7.12.2020, 10:10
Қараулар: 176
Ақындар күнде тумайды жауға шапқан

Ақындар күнде тумайды жауға шапқан

Жойқындығымен адамзат тарихында алапат із қалдырған Ұлы Отан  соғысына   ауданнан  11209 адам әскерге шақырылып, 4980 жерлесіміз оралмады. Жеңімпаз боп  туған  елге оралған  майдангерлер  соғыстан кейін құлдыраған ауыл-елін қайта көтеріп, ұрпағын өсіріп,  қоғамның әлеуметтік-мәдени  дамуы үшін еңбек етті.

Ал солардың ішінде ел мәдениеті мен тарихына таңбалы із қалдырған, көркемдік әлемімізді жүдетпес қалам иелері, ұлттық  ой мен сана тәуелсіздігінің тарландары, өлкемізден шыққан ақын, жазушылардың шоқтығы биік тұр. Бүгінгі ұрпақ үшін сол ағаларымыздың еңбегі – темірқазық, шығармалық мұрасы – рухани қажеттілік. Туған жерін қарумен де, қаламмен де қорғаған азаматтарымыз жөнінде сөз қозғасақ.

Сағынғали  Сейітов  1917  жылдың  20 қарашасында  бүгінгі  атауы Батыс Қазақстан облысы  Ақжайық ауданы, Құрайлысай ауылында туған. 1937 жылы Орал су транспорты жұмысшы факультетін, 1941 жылы Алматыдағы  Абай атындағы институтының тіл- әдебиет факультетін тамамдаған. Ұлы Отан соғысына қатысып, 1941 -1947 жылдары әскери  қызметте болған. Соғыстан  кейін  Қазақстан КПОК насихат, үгіт, көркем әдебиет бөлімдері, Қазақстан ғылыми академиясының  әдебиет, өнер институтында ғылыми қызметтер атқарған. Аға  200-ден астам өлең, очерк, әңгімелер мен  зерттеу жинақтарын жазып, мектеп оқулықтары мен аудармалар  авторы  атанды.

Сағынғали ағаның  соғыс және бейбіт өмірдегі еңбегі  «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, медальдармен, бірнеше мемлекеттік деңгейдегі марапаттармен  мадақталған.

Сағынғали  мен  Жұбанның  кездесуі  де тосын оқиға. Сол кездегі  Тайпақ ауданы, «Өлеңті» кеңшарының  аралары 8-9 шақырым қыстақтарында  өмірге келген жерлестер, майданда, туысқан елдер орманында,  әскери  қызметте жүргенінде кездесіп, содан бері жұптары жазылмай аға – іні болып ғұмыр кешкен.

«Майдангер көзімен» кітабындағы  Ж.Молдагалиевке арнаған «27 жастамын….» атты әзілінде ақын:

Мен  бүгін  27  жастамын

Өртеніп  тұр  алқара көк аспаным.

Жиырма  бесті  оқ  айында ұзатып,

Тым болмаса  бір  гүлімді ашпадым

Соғыс  мынау  жалмап жатқан талайды,

Қанталаған көзін саған қадайды,

27 қатерлі жас  не деген,

Тауқыметтің  кім бар жолын бөгеген?

Әзілімнің  артын болжап, бағарсың

Қапелімде, бәлкім, қайран қаларсың.

Жаны  ашитын сенен өзге кімім бар,

Шәпит боп кетсем, бетімді өзің жабарсың

P.S

Әзіл осы, шерткен сырым расында,

Қағазға да түсірмеппін басында.

Не ғажабы барын әлі білмеймін,

Ойға оралды 77 жасымда, – деп сыр шертеді

Жаратушының берген жарығы, 90 жыл ғұмырында  Сағынғали аға халқының басынан кешкен ауыртпалығы мен  бейбіт өмірдегі  жетістігін жырлап, тәуелсіздігімізді көріп, оны шығармасына қосты.

Сағынғали аға көбіне әзілмен сөйлегенді ұнатушы еді. Бірде Тайпақ  ауданына келген  ақынды мәдениет бөлімі меңгерушісі Хакім  Ахметов  қонақасыға  шақырып, отбасымен таныстырады. – Мына кісі келініңіз «Ақыш» деген, «Америка Құрама Штаты» емес, ортасында  «Ы» әрпі бар, – деп  әзілдепті. Кейін облысқа  келген бір сапарында  Сағынғали  аға Хакім інісімен кездескенде, лауазымды үлкен ағалар «Ортасында «Ы»сы бар келін сау ма? – деп есіне түсіріпті.

Ақын өзінің туған топыраққа деген сағынышын  өлеңдеріне қосып, уақыты болса Ақжайық өңіріне жиі келіп  тұруға тырысатын.  Ақын ағаның  «Ақ Жайық» өлеңінде :

Ақ Жайық, елге келсем сен деп келем,

Мөп-мөлдір  мерейіңе  шөлдеп келем.

Сұңқар  боп шырқай самғап  Алатаудан

Қиғаштап қанатымды сермеп келем

Жайығым – аймақтағы бел – биігім,

Келбетім, кереметім, кермиығым.

Алғашқы махабатым  сияқтысың,

Сен – менің  жеке біткен жерұйығым!

Дүниенің көпте шығар ғаламаты,

Кейінің мәлім емес маған аты

Алдыңа өлең болып келіп тұрған,

Ақжайық  ауданының  азаматы – деп жырлаған екен.

Ағаның ғасырлық  тойы туған топырағында, Ақжайық өңірінде 2017 жылы күз айында кеңінен аталып өтті. Тойға Сағынғали ағаның балалары, бауырлары мен Астана, Алматы қалаларынан ақын – жазушылар келіп, аудан орталығына ескерткіш мүсіні орнатылды.

Әділдікті ту еткен жасын ақын Жұбан Молдағалиев 1920 жылы 5 қазанда Батыс Қазақстан облысы  Ақжайық (Тайпақ) ауданының  Сайқұдық ауылында  дүниеге келген. Орал ауыл шаруашылық  техникумын бітіріп, 1940-1947 жылдары әскери қызметте болып, Ұлы Отан соғысына қатысты. 1942 жылдың 22 маусымынан «Отан үшін» майдан газетінде тілші болып қызмет атқарады. Майдандағы жауынгерлерді жеңіске жігерлендіретін, рухани күш беретін 30 дан астам  өлең жазып, жауға қарсы оқпен де, қаламмен де қаруланған тұлға. Майдангер  ақын 1944 жылы елге сағынышын  «Сағындым  Жайық» өлеңінде:

Сағындым сені, Жайық, алма бақты,

Өткізген өз бойыңда жастық шақты.

Сүюші ем төңкерілген толқыныңды,

Сылқылдап соғып жатқан жарқабақты.

Есінде жүрдің, Жайық, ерлеріңнің

Шапқанда атакаға сан уралап.

Сонда біз сен үшін де соғысқанбыз,

Ұшынан штыктардың қан сорғалап,

1948 жылы елге оралған ақын:

Армысың, сұлу Жайығым

Ардақты қоныс – мекенім

Қажетсіз маған қайығың,

Аймалап  жүзіп өтемін, — деп туған жерімен, Ақжайығымен қайта қауышады.

Жұбан ағамыз жерлес ағайындардың жетістіктеріне  бірге қуанып, олардың басынан кешкен қиындықтарына да бірге күйзелетін. Жұбан ағамен  жақын араласқан аудан басшыларының бірі болған Ғазез Хаймулдин:  «Ел аманатын арқалап, Алматыға барған іс-сапарларымда Жұбан ағадан көрген қамқорлығым көп», – деп ақынның азаматтығын жыр қылып айтады.

Сол кезде аса қат бұйымдардың қажеттілігін ауданға алдыруда, Тайпақта «Селхозтехника» базасын ашуда, бүгін тұрғындар рахатын көріп отырған көгілдір отын, таза ауыз сумен қамту мәселелерін шешуде Жұбан ағаның көп көмегі тиген.

Жұбан ағаның 100 жылдық мерей тойы биыл республика деңгейінде туған топырағы Сайқұдықтан бастау алып, аудан-облыста аталып өтілді. Ақжайық ауданында «Жұбан» орталығы ашылды.  Жұбан ізбасарлары, ақын, жазушыларымыз Тілес Жазықбай, Сағынтай Бисенғалиев, Үзілдік Елеубаева «Ақжайық ауданы құрметті азаматы» лауазымын иеленді. Бұл халқының ел азаматтарына деген құрметі.

Ақжайық өңірінің тағы бір тастүлегі – Иманбай Әбекешов 1921 жылы 5 қаңтарда дүниеге келген. Ақын, жазушы Иманбай ағаның жастық шағы  майданда өтті. Ағаның әлем халықтарына тараған әйгілі «Поляк қызы» әні жеңімпаз Кеңес армиясы әскерлерінің әнұранына айналған. Ұлы Отан соғысы, бейбіт күндердегі шығармалары «Шалқар» атты жинақпен оқырманға жол тартқан. Соғыстан кейін ол ұзақ жыл халық ағарту саласында жемісті еңбек етіп, 1981 жылы зейнетке шыққан. Жерлесіміз ақын, жазушы, ұстаз Иманбай Әбекешов 76 жасында 1997 жылы 3 наурызда дүниеден озды.

Ерліктерімен ел есінде сақталған  тұлғалар ісі мәңгі өшпейді!

 

              Дариға ТЕМІРХАНОВА,

мұрағат жетекшісі,

Булат ДУШАЕВ,

«Атамекен» өлкетану» музейінің жетекшісі

ТАЙПАҚ