7.12.2020, 10:08
Қараулар: 270
Спортшылар шаңырағы

Спортшылар шаңырағы

Дана халқымыз «Отан – отбасынан басталады» дейді. Адам баласының өміріндегі ең құнды қазынасы – ол, әрине, отбасы. Отбасының қамқоршысы мен тіреуі ер азаматы десек, шаңырағының берекесін шалқытып, ырысын еселеп, ынтымағын жарастыратынсүйікті жары. Ал сол жанұяның базарын келтіріп, әр күнін мереке мен қызыққа толтыратын бары да, бақыты да – балалары. Асқар тау әкенің өнегесі мен алақаны аялы ананың тәлімі – баланың өмірлік бағдаршамы болатыны да – даналардан жеткен аксиома. Яғни, «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Бүгінгі мақаламызға арқау, әңгімемізге тұздық  болып отырған кейіпкерлеріміз – аудан, облысқа танылған үлгілі отбасылардың бірі Чапаев ауылындағы Телағысовтар жанұясы.

«Тәрбие тал бесіктен басталады» демейміз бе?! Осы нақылдың дұрыстығын өздерінің отбасылық ғұмырында, ұрпақ тәрбиесінде дәлелдеп келе жатқан отағасы Қуаныш Телағысов пен жұбай Дина Бекмағамбетова – іргелі білім ордасы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің дене шынқтыру пәнінің мұғалімдері. Еңбек өтілдері де біршама уақытты көрсетеді – екеуінің қоса есептегенде 40 жылға жетіп барып, жығылады. Көпке түсінікті болу үшін, алдыменен ерлі-зайыптылардың бірге өрілген қызметтік жолынан бір сыр тартсақ. Өзге ұстаздардан оларды ерекшелейтін бір тұс бар. Екеуі де өз дәрістерінде қазақтың ұлттық ойыны – асықты дәріптеп келеді. Дене шынықтыру пәнінде оқушыларды асық ойнап үйрету міндетті болмаса да, өз бастамасымен қолға алған олардың шәкірттері республиканың түкпір-түкпірінен жетістіктермен оралып жүр. Мұның бәрі сабақтан тыс өткізілетін  Қуаныштың «асық ату» сабағы мен Динаның «асық ойындары» деп аталатын дәрісіне қаныққан ұл-қыздардың бағындырған белестері.

Асық ойыны 2000 жылға дейінгі балалардың балдәурен кезінде соңғы демін алғандай болып, одан кейінгі ұрпақ ұлттық ойынның қызығын көп көре қоймады десек қателеспейміз. Өйткені балалар түрлі жас ерекшелігіне сай ойыншықтарға көшіп, арғысы ұялы телефонның ұясына тоғытылды. Енді-енді ғана қайта жаңғырған кезде асық ойнағанды аздырмай, доп ойнағанды тоздырмай спортқа баулумен қатар асықтың да атағын алысқа танытуға атсалысқан мұғалімдерге көпшіліктің алғысы зор. Өйткені асық  атудан қатысқан шәкірттері  облыстық денгейден әрі асып, Өскемен, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Петропавл, Алматы қалаларынан жетістіктер қоржынын толтырып қайтыпты әр жылдары. Бұл, жоғарыда айтқанымыздай, жоғалғанды қайта табудың  бір жолы емес пе?!

Отанасы Динаның айтқанына құлақ түрсек: «Ұстаз ретінде мерейіміз үнемі артқанына қуаныштымыз. Ол, әрине, алдымен баланың ниеті, шеберлігіне, тек содан кейін ғана – оны жаттықтыратын мұғалімнің ізденімпаздығына, баланы қызықтыра білуіне байланысты. Бұрындары қай ауылда болмасын, балалар тез-тез жинала қалып, айналасын көк ала шаң етіп, шиыршықтап тұрып, асықты атып жататын. Бәсеке деген масқара еді-ау, шіркін. Кімнің сақасы ауыр, соның дәрежесі де жоғары. Ал қазір ше? Осы ойынды қазіргі заманның балалары ұмытып барады, тіпті сондай ойын бары екенін білмейтіндер де бар. Біздің мақсат – осы қазағымызға тән ойын түрін балалар арасында кеңінен насихаттау. Шүкір, еңбек нәтижесіз емес. Үйіміздің төрінде самсаған мақтау қағаздары мен алғыс хаттар – осы жасаған, атқарған істеріміздің қайырым қарымтасының  бір сипатындай..

Әңгімені ерлі-зайыптылардың еңбек жолынан бастауға берік негіз бар, себебі олардың қызметі отбасы тәрбиесімен тығыз астасып жатыр. Ата-ананың жұмысында атқарылып жатқан істердің барысының жақсылық екенін көріп өскен балалары өздерің саналарына олардың бойындағы бар қарым-қабілетті, адами қасиеттерді тез сіңдіріп алады десек болады. Сөзімізге дәлел де жоқ емес – ұлдары Нұрхат Чапаевтағы  Абай атындағы мектеп гимназиясының 5-сынып оқушысы, сабақ үлгерімі өте жақсы оқушы. Сонымен қатар асық ату үйірмесіне қатысып, аудандық ойындарда жүлделі орындардан көрінсе, облыстық деңгейде де талай сұр мергендердің алдын орағытады. Спортшы әкесі мен анасынан алған тәлімінен шығар, спортты жанына серік еткен Нұрхат  бадминтон сынды ептілік пен ширақтықты талап ететін спорттың түрінен бақ сынауда, ауданда өз замандастары арасында оған тең келер спортшы жоқтың қасы.

Сүткенжесі, еркетотайы Айзере «Ақбота» балабақшасының тәрбиеленушісі. Жасы кішкене болса да, сүйкімді балдырған бөбектердің арасында жұлдыз. Шағын шаралардың шырайын келтіріп, қажет болса, биін мың бұрала дөңгелентіп, тақпағын жатқа нақышына келтіріп, оқып та береді. Таңдайы тақылдаған Айзеренің әр қылығы сүйкімді-ақ.

«Бала мінезі, оның бар болмысы құдды бір қасиетті құтыдай. Ал сол құтыны ұл-қыз немен толтырады, бұл, әлбетте, ата-анаға бірден-бір байланысты. Егер сәбидің көз алдында ата-анасы күнде ұрсысып, кикілжіңнен көз ашпаса, ол да өсе келе, осындай қылықты қалыпты жағдай деп қабылдайтыны сөзсіз. Сондықтан жұбайым екеуіміз әрдайым Нұрхатымыз мен Айзеремізді тек жақсылыққа баулуға тырысамыз. Әрине, қай-қай істе де, өзіміз бастап үлгі болуымыз керектігі айтпаса да, түсінікті. Қуаныш аулада қандай жұмысты қолға алса да, Нұрхатты үнемі қасынан тастамайды. «Мынау балға, мынау, міне, ара» деп, әзірге қолынан келмесе де, танып-біліп жүрсін деп, бәрін тәптіштеп түсіндіреді. Ал Айзереміз дастархан басы, үйдің тазалығында менімен бірге.Онсыз істесем, жылдамырақ бар шаруаны жайғастыратынымды түсінсем де,талабын жыққым келмейді. Қайта осы кезден бастап, іске араласса, өсе келе, зейіні артып, жаңа машықтарды меңгеріп, дағдыларды қабылдауға ынтызарлығы арта түседі деп білемін», – дейді отанасы Дина.

Әрине, өздері спортшы болғасын, ата-ананың өз балаларын да спортқа жетелейтіні анық. Тәрбиенің діңгегі жанұядан бастау алатынын аңдаған ағайынға мұны білудің еш қиындығы жоқ-ау. Бұл жанұя облыстық «Әкем, анам және мен» деп аталатын туристік онлайн байқауында «Табиғат аясында бір күндік отбасылық демалыс», «Отбасылық фотосуреттер», «Туристік тұрмыс және дағды» аталымдары бойынша І орын алды. Ал «Бард әндері» бойынша иеленген ІІІ орын бұл отбасының өнерден де қара жаяу еместігін көрсетеді. Отағасы Қуаныштың гитарамен сүйемелдеп, қалғандары қосыла шырқаған әндері талайды тамсандырады екен.

Жеңіске ұмтылған тату жанұяға карантин де еш кедергі бола алмаған сыңайлы. Жуырда олар республикалық «Бақыт отбасыдан басталады» атты онлайн-байқауға қатысып, патшакөңіл көрерменнің ықыласына бөленіп, жеңімпаз атанды. Дауысты аямай берген жанкүйерлердің қолдауына қарағанда бойларындағы өнеге мен өнер соған лайықты да. Балаларын отбасылық сайыстарға қатыстырып, кішкене кезінен бойында жеңіске деген ұмтылысты шыңдаған, өнердің сан түріне баулыған ата-анаға да мың мадақ.

Әрине, қолынан келетін, жеңіске бастайтын істерді балаларына үйреткен ата-ананың абыройы асқақтай береді. Қос ұстаз, бірі осы жердің азаматы, бірі киелі Қаратөбе өңірінің қызы, өмірлерінің жалғасы – ұл-қыздарына осындай тәлім көрсетуде, сонымен қатар шәкірттерін салауатты өмір салтына бейімдеп, спорттың қыр-сырын меңгертуде. Ендеше қызметте де, отбасылық өмірінде де игі істер жалғаса берсін деп тілейміз.

Ә.БИСЕНҒАЛИЕВ

Суреттерді түсірген Азамат ҚАНАПИЯ