6.09.2017, 12:09
Қараулар: 776
Өле-өлгенше туған жерін жырлаған

Өле-өлгенше туған жерін жырлаған

фото папы 119Балалық шағымның біраз бөлігі Сайқұдық ауылында өтті. Сол кездерде ойын баласы болсақ та, туған елдің қасиет-кепиетін сезініп өстік десек, артық айтқандық емес. Себебі, бұл өлкеде өле-өлгенше туған жерінің ой-қырын жырлап кеткен Сағынғали мен Жұбан сынды шайырлар туған. Олардың отты жырларын оқып өскен бізге өз ауылымыз одан бетер ыстық болып көрінетін. Ауылдағы қариялар ұлт бағына біткен қос ақынды жиі-жиі айтып отыратын.

Сағынғали ағамыз елге келген сайын өзінің кіндік қаны тамған Қандығына арнайы соғып, топырағына аунап кететіндігі жайында талай әңгіме естідік. Біздің отбасында бес ағайынды өстік. Әкеміз Құбаш Ибрашев Сайқұдық бөлімшесін 20 жылдай басқарды. Халқына қалаулы, еліне елеулі көптеген тұлғамен сапарлас, дәмдес болып, көрген-түйгендерін дастарқан басына жиналғанда да бізге әңгімелеп отыратын-ды. Соның ішінде Сағынғали мен Жұбан ақынды ерек-ше құрмет тұтып, үлгі ететін. Атамекенде менің есімде ешқашан ұмытылмастай болып қалған жарқын сәттер осылар.

фото папы 046Кейін, ауылдағы мектептен 4 сыныпты бітіріп, Оралдағы №11 мектепке бардым. Осында білім ала жүріп, оқуымды сәтті аяқтағасын, Алматыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға түстім. Сөйтіп, өмір ағысы мені Алатау бау-райына әкете берді. Алғашқыда елді қатты сағынатын едік. Оқудың І семестрі аяқталып, туған ауылыма келгенім сол еді, Сағынғали Сейітовтың ауылдағы жақын інісі Мұқан Жанғалиев жолығып кетуімді өтініпті. Ондағысы, Алматыдағы Сағынғалиға мен арқылы ауылдың сәлемдемесін беріп жіберу екен. Бұған бір жағынан, даңқына қанық ауылдас ақынды көремін деп қуансам, бір жағынан, ондай тұлғамен көзбе-көз жүздесуге қымсынғаным бар.
Не керек, әйтеуір 1970 жылдың қақаған қаңтарында пойыздан Алматы вокзалына түсе сала, жазып берген мекенжайды іздеп тауып, қаламгердің үйіне бардым. Таңертеңгі уақыт еді, есіктің қоңырауын баса бергенім сол еді, ағамыз алдымнан шықты. Амандасып, хал сұрасқасын, келген шаруамды айтып, өзімді таныстырдым. Жайсаң да жарқын мінезімен жылы сөйлеп, дастарқанға шақырды. Ғайни жеңгеміз дайындаған таңғы шайды үшеуіміз әңгімелесіп отырып іштік. Сағынғали ағам елдің жайын, тума-туыс, ауылдастардың барлығын сұрап жатыр. Мен қысқа ғана қайырып, жауап берумен шектелдім. Бұл кездесуді не өңім, не түсім екенін айыра алмай, біраз абдырап қалғаным рас. Себебі, ой асылын саралауға тырысқан, салмағы ешкімнен кем түспесе де, атақ пен мақтанға құмартпаған жайсаң азаматтың мысы басқан-ды.

фото папы 053Көп нәрсенің байыбына бармай, аса мән бермей жүрген студенттік шағымда халықтың осындай ұлымен кездесуден кейін өмірім басқа арнаға бұрылғандай. Содан бастап, ақын-жазушылармен кездесуге асығып жүрдім. Тілеуіме орай, сол жылдың қазанында Алматыда Жұбан Молдағалиевтың 50 жылдық мерейтойы аталып өтілді. Дүркіреген тойға біздің ауыл жақтан жиырмаға жуық делегат келетін болды. Оның ішінде әкем де бар еді.
Жерлестерім Алматыға жеткесін алып-ұшып, Жұбағаңның үйіне мен де бардым. Үлкендердің бәрімен тегістей амандаспақ болғанымда Сағынғали ағамды да көріп, қуанып қалдым. Жақсы бір отырыстан кейін маған нағашылығы бар Жұбағам Сағынғалиға қарап:
– Анау отырған біздің ауылдың баласын танисың ба?-деп қалды мені меңзеп.
– Әрине, танимын, өзіміздің Құбаштың баласы ғой,-деп ауылдан сәлемдеме жеткізгенімді еске салды. Екі алыптың жас жігітті тілге тиек еткеніне мәз болдым.
Майдангер-журналист, сыншы, аудармашы, ақын С.Сейітовті көрген сайын, бойымды бір бөлек сезім билеп, жақсы адамның қасынан табыла бергің келеді. Өкінішке қарай, осындай кездесудің тағы бір сәті қазақ халқы ауыр қайғыға ұшырап тұрған кезде келді. Себебі, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, «Мен қазақпын» деп жаһанға жар салған Жұбан Молдағалиев дүние салған уақыт еді. Ол кезде еңбекке араласқан кезім. Қарбалас қызметпен жүріп, Жұбағаңды жерлеуге қатыса алмағаныма әлі күнге дейін өкінемін. Бірақ кейін, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Тобанияз Табылдиев, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі Мақпал Аманжолова және мен қаделерімізді алып, Ж.Молдағалиевтың қырық күндігіне барып келдік.
Оның үйіне барғанымызда, қазақ әдебиетінің абыздары Әбділда Тәжібаев, Әбу Сәрсенбаев, Зейнолла Қабдолов, Әбдіжәміл Нұрпейісовтер төрге жайғасыпты. Бәрінің жүздері солыңқы. Осынша уақыт өтсе де Жұбағаңдай адал дос, халқының батыр ұлын қимай отырғандай. Мен оларға Өлеңті мен Сайқұдық ұжымшарының қосылып, оған Жұбанның атын беріп жатқанымыз жайында жақсы жаңалықты жеткіздім. Жиналғандардың бәрі қуанысып қалды. Осы жерден табылған Сағынғали да дастарқаннан дәм татқан соң, мені жетектеп Жұбанның кабинетіне бастай берді. Тағы да, әдеттегідей елдің жайына, ауылдастарына алаңдаған ақын сұрақтың астына алып жатыр. Жұбан ағаны да әңгімелеп,қимастық сезімін білдірді. Екі сағатқа жуық уақыт әңгімелестік.
Елге келген соң Алатау-дан арқалап келген ауыр мұңнан көп уақытқа дейін арыла алмай жүрдім, тіпті аудандағыларға сол кезде бастан кешкен сезімімді қайталап айта беріппін.
С.Сейітов бұдан кейін де туған өлкесіне жиі келуші еді. Бірде Тайпақ, бірде Қаратөбеге жол тартса да, Сайқұдығына соқпай кетпейтін. Қанша жасқа келсе де, туған ел дегенде қарттыққа да қарамауы оның перзенттік сезімінің өле-өлгенше өшпеуі деп түйдім.
Биыл аяулы ақынымыздың 100 жылдық мерейтойы. Осыған орай туған жерінен бастап, ауданда, облыс орталығында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. 70 жыл талмай қазақ әдебиетіне қажырлы еңбек сіңірген жауынгер ақынның ұлықталуы ұрпақ тәрбиесіне қосылатын сүбелі үлес.

Уәли ҚҰБАШЕВ,

еңбек ардагері.

Чапаев ауылы.

Суреттерде: ақын балалық шағында; С.Сейітов Ұлы Отан соғысанан кейін; зайыбы Ғайнимен бірге (суреттер аудандық тарихи-өлкетану музейінің қорынан алдынды).