14.12.2020, 16:54
Қараулар: 89
Жұбанын жырға қосып ақындары

Жұбанын жырға қосып ақындары

Биылғы жылы қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері, әйгілі «Мен қазақпын» поэмасының авторы, «Желтоқсанның жебесі» атанған жерлесіміз Жұбан Молдағалиевтің  100жылдық мерейтойы аталып өтті. Жыл басынан бері облыстық, аудандық көлемде өткізілген әртүрлі шаралар легі тоқтаған емес. Елімізге төнген қауіпке қарамастан, індеттің өршіп тұрған шағында да онлайн форматта ақынды ұлықтаған жыр мүшайралары мен әртүрлі бағыттағы жарыстарға ел куә. Қыркүйек айының соңында туған жері Қурайлысай ауылында, Сайқұдықта ақын тойы жоғары деңгейде аталып өтті. Аудан орталығында жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен Жұбан атындағы рухани орда бой көтеріп, бүгінде жұмыс жасап тұр. Мұның бәрін ақынын ардақтаған елінің шексіз құрметі деп санасақ болар. Мерейтойға арналған осы шараларды жуырда Қурайлысай мәдениет үйінде «Алты алаштың ардағы» атты облыстық ақындар айтысы қорытындылады. Шектеулерге  байланысты көрермен қарасы қалың болмаса да, жоғары деңгейде өткен ақындар айтысына шолу жасап көрсек.

Бұл айтыс аудан әкімшілігі мен облыс орталығындағы Қадыр Мырза Әли атындағы орталықтың ұйымдастыруымен өткізілді. Додаға ауданымыздағы жыр жүйріктерімен қатар облыс, республика көлемінде атой салып жүрген азулы ақындар келді. Айтыс деген аламанға жаңадан қатысып, өнерлерін шыңдап, алдыңғы толқыннан үлгі алмаққа ниеттенген жастар да бар.

Алдымен қонақтар Мәдениет үйінің алдындағы Жұбан ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоғын қойды. Бұл күні марапат өз иесін тапқан күн ретінде де есте қалады. Өйткені биыл мерейтойға байланысты Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығына арналған мерекелік медальдарға ие болғандардың тағы бір қатары осы күні марапатталды. Салтанатта аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев  сөз алып, марапат иелерін құттықтап, кеуделеріне медаль тақты. «Бүгін айрықша мереке,  осы жерде кіндік қаны тамып, атағы алты алашқа танылған ақынды ардақтаған жыл ақындар айтысымен түйінделіп отыр. Былтыр аудан делегаттары Алматы қаласына барып, ақынның зиратына тағзым етіп, жанұясымен жүздесіп, ақынның жары София апамызға амандасып, ақын мұраларын жинақтап елге әкелген болатынбыз. Жыл бойы айшықты шараларда бәріңіз бір кісідей атсалысқандарыңыз – ардақты ақынға деген құрметтеріңіз. Жазда аудандық туризм орталығы жорыққа шығып, Алтайдағы  4506 метрлік Мұзтау шыңына ақынның портретін көтерді. Осы жұмыстарда орасан зор еңбек сіңірген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген туризм нусқаушысы, Мәскеу балалар-жасөспірімдер туризм және өлкетану академиясының профессоры Қуаныш Ізімғалиұлына Жайық жұртының алғысы зор. Мерейтойдың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан мәдениет саласы қызметкерлеріне, аудандық кітапханалар жүйесіне, орталықтың бой көтеруіне атсалысқан жандарға ақын аруағы қолдау беріп жүрсін дейміз. Ақындарымыз да Жұбанды жырға қосып, құрмет көрсетіп жатыр. Сөз додасында бәріне сәттілік тілеймін» -деді ол.

Кеудесін медальмен жарқыратқандар қатарында ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Білім беру ісінің үздігі» Тілес Жазықбай, ұстаз, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мәлік Берді ӘЛІ, ақын, Жаңақала аудандық мәслихаттының хатшысы Закария Сисенғали, «Егемен Қазақста» газетінің Батыс Қазақстан облсындағы меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлы, аудандық балалар-жасөспірімдердің туризм орталығының әдіскері Қуаныш Аққалиев, аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Ерлан Хабибуллин бар. Сазгер, «Ақжайық ауданының құрметті азаматы», «КСРО-ның мәдениет қызметкері»белгісінің иегері Ғұбайдолла Хибашев, Ақжайық телеарнасының дикторы ауданымыздың тумасы Біржан Қухаев,осы теларнаның редакторы Гүлжаз Баделова аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Осыдан соң сахнаға ақын, Қазақстан ақын-жыршылар одағының мүшесі Сағынтай Бисенғалиев көтеріліп, айтыс тізгінін қолына алды. «Желтоқсанның жебесі атанған Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығы алты алаштың асыл мерекесіне айналғаны рас. Жұбан тойының тамаша бір нүктесі болатын жыр кешін бағалайтын көзі қарақты көрермен, өздеріңіз» деп айтыс жүргізуші ортаға ақын, Қазақстан ақын-жазушылар Одағының Батыс Қазақстан облысы филиалының төрағасы, Қадыр Мырза Әли орталығының директоры Бауыржан Халиолланы шақырды.

– Ардақты Жұбан елінің жұртшылығы, бүгінгі жыр мерекесі құтты болсын. Биыл ақын тойына байланысты облыс орталығында көптеген  мәдени шаралар өткізілді, солардың бірі Жұбанның  100 жылдығымен қатар  Қадыр Мырза Әлидің 85 жылдығына орай өткен «Жайықтың қос қыраны» атты республикалық ақындар айтысы. Біз бүгін өз орталығымыздың қызметкерлері, алды республика көлемінде жүлдегер атанып үлгерген ақындарымызды аламанға қоспақшымыз, ендеше қатысушы барлық ақындарға абыройлы айтыс тілеймін, – деді ол.

Сахна төріне елге айбынды өлең, мәнді жыр тарту етуге келген 12 ақын шақырылды. Ақжайық айтысының жас өскіндері  Абзал Наурызғали (Еңбекші негізгі мектебінің 10-сынып оқушысы) мен Дінмұхамбет Серікұлы (Қадырқұл негізгі мектебіңің 9-сынып оқушысы) алғашқы жұптың қатарында болды. Жас ақындардың әу басынан арынмен бастаған айтыстары соңына дейін тыңдаушылардың көңілінен шықты. Ақын аталарының өмір жолы мен жасаған ерліктерін жеткілікті жырға қосты. Екінші жұпта Бөрлі ауданы мәдениет үйінің қызметкері, айтыскер ақын Жарқынбек Шынтаев пен газетіміздің тілшісі Әсет Бисенғалиев өнер көрсетті. Жарқынбектің:

Арнайын ел алдында батыл өлең,

Тосыла ма сайыста ақын деген,

Өзімді ақындарша сезінейін,

Айтылмасын, иншалла, ақырғы өлең.

Ақжайыққа келіп ап өз-өзіңді

Десе де қырып, жояр ақын деме, – деп, талай ақынды тал бесігінде тербеткен Жұбан еліне құрмет көрсеткені көрерменнің көңіліне жаққаны сөзсіз. Бұл жұп та тақырыпқа кең көсіліп, аға мен іні айтысының сыйластық түріндегі жарысын елге тарту етті.

Үшінші болып сахнаға көтерілген ақындар – «Сырым елі» газетінің редакторы Бауыржан Ширмеддинұлы (Сырым ауданы) мен Қурайлысай ауылдық кітапханасы меңгерушісі Мейрман Шәкенов (Ақжайық ауданы). Бұл жұптың айтысында елдегі өзекті мәселелер кеңінен қаузалды. Қурайлысайдың жолының машақаты, интернет байланысы, халықтың үлкен ауылдан үдере көшуін тілге тиек еткен екі ақынның бір бірімен тіресе айтысқандары айтыс заңдылығын айқын көрсетті. Одан кейінгі Қадір Мырза Әли орталығының белді қызметкерлері, жерлестеріміз Айнабек Бисенғалиев пен Бекболат Қаленовтың айтысы ел есінде ұзақ сақталары анық. Олардың сөзсайысы  нағыз айтыстың нышаны – суырып салмалықты айқын көрсетсе, Алмалы  орта мектебінің ұстазы Болат Өтешов пен базартөбелік ақын Санат Мұхамбетжановтың айтысы қос құрдастың қалжыңына құрылды.

Одан соң Қадырсарайдың тағы бір қызметкерлері, азулы ақындар санатында жүрген дараларымыз Мұрадым Мерланов пен Талғат Мықи шықты айтысқа. Мәні мен сәні келіскен олардың жырына аз көрерменнің қолдауы көп күш бергендей болды.

Қай жұпты алсақ та, әрқайсысы Жұбан ақынның қазақ поэзиясындағы рөлі мен  Отанға атқарған адал еңбегін, батырылығын дәл басып айтты. Осындай жоғары деңгейде өткен жыр сайысының арасында республикалық әнші-термешілер байқауының жеңімпазы Данияр Елеуов дәстүрлі әннен шашу шашса, Арман Шыңғали ақынның «Анкетама қосымша» өлеңін оқыды.

Айтыс қорытындысына келер болсақ, бұл жолы барлық ақындардың өнері тең бағаланып, ақиық ақынның әр жылдары жазған поэмалары атындағы жүлделер тағайындалса, айтыс әлеміне енді қадам басқан жас өскіндерге Қурайлысай округі әкімі Орынбек Жапашев өз атынан алғыс хат табыстап, ақшалай демеушілік көрсетті. Атап айтсақ «Жыр туралы жыр» поэмасы жүлдесімен Ж.Шынтаев, «Мен Қазақпын» поэмасы жүлдесімен А.Бисенғалиев, «Нұрлы жол» поэмасы жүлдесімен Б.Қаленов,  «Сел» поэмасы жүлдесімен Б.Ширмеддинұлы, «Кісен ашқан» поэмасы жүлдесімен С.Мұхамбетжанов, «Қиял қанаты» аталымымен Т.Мықи марапатталды. Сондай-ақ Б.Өтешовке «Туған жер», М.Мерлановқа «Қыран дала», М.Шәкеновке «Жесір тағдыр», Ә.Бисенғалиевке «Байқоңыр баспалдағы»поэмасы атындағы жүлделер бұйырды.

Эпик ақын, Желтоқсан оқиғасы кезінде қазақ жастарын қызғыштай қорып, Колбиннің өзіне тайсалмай қарсы шыққан жерлесіміз, «Мен Қазақпын» деп жар салған тұлғаның тойы біздің ауданда көптеген жақсы істермен, өнерлілердің, ел-жұртының қосқан қомақты үлесінің арқасында осылай түйінделді.

Әсел САҒЫН.