27.12.2017, 16:28
Қараулар: 49
Жастарға дәуір талабы орасан

Жастарға дәуір талабы орасан

854DSC_0477DSC_0310Апта сейсенбісінде Чапаевта «Жастар қуаты –дәуірдің қуаты» атты облыс жастарының форумы өтті. Оның пленарлық мәжілісіне ауданға жұмыс сапарымен келген Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов қатысты.
Форум шараларында БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Мержан Әбілқас, аудандардан жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшылары, жастар қоғамдық бірлестіктерінің төрағалары, Ақжайық ауданынан бөлім, мекемелер, жастар жетекшілері, ауылдық округ әкімдері, еңбек ардагерлері болды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың 2017-2018 жылдарға арналған жол картасын орындау мақсатындағы төрт кіші бағдарлама «Атамекен», «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны» бойынша форумның секциялық отырыстары ұйымдастырылды. Аталған осы бағдарламалар бойынша облыс атыраптарында бүгінге дейін қолға алынған жұмыстар, алдағы міндеттер сөз болды.
Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ғылыми мақаласында білім, зияткерлік қабілет және сапалы еңбек арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыру керегіне ерекше тоқталды. Әрбір адам өз тарихын терең біліп қана қоймай, заман талабына сай қасиеттерге де ие болуы керек. Бәсекеге қабілетті озық 30 елдің қатарына ену мақсатында жүйелі жұмыс жүргізу үшін берекелі бірлігіміз бен тұтастығымыз ерекше құнды. Секциялық отырыстарда осы туралы түйіндеп баяндалды. «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының менеджері Жандос Сұңғатов, Орал студенттері Альянсының көшбасшысы Еркебұлан Орынбасаров, Ақжайық аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық маманы Абзал Мутигуллинов және басқалар ой-толғамдарын ортаға салды.
DSC_0264Мәңгілік Ел болу ғасырлар иінінде «елім-айлап» өткен ата-бабаларымыздың арманы мен зар тілегі болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәңгілік Ел құру жөніндегі осы ойы мен арман-мүддесінің тарихи маңыздылығын жастар толық сезінуге тиіс. Осындай пікірлермен қатар қоғамның рухани тіршілігі, халықтың ақыл-ойы, көзқарасы, идея мен теориялық байыбының байлығы, сезімі сол қоғамдық сананы құрайтыны баяндалды. Жеке адам мәдениеті халықтың, қоғамның мәдениетін құрайды. Оны жаңғыртуда халықтың сана-сезімі ерекше рөл атқарады. Бұл мәселені түсінудің жолы жан-жақты: отаншыл болу, туған елің мен жеріңді сүю, қоғамды құрметтеу және сыйлау, солар арқылы адам бойында туатын патриоттық сезімдер, т.б.  Осылай рухани жаңғыру ұлттық дәстүрлердің озығын жарастықты түрде жалғастыруды көздейді.  Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы болып шығады.
Форумның пленарлық мәжілісінде Ғ.А.Оспанқұлов сөз сөйледі. Қазақстан көптеген мемлекетпен салыстырғанда, жастар саясаты туралы заңды бірінші кабылдады. Сол заң 2015 жылы жаңартылды. Сөйтіп, осы саясатқа басымдық барған сайын қанаттануда. Ғабидолла Абдоллаұлы осы жайында айта келіп, балауса буын үшін бұрын-соңды болмаған қамқорлықты баяндады. Назарбаев зияткерлік мектептері ашылғалы бері озық технологияларда әлемдегі ең дамыған Кембридж жүйесін қолдану арқылы білім беруде. Ендігі кезекте сол тәжірибе басқа мектептерге таратылуда.
-Алар биік асуларымыз әлі алда, — деді Ғ.Оспанқұлов. Ол ай-мағымызда межеленіп отырған үлкен-үлкен істерді атап, бұған жастық күштің жұмсалатынына зор сенім білдірді. Білек біріктірсе ғана, қыз-жігіттеріміз нәтижелі жұмыстарды тындырады. Сонда ғана өміріміз гүлдене түседі. Осы хақында айта келіп, облыс әкімінің орынбасары форумға қатысушыларды Жаңа жылмен құттықтады.
Сөз алған жастар адамгершілік қасиеттерге сүйенетін рухы биік Мәңгілік елді құруға өздерінің қосар үлесі, рухани жаңғырудың 6 қағидасы — бәсекеге қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, еліміздің эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы – жастарды алға жетелейтін мақсат-меже екеніне басым тоқталды.
Форумға қатысушылар өңіріміздің барлық қыз-жігіттеріне, еңбек ұжымдарына Үндеу жолдады. Үндеуде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатына сай, облыс жастары бәсекелестік дәуірінің талаптарына, рухани жаңғыруға сай болу үшін әрдайым атсалысатындарын, ұлттық құндылықтарымыз бен тарихымызды ұлықтайтын бүкіл іске үлес қосуға жұмылатынын баяндады.
Шара аясында Чапаевта «Өркен» коворкинг орталығы ашылды. Бұл жер тегін Wі -Fi интернетпен жабдықталған. Осындай орталықтың дүниеге келгеніне аудан жастары қуаныштарын жеткізді.
Аталған облыстық форум шымылдығын жапқан соң Ақжайық ауданы жастарының осымен 12-ші рет ұйымдастырылған «Жастық жігер» фестивалі өтті.
Кез келген мемлекеттің келешегі сол ел жастарының еңбегіне тәуелді. Зияткерлік өрісі кең, отаншылдық сезімге бай, қоғам үшін жауапкершілікті сезіне алатын қыз-жігіттері бар ел ешқашан көштен қалмайды. Аудан әкімі Әділ Жоламанов бұл шараға қатысушыларды Жаңа жылмен құттықтай келіп, осы жайында айтты. Ол бұл бас қосуға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Ғ.А.Оспанқұловқа, барлық мейманға алғысын арнады.
Бұдан әрі Ә.Т.Жоламанов аудан қыз-жігіттерінің, оқушылардың жетістіктеріне тоқталып, ең белсенділерді, яғни осы жыл белесінде аудан, облыс, республика деңгейінде топжарып, қарым-қабілетімен өңіріміздің өркендеуіне қарымды үлестерін қосқан жастарды марапаттады. Олардың арасында айталық, «Үздік студент» аталымымен – Нұрдәулет Айсағалиев Жәңгір хан атындағы БҚАТУ студенті, «Үздік ерікті жас» — Мейірбек Тәжқұранов, М.Өтемісов атындағы БҚ Мемлекеттік университетінің «Жастар қоғамдық бірлестігінің» дизайнері, Асан Тайманов атындағы атаулы шәкіртақының екі жыл қатарынан иегері, «Үздік жас өнерпаз» — Аружан Әділхан, халықтық дәстүрлі ән орындаушы және аспапта орындаушы, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы, жүлдегері, «Үздік жас дәрігер» — Гүлфайруз Хамзина, аудандық орталық аурухананың терапевт дәрігері, облыстық денсаулық сақтау басқармасынан алғыстардың иегері, «Үздік жас ақын» — Мейірман Шәкенов, облыс ақыны, айтыстар жүлдегері,«Үздік жас ұстаз» — Әсима Қадырбаева, Республикалық қашықтық олимпиадасының І орын иегері, «Жаңашыл мұғалім – 2017» республикалық байқауының финалисі, «Үздік қосымша білім беру педагогі» — Асылан Бейбіт, Тайпақ ауылындағы балалар музыка мектебінің оқытушысы, республикалық, халықаралық байқаулардан жүлдегер шәкірттердің ұзтазы, «Үздік жас басшы» Руслан Темірболатов, «БатысМаркаЛамб» ЖШС директоры. «Үздік жас спортшы» — Наурызбек Ақбала, бокстан облыстық республикалық, халықаралық турнирлердің жүлдегері, «Үздік жас мемлекеттік қызметкер» — Жалел Жолдығалиев, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы, қоғамдық істердің ұйтқысы, спортшы, «Жыл мақтанышы» — Кенжеқыз Қаупенова, Оралдағы балалар және жасөспірімдердің спорт мектебінің жаттықтырушысы, армрестлингтен әлем чемпионы.
Алматыда 3 жыл бойы төсекке таңылған шымкенттік бойжеткенге тегін бүйрек доноры болып, ауыр дерттен құтқарып, адамдықтың үлгісін көрсеткен жерлесіміз Абзал Әділовтің ерекше қайырымдылығы туралы бейнефильм көрсетілді. Ол барша жұртты келе жатқан мейраммен құттықтады. «Заман» Батыс Қазақстан облысының өндірушілер ассоциациясының  төрайымы Айгүл Туркина оған сыйлық тапсырды.
БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Ранида Ашенова ауданның, облыстың мақтанышы болып табылатын ақжайықтық «Шаттық гүл» би тобының жетекшісі Динара Қалжановаға, Тайпақ ауылының түлегі, Назарбаев Университетінің экономика және математика факультетінің ІІІ курс студенті Мөлдір Макимоваға, өз қаржысына Чапаевта «Мадияр» оқу орталығын ашқан Таңшолпан Сарқұловаға, ұлттық ат спортын насихаттаушы Артур Көшкенбаевқа Алғыс хаттар табыстады.
Үлкен концерт берілді.
Ақжайық ауданында жұмыс сапарымен болған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов аталған форум мен фестиваль алдында аудан әкімі Әділ Жоламановпен бірге Бударин ауылында Мәдениет үйінде әжелер ансамблімен жүздесті, бұл өнер ұжымының ауыл-елдің рухани дәулетіне қосып отырған үлесі, келер күндегі жоспарлары жайында жан-жақты білді. Кітапханада, мектепте де «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тақырыбында жан-жақты сөз болды. Ғабидолла Абдоллаұлы Бударин орта мектебінде ағылшын тілі сабағы үстіндегі мұғалімдермен, шәкірттермен осы тілде әңгімелесті. Ол заманауи электронды құралдардың жай-күйіне назар аударып, бұларды игеруге қатысты білімділікті, ізденісті сұрастырды.
Аудан орталығы – Чапаевта ол агротехколледждің материалдық-техникалық базасының жағдайын егжей-тегжейлі біліп, цехтарды, зертханаларды, кітапхананы аралады. Облыс әкімінің орынбасары аудандық емханада, осында жуырда ашылған фитнес залда, тарихи-өлкетану мұражайында, «Бөбек» мектепке дейінгі ұйымында, аудандық орталық кітапханада болып, еңбек ұжымдарының жыл ішіндегі жетістіктеріне, алдағы меже-мақсаттарына қанықты.

Нұрхат МАҒЗОМ.

“Жайық таңы”.

Суреттерді түсірген  Нұрбек ИХСАН,  Таңатар ТАЛҒАТҰЛЫ.