14.12.2020, 16:53
Қараулар: 218
Чемпион ауылдастарының арасында

Чемпион ауылдастарының арасында

Өткен аптада аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов Шымкент қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында 49 келі салмақ дәрежесінде бокстан чемпион атанған жерлесіміз Даниял Сәбит пен оның жаттықтырушысы Саттар  Сұлтанғалиевты қабылдады.

Кездесу барысында Қ.Шадиярұлы болашақта зор үміт күттіретін жас чемпионымызды жерлестерінің атынан жеңісімен құттықтады. «Әрбір жеңістің артында үлкен еңбек жатыр. Осы уақытқа дейін сені жеңіс тұғырына шыңдап, жаттықтырған бапкеріңнің еңбегі, өзіңнің талмас талабыңның жемісі бұл. Алдағы уақытта талай белестерді бағындыруыңа тілектеспін», -деп толағай табыстар тіледі.

Сонымен қатар ол жас спортшы Даниялдың  боксқа деген құлшынысы мен жігерін шындаған жаттықтырушысы Саттар Аманқосұлына зор ризашылығын білдірді.

Даниял Ақжолұлы 2002 жылы 23 қараша ауданымыздың Алғабас ауылдық округіне қарасты  Тоған елді мекенінде дүниеге келген.  Қазіргі таңда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан  Мемлекеттік университетінің  «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша  1 курс студенті. Облыс орталығындағы Данияр Елеусінов атындағы бокс мектебінде жаттығуда.

Жас та болса, жігерлі, қайратты спортшының жеткен жетістіктері аз емес. Осы күнге дейін 30 кездесу өткізіп, соның 27-сінде жеңіске  жеткен. Солардың бірқатарына тоқталып өтсек, 2019 жылы Шымкент қаласында 2001-2002 жылы  туған жастар арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында І орын иегері, сол жылы Сербия елінің Суботица қаласында өткен Халықаралық турнирдің қола жүлдегері, биыл Атырау қаласында өткен 2002-2003 жылғы жастар арасындағы ҚР чемпионатында қола медаль иегері атанған.

Осыдан соң былғары қолғап шебері аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жас спортшыларымен жүздесіп, жолдастық кездесулерді тамашалады. Чемпион сонымен бірге туған жері Алғабас ауылында болып, жерлестерінің ықыласына бөленді. Жас жеңімпазға ауыл үлкендері байрақты бәсекелерде үлкен жеңістер мен қазақ елінің рухын әлемге көтерер ел азаматы болуын тілеп, ақ баталарын берді.

Л.САМАТҚЫЗЫ