8.09.2017, 10:23
Қараулар: 159
Заңның үстемдігіне бекем беталыс

Заңның үстемдігіне бекем беталыс

Безимени-3Тамара ҒҰМАРОВА,

Ақжайық ауданы №2 сотының төрағасы.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында заң үстемдігіне айрықша жол ашты. Онда елдегі құқық тәртібімен заңдылық барысына Ұлт жоспарының екінші реформасы ретінде аса маңыз берілді.
Конституциямызда жазылған-дай, Қазақстан мемлекетінің жоғары құндылықтары адам және оның құқықтары мен бостандығы болып табылады. Ал мемлекетіміздің басты байлығы адам болса, оның заңды құқын қорғаудан артық міндет жоқ.
Өзінің алғашқы қадамын тәуелсіздігімен қатар, Конституциясын қабылдаудан бастаған мемлекетімізде Ата Заңымыздың туған күнін жуырда 22-ші рет атап өттік. Бұл мемлекетті құраушы ұлтымыздың ғасырлардан жинақталған өзіне тән ұстанымының, заңдарының, жүрген жолдарының өзегінен арна тартатын, келешегіне бағдар жасайтын басты бір мерекесі болып табылады. Ұлы даланы мекендеген Алты алаштың да өз дала заңдары, өзіндік конституциясы болғаны анық. Орта ғасырдағы түркі бабаларымыздың бітік жазуына бармағанның өзінде, қазақ даласындағы бізге мейлінше мәліметті болып жеткен «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» секілді заң жүйелері Қазақ елі Конституциясының ертеректе қаланған іргетасы іспеттес. Қазақ хандары жолға қойған осы жарғыларды дала конституциясы санасақ, оның баптарының сөз бастаған шешендер арқылы қалай өрбігеніне, абыз ақсақалдардың қалай таратып, жөнге салғанына тарихтан көп мысал тартуға болады. Ал кейінгі ХХ ғасыр басында ұлттық тәуелсіздікті ту етіп ұстаған Алаш қайраткерлері дер-бес Конституция әзірлегені де тарихтан белгілі.
Конституция Қазақстанда демократиялық, құқықтық, әлеуметтік және зайырлы мемлекетті орнықтырумен қатар мемлекеттің басты мақсаттарын, яғни мемлекетіміздің ең жоғарғы құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын белгілейді. Мемлекеттік биліктің үш буыны – заң шығарушы, атқарушы және сот билігін заңдастырды.
Республиканың көпұлтты халқының достастығын нығайту мен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуде Конституцияның рөлі әлбетте, зор. Міне, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары да содан арна тартады. Әлемнің түкпір-түкпірінде қарулы қақтығыстар, терроризм мен діни экстремизмнің қанды салдары өршіп тұрған мезгілде, тәуелсіз Қазақстанда ұлтаралық келісім және саяси тұрақтылық сақталып отыр. Мұның бәрі Конституцияда бекітілген республика қызметінің түбегейлі принциптерін қоғамдық және саяси өмірде нық ұстанудың нәтижесі.
Жалпы халық, жеке тұлға немесе азаматтар өздерінің заңмен көзделген құқықтарын тек сот арқылы қорғайды және сот төрелігімен ғана әділдікке қол жеткізе алады. Елімізде жүргізіліп отырған құқықтық реформалар құқықтық мемлекет құруға, азаматтарды сот арқылы қорғауға, ұлттық заңдарымызды ха-лықаралық стандарттарға сәйкес-тендіруге бағытталған.
Бұдан әрине, сандаған мысал айтуға болады. Айталық, жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексі қабылданды. «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Қылмыстық іс жүргізу кодексіне және әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске тиісті өзгерістер енгізілді. Мұндай заңнамалар неліктен қажет болды? Ең алдымен, халықтың сотқа деген сенімін қалыптастыру және нығайту қажет еді. Сол арқылы адамдар әділдік тек сотта ғана салтанат құратынына көз жеткізді. Ұлт жоспарында айтылғанындай, заңның үстемдік құруы халықтың тұрмысын жақсартып, экономикамызды нығайтуға өз әсерін тигізетіні айдай анық.
Кәсіби біліктілігі жоғары судьялар корпусын қалыптастыру сот жүйесінің тиімділігін арттыратын алғышарт болды. Бұл мәселе қашанда бірінші кезектегі маңызға ие. Біліктілік емтиханын тапсыру рәсімдері күшейтілді, соның ішінде психологиялық тестілеудің рөлі артты, полиграфта зерттеу жүйесі енгізілді. Соған сәйкес Сот жюриі де өз қызметін жаңа тәртіпте жүргізуге көшті. Ал судьялық кадр-ларды даярлау мен олардың кәсіби деңгейін арттыру міндеті Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясына жүктелді.
Қазір заң үстемдігі жолындағы оң беталыстар аз емес. Міне, соның бірі – үш сатылы сот жүйесі. Үш сатылы жүйе сот сатыларын оңтайландырып, сот әділдігіне қол жеткізуді айтарлықтай жеңілдетті және түпкілікті сот шешімдерін қабылдау уақытын қысқартты. Соның нәтижесінде апелляциялық сатының рөлі барынша күшейді.
Еліміздің елдігін, халқымыздың бірлігін, ұлттар мен ұлыстардың татулығын, бейбіт өмірдің баяндылығын айқындайтын, іс жүзінде олардың жүзеге асуына жол ашатын сындарлы заңдарымыздың ізгілікті саясаты екендігі даусыз. Осы міндеттерді іске асыру үшін мемлекеттік тұрғыдан барлық қолайлы жағдай жасалып келе жатқаны да әмбеге аян. Экономикамыздың жандануы, кәсіпкерліктің қанат жаюы, осының нәтижесінде халықтың әл-ауқатының артуы, алдымен, тәртіпке, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген бірлігімізге тікелей байланысты.
Тәуелсіздік жылдарында қабылданып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылған құқықтық реформалар қоғамдық қатынастар дамуының орнықтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік-құқықтық дамуы өмір сүріп отырған кезеңнің әлеуметтік-саяси жағдайымен тығыз байланысты. Сондықтан Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 1998, 2007 және 2011 жылдары күрделі де маңызды конституциялық өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бұл да Елбасы айтқан рухани жаңғырудың бір ұшқыны. Заман бір орында тұрмайды. Қазақстан мемлекетінің жарқын болашағы үшін 2017 жылғы 25 қаңтарда «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»
Заң жобасы бүкілхалықтық талқылауға ұсынылды. Яғни, алдымызда билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу міндеті тұрды. Бұл – Үкімет пен Парламенттің құзіретін арттыру, Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беру, билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету, Үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлін күшейту. Қазір мұның жемісі де көрінуде.
Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деп, осыны меңзейді. Яғни, конституциялық өзгертулер сәттілікпен әзірленудің нәтижесінде саяси және экономикалық институттардың қызметтерін одан әрі үйлестіріп, қоғамдағы тұрақтылықты нығайтып, ел іргетасын бекемдеуге, төл құқықтық базамызды нығайтуға, мемлекеттік құрылыс тәжірибесін еселей түсуге жол ашылды. Адами құндылықтарға, рухани түлеуге қалтқысыз мән беріліп, елімізде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары аса бағалы құндылық деп белгіленді.
Жаңа нұсқада көрсетілген өзгерістерді Конституциямызда айқын көрсету арқылы мемлекет тәуелсіздігінің біртұтастығын нақты мәлімдеуіміздің өзі қазіргі таңда конституциялық құндылықтардың негізінде дұрыс жолда екендігімізді, яғни, қазақ қоғамы бұл конституциялық өзгерістерді үшінші жаңғыру кезеңінің тұғыры ретінде қабылдауын айқындайды. Қазақ елінің үшінші жаңғыруы, бәсекеге қаблеттілігін арттыру мақсатындағы конституциялық реформа – мемлекетімізді одан әрі демократияландыру жолындағы маңызды тарихи кезең. Бұл реформалар саяси-әлеуметтік дамуға, экономикалық жаңару мен жаңғыруға үлкен серпін берді.