7.12.2020, 10:14
Қараулар: 157
Гүлденсін, ауыл!

Гүлденсін, ауыл!

Еліміздегі жаңалықтар қай-қай жанның да көңіліне қуаныш пен сенім ұялатады. Әсіресе, ауыл-елдімекендердің көркейіп, қарқынды дамуына жасалған қадамдар алтын тұғырды мекен еткен тұрғындардың тірлігін оңалтып, бақ-берекесін арттыруда. Оған біздің ауылдың бүгіні дәлел.

Сарман ауылы – ауданның ең шетқары орналасқан Атырау облысымен шекаралас елдімекендерінің бірі. Аудан орталығынан алыс болғандықтан, назар онша бөлінбей, көп игіліктен құр қалып жатқан ауылдардың жағдайын естіп-біліп жүрміз. Бірақ бізде мүлдем керісінше. Соңғы жылдары бұрын армандай да алмайтын талай жақсылықтарға қол жеткізіп, ел тілегі қабыл болуда. Айталық, өткен жылы ауылымыз «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы арқылы ауыз суға қол жеткізсе, биыл үйімізге газ келді. Бір қуаныштысы, қолжетімді бағамен 24 үй мен барлық әлеуметтік нысандарға көгілдір отын тартылды. Қалған баспаналардың отаналарының да шәйнегін газдың алауымен қайнатар күні жақын деп үміттенеміз.

Күллі әлемді коронавирус инфекциясының індеті тығырыққа тығып, еліміз қиын кезеңді бастан кешіріп жатқан тұста ауыл халқы үшін бұл қуанышты, әрі тарихи оқиға. Тап осындай кезеңде елдегі саяси ахуалдың тұрақтылығы мен мемлекеттік бағдарламалардың халық игілігіне жұмыс жасауы, оның нәтижесі біз секілді  қарапайым еңбек адамдарына зор сенім береді. Ауылымыз аудан орталығынан шалғай орналасса да, осындай игі бастамалардың арқасында ел еңсесін тіктеп, бір серпіліп қалды.

Көпті қуанышқа кенелткен осынау жақсы істерге мұрындық болған аудан басшылығынан бастап, жауапты жұмысты еш кідіртпей атқарған «Айтемір» ЖШС, «Казтрансаймақ» АҚ аудандық филиалының қызметкерлеріне және осы істің басы-қасында жүрген барша ел азаматтарына ауыл халқының алғысы зор. Ел игілігі үшін атқарған жұмыстарының жемістеріне бөленсін!

Орынша ОРАЗҒАЛИ,

САРЫТОҒАЙ