7.12.2020, 10:05
Қараулар: 401
Бағдаршамға бағынбай, қайда асықтың?

Бағдаршамға бағынбай, қайда асықтың?

Өмірдің заңы ма, білмедім, күнделікті өмірде адамдардың бәрі асығыс. Асығыс ауқаттанып, асығыс шаруасын жасап, асығыс амандасып, асығыс хал сұрасқан біреу әйтеуір. Бірі үйден жұмысқа, екіншісі керісінше жүйткіп, жанығып бара жатыр. Жолдың бойы ерсілі-қарсылы шабылған жолаушыға толса, жолдың үстінде жұлдызша аққан көлік. Бала кезімізде ғой, ауылға бір көлік келе қалса, соның түтіні мен шаңына булығып, артынан жүгіретініміз ше?! Қазір көптің көзі сан алуан көліктің көптігіне әбден үйренді, бала екеш бала да анадайдан машина көрсе, жеткенше үлгеріп өте шығайын деп ұмтылған сенік қолыңды тартып, күте тұруға мәжбүрлейді. Қанша асығыс болса да, қызыл-сары-жасылдатып, сәлем салатын бағдаршамның тұсында тоқтай қалып, 30 секундқа жүрісін дамылдата тұрады. Ал көліктер ше?

Алаңдаған ата-ана, жөнін білмеген жүргізуші

Газетіміздің кезекті нөмірін баспаға дайындап жатырмыз, қарбалас шақ. Тап осы сәтте ұялы телефоным шыр ете қалмасы бар ма?  М.Әуезов атындағы орта мектептің мұғалімі Заузат Абсалямова екен хабарласып тұрған. Дауысы алаңдаулы. Қазақы әдетімізбен аман-саулық сұрасқан соң, бірден мән-жайды жайып салды. «Жаңа ғана мектептің жанындағы бағдаршамның қасында тұрғам. Жолдың қарсы бетінде тұрған велосипед мінген жасы үлкен апамыз шамның жасылы жанған соң, бергі бетіне өтпек болды. Күн тайғанақ емес, дөңгелегі тайып, жолдың қақ ортасына жалп етіп, құламасы бар ма. Көмектесейін деп мен де ұмтылдым. Қасына жетіп, қолтығынан демеп, тұрғызып жатқаным сол еді, қиылыстан бұрылған көлік жүргізушісі бізді айналып тұрып, зу етіп өте шықты. Әлі бағдаршамның жасылы сөніп те үлгерген жоқ. Рөлде отырған еңгезердей дүр қара жігіт. Көлікті бір сәт тоқтата тұрып, біз өтіп кеткенше күте тұруға болады ғой. Бірақ өз шаруасымен асыққан жан жол ережесін анық бұзып, әрі қарай кете барды. Құлағанды демейтін қарапайым адамгершілік заңдылығын айтпай-ақ қояйын. Өздері «праваға» тапсырғанда, құрандай жаттататын жол ережесінің өзі санасында сақталмаса?!», — дейді дөрекінің қылығына шамданған мұғалім.

Оның айтуынша, ата-аналар да, ұстаздар да тап осы бағдаршамның тұсынан балалар жолдан өткенде біраз алаңдайды екен. Себебі мұндай жағдай бірінші рет емес, бірнеше мәрте қайталанып тұр дейді З.Абсалямова. Ол да, әріптестері де К.Меңдалиев пен О.Исаев атындағы қиылыста жол қозғалысын реттеп тұратын бағдаршамның қызыл түсін елемейтін есерсоқтардың көп екендігін айтады. Сабақтан шыққан баласын жолдан қауіпсіз өтуіне де алаңдаған ата-ана өздері келіп, жетектеп алып кетеді. Бағдаршамның жасылына ғана жүру керектігін санасына түйген бала бұл қағиданы рөлде отырған кейбір жандардың ескермейтінін қайдан білсін. Анадайда келе жатқан көлікті қызыл түске тоқтайтын шығар деп еш алаңсыз өте береді емес пе?! Әйткенмен, ережеге бала құрлы бағынбайтын ересектердің барын жоққа шығаруға болмайды, әттең.

Расында да, бағдаршамның тап іргесінде тұратын мен де көшелердің осы қиылысына келгенде көлік жүргізушілерінің қызыл жанғанда, тоқтамай өте беретінін талай байқағам. Және жасылға енді өте берейін деп оқталсаң, алдыңды кесіп зулап өте шығатынын қайтерсің?! Сондайда ауыл ішіне самсап орнатылған бейнекамералардың біреуін осы жерге қондырса, қайтеді деген ой сап ете қалады.

Көшеде еліргендер көп

Бұрын осы тұста объективі қырағы бір камера орнатып еді. Әлі де тұр. Бірақ көлік жүргізушілерінің талай тентекті  тезге салатын «тілсіз тәртіп сақшысынан» ықпағанына қарағанда, оның жұмыс істеп тұруы екіталай. Аудан орталығындағы бейнекамералардың орнатылу реті, жалпы, жол көлік қозғалысын реттеу мәселесі жөнінде аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің басшысы, полиция капитаны Аман Әлмұқановпен хабарласқан болатынбыз. Оның айтуынша, тап осы бағдаршамның тұсындағы бейнекамераның істен шыққанына біраз болып қалыпты. «Аудан орталығында адам көп жүретін жерлерде 12 бейнекамера орнатылған. Бірақ техниканың аты техника ғой. Бірі сынып, бірінің ескіріп жатады. Осындай жағдайда облыстық департаментпен жедел хабарласып, жөндеуге келетін камераларды жөндетіп, қайта іске қосудың жайын қарастырамыз. Ал пайдалану мерзімі аяқталып, ауыстыру қажет болғанда, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жаңаларына тапсырыс береміз. Биыл жылдың соңына дейін аудан орталығына қосымша 4 бейнекамера орнату жоспарда. Солардың біреуі мектеп жанындағы бағдаршамның тұсына да қондырылады», — дейді құқық қорғау қызметінің өкілі.

Бейнекамераның назарындағы барлық оқиғалар аудандық полиция бөлімінің жедел басқару орталығында сарапталып, екшеленеді. Ресми деректерге сүйенсек, осы жылдың 11 айында камералардың объективіне іліккен 62 құқықбұзушылық анықталыпты. Әрине, олардың барлығы бірдей жол-көлік оқиғалары емес. Десек те, қоғам тыныштығының сапында тұрған құралдың тиімділігі айтарлықтай. Айта кету керек, А.Әлмұқанов ұсынған ақпарат бойынша, биыл жылдамдықты асырған 39 дерек тіркеліпті. Бұлардың барлығы да тасжолдың бойында орын алған оқиғалар. Бірақ бұл ауылдың ішінде бір-бірімен жарыса отырып, жылдамдықты асыра жүйткітетіндер жоқ деген сөз емес. Тек полицияның оларға тосқауыл қояр қауқары жоқ екен. «2019 жылдың мамыр айында түскен нұсқаулық бойынша полиция инспекторларына ауыл-елді мекендерде жылдамдықты тексеріп, көліктерді тоқтатуға тиым салынды, яғни біз қай ауылда болмасын, радар пайдалана алмаймыз. Олар тек тасжолдардың бойында қолданылады. Қайта оның орнына жолдың адам жиі өтетін бөліктеріне орнатылған жасанды кедергілердің санын көбейттік. Қазірдің өзінде аудан орталығында жүргізушілерді көлігінің жылдамдығын тежеуге мәжбүр ететін 000 кедергілер төселген. Бұл да болса, қауіпсіз жолды қалыптастыруға жасалып жатқан игі бастамалар. Бірақ бұған да қарамайтын жандар жеткілікті. Айталық, былтыр Чапаев және Тайпақ ауылдарының ішінде жол-көлік оқиғалары тіркелді. Биыл мұндай оқиға орын алған жоқ. Десе де, жол сақшысының ала таяғына бағынғаннан гөрі, жүргізуші әдеп сақтап, жол ережесін ұстанғаны абзал. Содан барып, жол апатының алдын алуға болады. Бәрі өзімізге байланысты екенін ұмытпайық», — дейді А.Әлмұқанов.

Иә, қаладағыдай ұзын-сонар кептеліс болмағанымен, халық саны 10 000-ға енді жеткен аудан орталығының өзінде көліктердің қатары көбейіп келеді. Темір өздігінен жүрмейді, оларды басқаратын жүргізушісі бар: солардың бірі ережеге бағынса, желмен жарысқан енді бір желаяқтар жылдамдықты шамадан тыс асырып,  жүйткітеді. Оларды жөнге салатын бағдаршам дейміз, бірақ мәселе сол бағдаршамға бағынатын жүргізушілердің аздығында болып тұр.

Әлия ШАРАПИЕВА

Суреттерді түсірген Азамат ҚАНАПИЯ