19.01.2018, 14:51
Қараулар: 49
Алақай, бенефис!

Алақай, бенефис!

Аудандық орталық модельді балалар кітапханасы 2017 жылдың қорытындысымен оқырман бенефисін ұйымдастырды. Ұл-қыздарды рухани ойлау биіктігіне, мәдениетке, кітапты сүйе білуге баулу мақсатындағы бұл айтулы шараға жиналған үлкен-кіші аз болған жоқ.
Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Роза Мусағалиева, кітапхана қызметкерлері, үлкен-кіші оқырмандар көркем шығармалардың, әдебиеттің құдіреті, адамның өзін-өзі тәрбиелеуінің, сөйтіп жетістікке жетуінің қайнары екенін әңгімеледі. Балалар кітапханасы оқырмандарының атына жылы лебіздер арналды.
Жыл қорытындысы салтанатты жағдайда жарияланды. «Үздік оқырман-2017» аталымын шежіресі бай М.Әуезов атындағы орта мектептің 5 сынып оқушысы Анель Қазиолла иеленді. Ол 2012 жылдан бастап кітапхананың оқырманы, 2016 жылғы «Тәуелсіздік туы, желбіре!» атты бастауыш сыныптар арасында өткен мәнерлеп оқудан байқаудың жеңімпазы. Жыл ішінде оқыған кітабы 164-ке жетті.
«Ең кішкентай оқырман» аталымымен Аяна Теңелбайқызы марапатталды. Аталған мектептің 3 сынып оқушысы ол өткен жылы ғана кітапханаға тіркелгеніменен, көптеген әдебиетті оқып, сол бойынша күнделік жүргізіп үлгерген.
Абай атындағы мектеп-гимназияның 5 сынып оқушысы Айару Әділ «Кітапхананың белсенді көмекшісі» аталымына ие болды. Айару 2014 жылдан бері кітапхананың тұрақты оқырманы, майдангер ақын Сағынғали Сейітовтің 100 жылдығына арналған «Сұлу сөздің сардары» атты аймақтық байқаудың “Ақ-жауын жыры төгілсе…” тарауы бойынша ІІІ орын иегері. Облыс, республика көлемінде жүлделі орындарға ие болып жүрген «Дарын» би ансамблінің мүшесі, аудандық, мектепішілік пән олимпиадаларының жеңімпазы.
Балауса оқырмандарымыз өздері оқыған кітаптардан әсерлерін, кейіпкерлердің тағдыры жайында толғаныс, тебіреністерін, алдағы уақытта қайталап оқығысы келетін шығармалар, жинақтар туралы ойларын, дос-құрбыларын кітап оқуға ілестіруге байланысты пікірлерін ортаға салды.

Аида КЕНЖЕҒАЛИҚЫЗЫ,

аудандық орталық модельді балалар кітапханасының жетекшісі.