7.12.2020, 9:58
Қараулар: 258
Әлеуметтік саладағы жаңа термин – «ЭЛЕКТРОНДЫ ЕҢБЕК ШАРТЫ»

Әлеуметтік саладағы жаңа термин – «ЭЛЕКТРОНДЫ ЕҢБЕК ШАРТЫ»

Халықтың әл-ауқатының жақсы болуы тұрақты жұмысының болуына тікелей байланысты. Осы орайда мемлекет тарапынан жұмыспен қамтуға барлық мүмкіндіктер қарастырылуда. Бұл салада кеңінен таралған сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін электронды еңбек биржасы енгізілсе, жуырда «электронды еңбек шарты» деген тағы бір ұғым пайда болды. Аталмыш саланы цифрландырудың, жекелей электронды шарттың жұмыс берушіге, жұмысшыға берер қандай артықшылықтары бар? Осы жөнінде аудандық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Жанна Нұржановадан сұраған едік.

  • Электронды еңбек шарты дегеніміз не?
  • Алдымен жалпы еңбек шарты деген ұғымға түсінік беріп кетсек. Себебі кейбір жұмысқа қабылданушылар жаңа қызметке тұрған кезде осы құжаттың жұмыс берушімен арасында жасалуына аса мән беріп те жатпайды. Қазақстан Республикасы «Еңбек Кодексінің» 23-бабының (Жұмыс берушінің негізгі құқықтары мен міндеттері) 2 тармағы (жұмыс берушінің міндеті) негізінде жұмыс беруші жұмысшыны жұмысқа қабылдау кезінде осы Кодексте белгіленген тәртіппен жұмыскерлермен еңбек шарттарын жасасуға міндетті. Еңбек шарт – жұмысшының міндеттерімен қатар құқықтарын белгілейтін құжат, әлеуметтік кепілдіктерін анық көрсетеді. Осы 23-баптың 27-тармағы негізінде жұмыс беруші еңбек шартын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕАБЖ) жұмыскерлермен еңбек шартын жасасу және тоқтату туралы, оған енгізілген өзгертулер мен толықтырулар туралы  ақпараттарды енгізуге міндетті. Бұл Еңбек Кодексіне биылғы шілде айында енгізілген өзгеріс. Бұған дейін еңбек шарты қағаз түрінде жасалып келген болса,  енді оны аталмыш жүйеде тіркеу шарт. Жалпы түсінік берер болсақ, электрондық еңбек шарты — бұл жазбаша түрде жасалатын еңбек шартының дәстүрлі нысанына қосымша опция.

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 12 желтоқсандағы №827 қаулысымен бекітілген «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Бірыңғай электрондық еңбек шарттарын есептеу жүйесі» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу бойынша жұмыстар жүргізген болатын. Осы Үкіметтің Қаулысын жүзеге асыру бағытында 2018 жылдан бастап бізде де  жұмыс берушімен жұмысшының арасында жасалатын еңбек шарт электронды түрде жасалуы талап етіле бастады.

  • Еңбек шартын бірыңғай жүйеде рәсімдеу қалай жүргізіледі? Қандай ерекшеліктері бар?
  • Еңбек шарттарын тіркеу Ошибка! Недопустимый объект гиперссылки.сайты арқылы жүзеге асырылады. Ол үшін «Электрондық еңбек биржасы» порталында тіркелу қажет, кәсіпорын туралы мәліметтер  ЭЦҚ-мен расталуы керек. Мұндай рәсімнің қандай артықшылықтары бар деген сауалға келер болсақ, қағаз құжаттарды жинау қажеттілігінің болмауына байланысты жұмысқа орналасу процесі жеңілдетіледі, сонымен қатар шарттың болуын қамтамасыз етіп, қорға аударылған жарналар мен аударымдар көрсетіледі, сондай-ақ жұмыс берушінің қызметкер алдындағы міндеттемелерін қамтамасыз ету арқылы әлеуметтік тәуекелдерден қорғайды. Шарттар қазақ және орыс тілінде жасалуы мүмкін.

Жұмыс беруші жұмыскермен еңбек шартын жасасу және тоқтату, оған енгізілетін өзгерістер немесе толықтырулар туралы ақпаратты ЕШЕБЖ -ге енгізуге міндетті. Ол мынадай ақпараттарды енгізеді: жұмыс берушінің-жеке тұлғаның ЖСН немесе жұмыс берушінің — заңды тұлғаның БСН, жұмыскердің ЖСН; белгілі бір мамандық, кәсіп, біліктілік немесе лауазым бойынша жұмыс; жұмыс орындау орны; еңбек шартының мерзімі; жұмыстың басталу күні; шарттың жасалған күні және реттік нөмірі.

Еңбек шартының электронды нұсқасын енгізудің көрсетілген мерзімі де бар. Айталық,  жаңадан жасалған еңбек шарттары туралы  деректер екі тарап еңбек шартына қол қойған күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей енгізілуі керек болса, қолданылу мерзімі аяқталмаған еңбек шарттары туралы ақпарат қызметкерлер саны 2000 адамға дейінгі кәсіпорындар үшін ереже күшіне енген күннен бастап 1 жыл ішінде жүйеде көрініс табуы керек.  Ал еңбек шартына өзгертулер мен толықтырулар енгізсеңіз, екі тарап қол қойған күннен бастап 15 күнтізбелік күннен қалдырмай, деректерді енгізген жөн. Еңбек шарты тоқтатылған жағдайда, 3 жұмыс күнінің ішінде тиісті ақпаратты жүйеге салу қажет.

Егер жүйеге тіркелу, еңбек шартын электронды форматта рәсімдеу қиындық тудырып жатса, «enbek.kz» порталындағы «Көмек» бөлімінде барлық ақпарат орналастырылған.

  • Егер жұмыс беруші электронды еңбек шартын уақытында рәсімдемесе, қандай шара қарастырылған?
  • Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте ЕШЕБЖ -ге мәліметтің енгізілмеуі немесе уақтылы енгізілмеуі үшін тікелей жауапкершілік қарастырылмаған. Осы талаптардың орындалуын мемлекеттік еңбек инспекторлары мемлекеттік бақылау шеңберінде жүзеге асырады және егер жұмыс берушілер ЕШЕБЖ -ге мәлімет енгізу бойынша өз міндеттерін орындамаса, жою мерзімі көрсетілген нұсқама беріледі. Мемлекеттік заң инспекциясының нұсқамасы орындалмаған жағдайда материалдар әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін сот органдарына жіберіледі.

Ал еңбек шартын жасауға құлықсыздық танытқандарға қарастырылған жазаға келер болсақ, жұмыс беруші қызметкерлермен еңбек шартын жасаспаған жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 86-бабы 1 тармағына сәйкес лауазымды адамдарға – отыз, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – алпыс, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – сексен, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады. Сондай-ақ осы заң бұзушылық  қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері  өсе беретінін қаперге саламын.

  • Келісімшарт жұмысшының құқығын толық қорғап, жалақысының уақтылы және толық көлемде алуын қамтамасыз етумен қатар, оның зейнетақы және міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының толықтырылуына кепілдік беретіні сөзсіз. Жұмыс берушілердің көбі осы құжатты жасап, артық төлем жасап, бас ауыртқысы келмейді. Олармен қандай жұмыс жүргізілуде?

– Әрине, бес саусақ бірдей емес. Қарамағындағы адамдармен заңмен қарастырылған тәртіпте барлық рәсімдерді жасайтындарға қарағанда, сіз айтып отырған жандардың көп екендігі рас. Мысалы, аудан бойынша жеке кәсіпкерлік саласындағы жұмыс берушілер саны 1920. Соның ішінде жеке кәсіпкерлер 725, ондағы қызметкерлер 1049, 1060шаруа қожалығы болса, оларда 1033 адам жұмыс істейді. Ал 135 жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде 173 адам тіркелген. Бұл тек ресми еңбекшарт жасасқандары. Күні бүгінге ауданда 273 жұмыс беруші 6643 қызметкермен электрондық еңбек шарт жасасып«Біріңғай электрондық еңбек шарттарын есептеу жүйесіне»  енгізіліп отыр. Соның ішінде 122 заңды тұлға 6316 қызметкермен, 151 жеке тұлға (ЖШС,ЖК, ШҚ) 327 қызметкермен  электрондық еңбек шартты рәсімдеген. Яғни  1769 жеке кәсіпкерлік субъектілері қарауындағы қызметкерлермен электрондық еңбек шарт жасаспай отыр. Сондықтан, әрбір жұмыс берушіден қолданыстағы еңбек шарттарын электронды нұсқаға толық ауысуын қамтамасыз етуді сұраймын.

  • Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Әлия СЕРІКҚЫЗЫ