14.12.2020, 16:48
Қараулар: 89
«Орал өңіріне» тегін жаздырды

«Орал өңіріне» тегін жаздырды

Басылымдарға жазылу науқаны қызып тұр. Шыны керек, жыл сайын газет бетіне үңілетін оқырмандар  қатары азайып келе жатыр. Себебі интернет желілерінде күнделікті тарап жататын хабарлар, жаңалықтар жұртшылықтың көңіліне таласуда, алайда, нағыз шынайы ақпарат пен дұрыс мәлімет, ел мәселесін қаузаған мақалалар газет беттерінде екенін аңғару оны қолына алып, бір шолып шыққан жанға  қиын емес. Бір қуаныштысы, мерзімді басылымға өздері жазылып қана қоймай, бар қал-қадірінше өзгелерді демеушілік жасап, газет-журналдарға тегін жаздырған ағайын арамыздан табылуда

Біз  газетіміздің өткен сандарында  аудан айнасы «Жайық таңы» газетін ауылдағы көп балалы отбасы, мүгедек жандарға қолдарына алуға мүмкіндік жасап берген атымтай жомарт жандардың мәрттігін үлгі етіп, жарықтандырсақ, мына кәсіпкерлер облысымыздағы төл басылым «Орал өңірі» газетінің бірқатар үйге тегін жетуіне қаржылай қолдау көрсетіп, сауапты іс жасады. Айталық, Ақсуат ауылдық округінен Болат Аткеев есімді кәсіпкер азамат бақандай 50 үйдің пошта жәшігіне алдағы жартыжылдықта «Орал өңірінің» жеткізілуін қамтамасыз етсе, Базаршоландағы жеке кәсіпкер Қуандық Жылқышиев 30 үйге 90 мың теңгесін бөліп, аталған басылымды оқуларына мүмкіндік сыйлады. Бұл шаруаның игілігін ауылдастар көріп, ал үлгісін басқа да қалталы азаматтар алса, нұр үстіне нұр. Темірді қызған кезде соғып жатқан жандарға ауыл-ел дән риза.

Ә.ОРЫНҒАЛИ