7.12.2020, 10:12
Қараулар: 144
Жас дәрігерге сенім зор

Жас дәрігерге сенім зор

Бала кездегі қиял кейде сол уақыттың уысында қалып қояды. Кейін, жылдар өткен соң, жоғарғы сыныптарда «мен болашақта кім боламын» деген сұрақтарға шындап жауап беруге тура келеді екен. Сөйтіп, «мұғалім боламын» деген мақсатымды «дәрігер боламын» деген түпкі арманым жеңді. Өзіміздің аудандағы Мерген орта мектебін бітірген соң, арман қуып, Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Мемлекеттік медицина университетінен бір-ақ шықтым. Оқуға түсу бар да, оны әрі қарай алып жүру бар: сабақты зейін қоя оқу, тәртіп деген тәрбие ошағында өзіңді шыңдау, мұғалімнің айтқан дәрістерін санаңа құю, т.б. маңдай тірер «шаруалардың» иінінде жүрдім. Студенттердің атқарар қоғамдық жұмыстарынан бас тартқан кезім  болған жоқ, — дейді Ақжайық аудандық орталық ауруханасының жас дәрігері Гүлназия Жұмамұратова.

Дәрігердің жұмыс жасағанына көп бола қойған жоқ. Соның өзінде де, сырқаттардың арғы-бергі тарихынан сыр тартып, өткенді білгісі келеді. Бұған дейін қандай ем алғандарын бақылайды, ағайын-туыстарда ауырған адамдардың бар-жоғын түгендейді, жалпы көңіл-күйдің деңгейін салыстырып отырады, берген емінің нәтижесін қаперлеуді есінен шығармайды. Сырқаттармен емен-жарқын амандасуының өзі  — емделушінің сеніміне еніп, өзіне деген құрметті молайтады. Адамдардың қалауына ие болу оңай шаруа емес.

Биылғы әлемді шарпыған COVID-19  пандемиясы біздің ауданды да айналып өтпеген-ді. Бұрын-соңды  мұндай індетпен бетпе-бет келмеген дәрігерлер басында абдырап қалғаны да анық. Бірақ өздеріне төніп тұрған қатерге қарамастан іске батыл араласты. Халық арасында кең насихат жұмыстарын жүргізді. Тапшы дәрі-дәрмектерді ұтымды пайдаланды. Жоғын іздестірді. Орал қаласымен басқа да аудан орталықтарына іскерлік байланысқа шықты. Соның нәтижесінде бірқатар шаруалар шешімін тапты. Бірақ, әлі де бұл бағыттағы жұмысқа соңғы нүкте қойылған жоқ. Сол ақжелеңді жандардың ішінде Гүлназия Ғабитқызы да жүрді.

Бәрі де есте. Ең бірінші, әке-шешесі Жұмамұратов Ғабит пен Дарханға келелік. Олардың ұрпақ өсіріп, еліне адал болуды күн сайын жадылап отыратындығы көз алдынан кетпейді. Демек, олардың түпкі арманы да балаларының адалдығында жатса керек. Қашан да адал адам елімен бірге емес пе?! Екінші, мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлсара Абуханованың да орыны ерек. Жазба әдебиетінің негізін қалаған Ұлы Абайдан басталған әдебиет кемеңгерлерінің өндір өсиеттерін мұқияттап, кейінгіге мол мұра ретінде қарастыруды жөн санаған ізденімпаз ұстаздарының бірі де, бірегейі де осы. Ал, дәрігер ұлылардың қатарында Әл-Фараби, Абай, Жұбан, т.б. тұлғалардың шығармаларын жадында мықтап сақтаса, ұстаздың да мақсаты мұратсыз емес екен. Ал, үшінші тілектес жандары мектепте бірге оқыған Артур Мұратжанов пен Асан Мұстағатовты атар еді. Екеуі де бұл күнде елдің азаматы. Олар жақсы істерге бастамашыл жандар. Жастарға қамқор, бәріне бірдей қарайды. Қолда барын бөлісуге әзір. Ағайын-бауыр, көрші-көлемге пейілдері бөлек екенін оқушы кездерінен-ақ танитын-ды. Сөйтіп, жас дәрігер жолын жоғарыдағыдай жақсы адамдармен жалғас өріп отырсақ, біздің де мақсатымыз мұратсыз болмағаны.

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Чапаев