7.12.2020, 9:56
Қараулар: 150
Көгілдір отын әр ауылда

Көгілдір отын әр ауылда

Тұңғыш Президент күні қарсаңында ауданымыздың үш бірдей елді мекенінде ақ түйенің қарны жарылып, тұрғындардың көп жылғы тілегі қабыл болды. Атап айтсақ, Жамбыл ауылдық округіндегі Жамбыл, Бітік, Үштөбе ауылдарында көгілдір отынның желісі іске қосылды.

Тек биылдың өзінде ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыратын бұл салаға облысымыз бойынша 1 млрд 300 милион теңге қаражат қарастырылып, 164 шақырымға газ құбыры тартылса, 21 ауылдың 11 і аудан еншісінде. Оның 4-еуі «Нұрлы жол бағдарламасы бойынша іске асқан болса, қалған 7-еуі жоғарыда айтқан «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасымен атқарылған жұмыстар. Құрылысқа 300 милион теңге  бөлініп, мердігер «Айтемір» ЖШС үш ауылдағы 8 әлеуметтік нысанға газ құбырларын жеткізді.

Аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов аталмыш елді мекендерге арнайы барып, ауылдағы ағайынның қуанышын бөлісті. «Бүгін көптен күткен игі іс аяқталып, баршаңыздың көңілдеріңіздегі біраз түйткіл тарқады. Осындай берекелі шаруаның Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында аяқталғанын жақсылыққа балаймын. Биыл ауданымыз бойынша көгілдір отын жеткізілген ауылдарда 31 әлеуметтік нысан газға қосылып, 2500 шаңырақ оның пайдасын көріп отыр. Күні кеше ғана сіздерде спорт алаңының ашылу салтанаты өтті. Бүгін, міне, көгілдір оттынның алауы жағылмақшы. Таяу күндері ауыз су да әрбір әйге кіргізіледі. Қаладағы тұрмыстан несі кем?! Бастысы, ауылдарымызға ажар кірді, жерлестеріміздің тірлігі шырайланды. Округ орталығындағы Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өтуде. Оның да ашылу салтанатына алдағы мейрам күндері куә боласыздар деген ойдамын. Ауылдарыңызда болып жатқан барлық жақсылық құтты болсын, еселене берсін!» — деді ол.

Осыдан соң ауылдастар атынан сөз алған ардагер ұстаз Ғайнижамал Ахметова  барша атқамінер азаматтарға алғысын арнады.

Округ орталығындағы алауды тұтату мәртебесі аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев пен тыл алдагері, ауыл тұрғыны Жанахмет Сәрсентаевқа ұсынылды.

Осындай қуанышты салтанат Үштөбе ауылында да жалғасты. Ауылдағы мәдениет үйінің алдына жиналған тұрғындардың қарасы қалың. Барлығы да ауыл үшін маңызды, тарихи сәтті тамашалауға асық. Аудан әкімінің құттықтау сөзінен соң, бүгінгі жарқын істерге елдің алғысын, ақжарма тілегін «Алтын алқа» иегері Қаным Жолаева жеткізді. Үштөбе ауылындағы газ алауын аудан әкімі Қ.Шадиярұлы мен еңбек ардагері Қасым Құспанов жақты.

Жамбыл ауылында 58 үйдің 13 і көгілдір отынға қосылса, Бітікте 54 үй бар, оның 26-сына газ құбырлары кіргізілген. Үштөбе ауылындағы 70 түтіннің 7 еуі әзірге түтінсіз оттың игілігін көруде. Үш ауылда да әлеуметтік нысандар газға қосылған.

Міне осылай сонау 1995 жылдардан бастау алған газбен қамту жұмысының соңғы нүктесі қойылып, барлық ауыл-елді мекенге көгілдір отын жеткізілді.

Асыл ҚАЙРАТ

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН