білім беру, денсаулық сақтау, уақ кәсіпкерлікті өркендетуге керек қаражатты өзінде қалдыра отырып, әлгі мәселелерді жергілікті деңгейде ауылдық, болыстық, уездік земски комитеттер арқылы субцидарлық қағидатпен шешкен; одан тыс, жеті адамнан Уақытша Үкімет құрылған, оның жанында уездік соттар, милиция, әскери-қорғаныс бөлігі жұмыс істеген; үкімет жанында және жеті адамнан тұратын Дін істері жөніндегі комиссия құрылған, яғни зайырлы істер мен шариғи істердің арасы бөлінген; одан басқа 12 адамдық Ақсақалдар кеңесі жұмыс істеді; қарулы күші (Халық милициясы) жасақталды, оның өз әскери туы болды және кіші командирлер құрылымын даярлайтын екі әскер мектеп ашылды; өз банкісі (Қазақ земский банкі) құрылды және айналымға уақытша қазыналық квитанция — «Алаш» боны шығарылды; уақытша үкіметтің земстволық басқармасының және оның уездік құрылымдарының өз мөрлері болған. Бір сөзбен айтқанда, Батыс Алаш-Орда өзінің атқарушы, заң шығарушы және өзін-өзі басқару органдары бар толық автономиялық құрылым ретінде ойластырылған және оның басшылығы кейінгі аумалы-төкпелі шақтарда билікті кімге болсын бермей, өзінде сақтап қалып отырды. Тіпті кей жағдайда, мысалы, ұзақ келіссөз нәтижесінде Кеңес өкіметіне Доссор-Мақат мұнай кәсіпшіліктерін концессияға (жалға) берген кезде автономия аясынан шығып, жеке мемлекет ретінде әрекет етеді. Бұдан біз сонау дербес Қазақ Ордасы дәуірінен бері үзілмей келе жатқан ұлттық саяси творчествоның ізін, яғни сыртқы жауды білекпен ғана емес, біліммен, дипломатиямен тежеудің анық сорабын көреміз. Бұл — Орал аймағынан тамырынан ажырамай Батыс мәдениетін игергендердің көбірек шыққандығынан да еді. Солардың үлкен бір бөлігі Жайықтың орта ағысынан төменірек жатқан ежелгі Ілбішін өңіріне тиеслі болғандығын бүгін біз қадаңқырап айтуға тиіспіз.
Бұл өңір кейінгі отарлау дәуірінде Ілбішін, Калмыков дейтін екі уездің жеріне біріктірілгені аңғарылады.
ХІХ ғасырдың аяғында қазақ даласына сауда капиталының дендеп енуімен су жолында ұрымтал орналасқан Ілбішін-Тайпақ транзиттік ауданының стратегиялық маңызы қайыра күшейеді. Патша өкіметі жергілікті халықтан әкімшілік-аумақтық басқаруға қажет кадр даярлау мәселесін мықтап қолға алады. Аккультурация саясатын — төменнен оқытып, Ресейдің ішкі қалаларында мамандандыру саясатын қолданады. Осы мақсатта өңірде Алтынсарин үлгісімен төрт кластық болыстық орыс-қазақ мектептері, Романовтар атындағы екі кластық орыс-қазақ училищелері ашылады. Болыстық мектептерді Оралдан келген құрылысшы орыстар шағыр, изен, сораң секілді ащы шөптерді пешке өртеп, жергілікті жердің саз-балшығынан құйылған қыш кірпіштерді соған күйдіріп салған, қабырғасын, төбесін қиықтап қаңылтырмен жапқан. Бұл мектептер балалар жатып оқитын пансион пошымында болған. Қазақ «Қызыл мектеп» деп атаған солардың бірқатары Тайпақ жерінде де бой көтереді және кейін Алаш қозғалысына осы өңірде атсалысқан оқығандар түгел дерлік әлгі болыстық мектеп, уездік училищелерге білім тиянақталғандар.
Солардың өзіміз білетін көр-нектілерінің өмірдерегін алып қарайық. Мысалы, Есенғали Қасаболатов 1889 жылы Калмыков уезіне қарасты Антоновка ауылы маңында әкесінің атымен аталатын «Керейдің ойы» деген жерде дүние есігін ашады. Есенғали 1901 жылы алдымен Калмыков селосындағы орыс-қазақ мектебін, сосын 1909 жылы біржылдық даярлық курсын тәмамдап, 1910 жылы Саратов университетінің медицина факультетіне түседі. «Айқап» журналына, «Қазақ» газетіне студент кезінің өзінде-ақ өткір полимикалы мақалалар, медицина тақырыбындағы ағартушылық материалдар жазып, танылып үлгереді. 1915 жылы оқуын аяқтап, елде дәрігер ретінде қызмет етеді. Мәліметтерде Калмыков уезінде, Жылы-Қоныс ауылдық-дәрігерлік учаскісінде жұмыс жасағаны жазылған. Мұндағы Жылы-Қоныс Атырау облысының Жылой ауданындағы Жилокосинск балықшылар батағасы болуы да мүмкін. Есенғали әлиханшыл болған, яғни Әлихан Бөкейханның саяси бағытын қолдаған жастардың бірі. 1917 жылы Ғұбайдолла Әлібековтың қызына үйленген соң Әлібековтердің, Нұрғали Имағамбетов, Мұхамед-Хафу, Мырзағалиевтердің тобында болды. Досмұхамедовтерге қарсы «Ақ жол» саяси ұйымына басшылық жасады. Ал 1918 жылдың күзінен бастап Досмұхамедовтер жағынан, яғни, Батыс Алаш-Орда құрамынан табылды.
Тайпақтық және бір алашордашы Тәжмұхамбет Жалпақов 1897 жылы Ілбішін уезіне қарасты Мәтеш болысындағы 8-ші ауылда Темір деген орта шаруаның отбасында дүниеге келген, алдымен болыстық мектепті, сосын Романов училищесін түгесіп, 1915-1917-жылдары Воронеж фельдшерлер мектебінде оқиды. Алаш-Орда тұсында әскери мектепті таңдаған: Ойылдағы Тұңғыш Қазақ кавалериялық юнкерлік мектепті прапорщик шенімен бітірген алғашқы түлектердің бірі, Алаш полкінің штаб офицері болып қызмет етті.
Ал тайпақтық және бір дәрігер, земство қайраткері Бақтығали Бейсенов 1889 жылы Ілбішін уезі, Қызылжар болысындағы 5-ші ауылда туып, әкенің дәулетінің арқасында болыстық, қалалық мектеп-училищелерді, қосымша даярлық класын, Орал реалдық училищесін тәмамдап, 1910-1917 жылдары Саратов университетінің медицина факультетінде оқиды. Елде Қызылкүлгін деген жерде учаскелік дәрігер болып жасаған, Алаш-Орда тұсында болыстық, уездік земство мекемелерін құрысқан. Орал реалдық училищесінің, Ойыл прапорщиктер мектебінің түлегі, штаб офицері Ишанғали Бейсенов, Ойыл юнкер мектебінің түлегі, Алаш полкінде жүзбасы болған Зепқали Бейсенов осы Бейсен әулетінен болуы мүмкін, мұны анықтай түсу керек.
Қазақтың алғашқы арнайы білімді әскери мамандарының бірі Қазмұхамед Тәттібаевтың ғұмыр жолы да тәнті етерлік: 1885 жылы Ілбішін уезі, Өріктікөл болысының 6-шы ауылында туған оның әкесі Мұқан Гурьев пен Оралдың арасында түйемен балық тасыған кіреші екен, содан ба екен, Қазмұхамед болыстық мектепті және Елек
училищесін бітіргенімен, оқуын әріжалғастыра алмай, мұғалім болып кетеді, Түркістан өлкесіне келеді, сонда жүріп Ташкент әскери училищесі жанындағы прапорщиктер мектебін тәмамдайды, 1917 жылы Иран бағытындағы әскери майдан бригадасына жіберіліп, сонда полктің әскери көлік бөліміне бастық болып тағайындалады. 1918 жылы Жаншаның шақыруымен елге келіп, Батыс Алаш-Орданың әскери бөлімдерін жасақтау ісіне тікелей қатысады.
1887 жылы Ілбішіннің Қурайлы болысында орта дәулетті Жолдыбай шаңырағында дүниеге келген белгілі ағартушы Молдығали Жолдыбаевтың да Алашқа қатысы болған. Арасу алты кластық мектебін, Орынбор орыс-қазақ мұғалімдер мектебін 1910 жылы бітірген ол елде мұғалім болып жұмыс істейді. 1917-1918 жылдары облыстық Қазақ сиездерін әзірлеп-өткізу ісіне белсене қатысты және І Жалпықазақ сиезінде Бүкілресей Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат болып ұсынылды. Ғ.Әлібеков тобына қосылып, «Ақ жол» партиясына кірді, Досмұхамедовтерге қарсы жұмыс істеді.
Осы және басқа да фактілер Тайпақ-Ілбішін өңірінен шыққан қайраткерлер негізінде бір жүйеде қалыптасқандығын, бірақ елдегі жалпы саяси ахуалға орай бәрі бірдей жалғыз мақсат жолына жұмыла алмағандығын көрсетеді. Көпшілігінің есімі алты алаштың айбынында жүрген, шетінен қай тақырыбыңды да боршалап беретін сұңғылалар, сонымен бірге істеймін дейтінін істейтін, тұрам дегенінде тұратын, бір пікірлі, идеяға берік жігіттер. Сондықтан бұл топты зерттеген кезде осынау принципшіл тұрлаулықты, қазақтағы таза таптық ажырасу болмағанымен, білінер-білінбес әлуметтік теңсіздік жағдайларын естен шығармаған жөн және бұл топ қазақ ұлыстық деңгейден ұлттық деңгейге енді қадам басып жатқан, ұлт болып енді ғана ұйып, еңсе тіктей бастаған шақта саяси күреске араласқандарын ұмытпайық.
Ілбішін-Тайпақ өңірі әлеумет соғысының аласапыранында Орал Войсковой үкіметінің айдау қара жолының астында қалғаны мәлім. Сондықтан атты казак жергілікті земски управалардың адымын қайткенінде де ұзаққа аштыра қоймаған сыңайлы. Осы орайда Тайпақ жері кіндік Батыс Алаш-Ордада — Жымпитыда 1918 жылы орын алған белгілі бүлік тұсында қайта-қайта ауызға алынғанын айту жөн. Әңгіме – сол жылы желтоқсанда Алаш полктерін жабдықтаушы казак офицерлерінің ала қойды бөле қырыққан әрекетіне наразы бір топ – Алаш гарнизоны жігіттерінің қарулы көтерілісі жайында. Бүлік басылып, қолға түскендердің біраз белсенділері этаппен Калмыковадағы түрмеге айдалғаны, жолда Тайпақ бойында түнгі ат шалдыруда тұтқындардың айдауылдарды өлтіріп қашып шыққаны, сол дүрбелең кезінде Меңдігерей Ипмағамбетовтің қапияда қазаға ұшырағаны атақты «Ақ Жайық»трилогиясында сипаттап жазылған. Сол уақиға Жаңакөл деген жерде (қазіргі Базартөбе ауылының маңында) орын алады. Кейін Меңдігерейдің өлімінің кінәсі конвой бастығы Айтқали Абылаев, Базарғали Қожахметов, Керей Есенғалиев тәрізді Алаш офицерлеріне жабылды, алайда олардың кінәсін ешкім мойындарына қоя алмады, соған қарағанда Меңдігерейді ақ казактар кейін қамыс арасында тоғыз тұтқын қызыләскермен бірге жасырынған жерінен ұстап, атып өлтірген дейтін дерек шындыққа келетін сияқты.
Ілбішінге қатысты және бір дерек Әбдірахман Әйтиевтің атымен байланысты. Әбдірахман 1919 жылы әуелі Чапаев дивизиясының 3-бригадасының саяси бөлімінде, соңыра девизия құрылымындағы Лбишинск ревкомының төрағасы болып қызмет еткені мәлім. Чапаев дивизиясынан тірі қалған үш адамның біреуі (шөпқораға жасырынып, аман қалады). Мұны айтып отырғанымыз, Әбдрахман да Алаш қозғалысынан шет тұрған жоқ. Ол және оған пікірлестер большивиктерге дейін де, кейін де алашордашыларға ашық қарсы шыққан емес, қайта кейінірек оларды қызметке тартып, қамқорлықтарын аямаған.
Алаш — даму үрдісінде көпке шейін үзіліс бола қоймаған, сол себепті идея ретінде, саяси тәжірбие ретінде бүгінге дейін келіп жеткен алабөтен құбылыс. Әдетте тарих ғылымы Алаш дәуірін 1919-1920-шы жылдармен күрмеп жүр, бері қойғанда 1937-нің репрессиясына дейін алып келеді. Ал шындығында, Алаш идеясының инерциясы 1950-жылдарға шейін үзілмеген. Себебі, алашшылдар қуғын-сүргін зобалаңында түгелге жуық жоқ болғанымен, олардың алдын көргендер, тәлім-тәрбие алғандар әлі тірі болатын. 1941 жылы Жалпақталда құрылған Қазақ жастарының күрес одағы мүшелерін кейін жауаптаған кезде әлгіндей социалистік-ұлтшыл астыртын ұйымды құруға Алаш идеясы дем бергені анықталған ғой. Сол сияқты 1944 жылы Атырау жеріне түсетін неміс әуе десантының «Алаш» деп аталуы тегін емес-ті. Отряд басшысы обер-лейтенант Әлихан Ағаев Атыраудың Қызылқоға жерінен еді, ол сондағы Халел Досмұхамедов, Тілеген Медетов, Ғұбайдолла Бердиев, Қазмұқаш Ибрашев секілді көрнекті алашордашыларды көрген, әрі солармен тілеулес, пікілес халық мұғалімдерінен оқыған тұлға-тын. Әмірхан Тілеумағамбетов өзіне «Әлихан» атын бүркеншік етіп алуы, «Алаш» армиясын құруды армандауы, баталионның әскери туын Алаш-Орда полкінің туына ұқсатып жасатуы ой саларлық. Айта кетерлік нәрсе, Әмірхан 1931 жылы Ташкенттегі Мақта-ирригация институтын бітіріп келгеннен кейін шамалы уақыт Тайпақ аудандық жер бөлімінде аға агроном болып жұмыс істеген және сол шамада осы өңірде тұрып жатқан бұрынғы алашордашылармен дәмдес-тұздас болып, әңгімелерін естуі зайыр ақиқат. Оның «Алаш» отрядының құрамында Варшава радистер мектебін бітірген ілбішіндік Ахмет Мұхамедиев деген жігіт болған. Әлихан Ағаевтың қарулас досы, белгілі жазушы, соғысқа дейін Мәскеу университетін, соғыс кезінде Майндағы Франкфурт университетін неміс философиясы және ағылшын тілі мамандығы бойынша бітірген, бірнеше тіл білген Мәулекеш Қайболдин де Чапаев ауданына қарасты Еңбек ауылының тумасы еді. Олай болса «Алаш» идеясы батыс өңірде 1905-1945 жылдар аралығында табандатқан қырық жыл бойы әртүрлі тарихи ситуацияларда бір өшіп, бір жанып ұзақ маздап тұрған деуге ауыз барады.
Батыс Алаш-Орданың тарихы, соның ішінде Ілбішін-Тайпақ алашордашыларының өмір деректері, жергілікті Алаш мекемелерінің жайы хақында төрт аяғы түгел іргелі зерттеу жоқ. Оның бірнеше объективті себептері болуы керек. Біріншіден, архивтік құжаттардың басым көпшілігі Ресей қалаларында жатыр. Ал Ресейде мұрағат қорын өңдеуге, цифрлеуге, мәлімет базасын жасауға федералдық бюджеттен бөлінетін қаржы мардымсыз, өз тарихын түгендеуге әзер жетеді, мұндай жағдайда қазақ сияқты бөгде халықтарға қатысты мәліметтерге қолдары жетпейтіні өзінен-өзі түсінікті. Ал жұмыс көп: бір ғана Мәскеу архивтерінде Алаш-Ордаға қатысты деректер 11 қорға жинақталған. Қағаз 150 жылға дейін шыдайды, бірақ оның бетіне сия-мен, химиялық қарындашпен түскен таңбалардың, телеграф ленталарының ғұмыры ұзақ емес, сондықтан енді бір он жылда әлгі материалдар өңделіп, оцифровка жасалмаса, кеш болып қалуы мүмкін. Бұдан шығатын жалғыз жол: Қазақстан тарапынан Ресей архив-теріне арнайы тапсырыспен, ақысын төлеп, қолжетімді деректерді компьютерлік базаға түсіру. Қазақтың тарихы қазақтың өзінен басқа кімге керек?!
Дегенмен, солай екен деп қол қусырып қарап отыруға және болмайды. Жергілікті жерлер өз күшімен атқара алатын шаруалар да бар. Соның бірі — Ілбішін, Тайпақ жерінен шыққан Алаш қайраткерлерінің көзі тірі ұрпақтарын іздеп тауып, естеліктерін алу. Мысалы, Бақтығали Бейсеновтың қызы, қазір Астана қаласында тұратын Роза апа біраз әңгіменің басын қайыра алады. Іздестіру шаралары 1938 жылы Өзбекстанда тұтқындалып, бір жылдан соң қамаудан босатылған, содан кейін із-түзсіз кеткен Иса Қашқынбаев бойынша да жүргізілуі керек дер едім. Бұл тұлғаларымыздың абыройлы аттарын қалпына келтіру ісі олардың есімдерін есте қалдыру шараларын да қамтуы тиіс. «Көкемнің аты – көшеге, атамның аты – ауылға» беріліп жатқан қазіргідей кезеңде 1931 жылы Алматы медицина институтын алғаш өз қолымен құрған, тұңғыш директоры болған, академик-эпидемиолог Ишанбай Қарақұлов, профессор-хирург Естөре Өмірзақов, академик-эвирусолог Жұматовтардай білікті шәкірттер тәрбиелеген Есенғали Қасаболатовтың, Ташкентте Өлкелік мұсылман фельдшерлік мектебін құрысқан, осындағы Семашко атындағы функциональдық диагностика институтының басшыларының бірі болған Иса Қашқынбаевтың, бүгінгі Ғылым Академиямыздың бастауы болып саналатын Акцентрдің – Қазақстан Білім ордасының тұңғыш төрағасы, қазіргі «Қазақстан мектебі» журналының ілкі нұсқасы – «Жаңа мектеп» журналының алғашқы редакторы Молдағали Жолдыбаев есімдерінің өздері еңбек сіңірген мекемелерде де, туған жерлерінде де атаусыз қалмаса екен. Есенғали Қасаболатовтың әлеуметтік және медициналық тақырыптарға жазған ондаған мақалалары, Молдағали Жолдыбаевтың педагог-әдістемеші, қаламгер-журналист ретінде қаламынан қорытылып шыққан талай мақала-кітаптары жиналмастан, зерттелместен, әр жерде шашылып жатыр. Бұл тұлғалардың шығармашылықтарын туған өлкесі талапты жастарға арнайы степендия, грант тағайындау арқылы зерттеуі қажет деп есептеймін. Алаш кезеңіне белсене қатысқандардың кейбіреуі ел ішінде 1960-шы, тіпті 1970-ші жылдарға шейін келгенін де есте ұстау жөн. Мысалы, жоғарыда айтқан Тәжмұхамбет Жалпақов 1956 жылы зейнет демалысына шыққаннан кейін де өзі бухгалтер болып жасаған Қаратөбе ауданындағы «Аққозы» кеңшарында бірқатар уақыт тұрған. Сол сияқты Қазмұхамед Тәтібаев ұзақ жылғы айдаудан қайтып келгеннен кейін өзі туып-өскен Өріктікөлді мекен еткен. Солардың көзін көріп, әңгімелерін ести қалған адамдар немесе сол адамдардан еміс-еміс болса да дерек алып, жадына тұтқан қағылездер ел ішінде қалмауы мүмкін емес. Мәселе соларды іздеп, таба білуде. Олар айтқан қандай да бір дерек болсын түгел жиналып, хатталуы керек. Уақытында сөйлетіп, жазып үлгермесең, әлгі әңгімені өзімен бірге ала кетеді.
Түптен келгенде, Елбасының стратегиялық мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасының түпқазық мәні де осыған кеп саяды, яғни туған жерді айтпай тұрып туған еліңді айта алмайсың, ал туған жердің тарихын сол жерде тұрып жатқан адамдар жасайды.

Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ.

филология ғылымдарының кандидаты, алаштанушы.