7.12.2020, 10:16
Қараулар: 142
Әнге деген ыстық ықыласпен

Әнге деген ыстық ықыласпен

Ауданымыздың әнұранының авторы, Ақжайық ауданының құрметті азаматы, әнші – сазгер Ғұбайдолла Хибашевтің әндерін орындаушылардың аймақтық «Ақжайық өлкем» ән байқауын ұйымдастыру дәстүрге айналды. Жыл сайын осыған орай бірнеше күндік өнер  мерекесі оздырылып, еліміздің әр өңірінен мақтаулы деген өнерпаздар бақ сынасып, көрерменнің ықыласына бөленетін. Әйткенмен, биыл індеттің салдарынан бесінші мәрте өткелі тұрған ән байқауын қашықтан ұйымдастыруға тура келді. Десе де, өнер додасының салтанаты бір мысқал да кемімей, қайта оған қатысқан әншілердің қатары қалыңдай түсті.  Айта кетелік, байқаудың мақсаты – қазақтың сазгерлік өнеріне сүбелі үлесін қосып жүрген талант иесі, бүгінде 100-ге жуық әннің авторы, мәдениет саласының ардагері Ғ.Хибашевтің шығармашылық мұрасын жастар арасында насихаттау, талантты орындаушылардың жаңа есімдерін ашу.

Аймақтық – республикалық мәртебеге ие болған ән байқауына еліміздің батыс өңірлерінен және облыс аудандарынан барлығы 13 үміткер бақ сынады. Олардың әрқайсысы өздерінің репертуарына сазгердің екі әнін енгізді. Бұл ретте үміткерлердің талғам-таңдауы сазгердің көпке танымал әндерімен қатар тың туындыларына да түскенін айта кеткен абзал. Сөйтіп, бұл жолы да ән құдіретінің шоқтығы биіктеп, өнердің айбыны асты.

Қазылар алқасы биылғы байқаудың бас жүлдесіне оралдық Рүстем Кереев лайық деп тапты. І дәрежелі дипломмен ақтөбелік Нұржан Оразов, ІІ дәрежелі дипломмен Теректі ауданынан Елжан Маңзом, Орал қаласынан Әсел Қажымова, ІІІ дәрежелі дипломмен сырымдық Алтынбек Қанатқалиев, жәнібектік Райымбек Каримов марапатталды. Байқаудың «Арнайы жүлдесін» жерлесіміз Айнамкөз Серікқали жеңіп алды. Барлық дипломанттарға ақшалай сыйлықтар табысталды.

Әсем ЕСБЕК