14.12.2020, 17:03
Қараулар: 163
Темекеңнің  сары  күзі

Темекеңнің  сары  күзі

(қаз-қалпында)

Темірболаттың қырдағы қонысына осыдан төрт жыл бұрын алғаш рет көктемде келіп едік. Сонда бірер сағат әжің-гүжің әңгіме құрып, шаруа жайымен егжей-тегжей танысқанбыз. Иә, онда көктем еді. Қыстақтан таяқ тастам жерден канал өтеді. Оның бойын қуалай өскен жас теректер бүр жарып, айнала көгілдір дәуреннің демінен дүрілдеп тұрған. Бұл жолы шаруагер Темірболаттың сол «Кныш» аталатын қонысына сары күзде келіп тұрмыз. Канал бойы баяғы көктемдегідей дүрілдеп, құлпырып тұрған жоқ. Сондағыдай сайрауық құстардың көңілді үндері естілмейді. Жапырақтарына ептеп сары жалқын жүгіре бастаған тал-теректер мүлгіп қалған. Үйдің төңірегінде биылғы қуаңшылықтан жел тұрса, топырақ борап шыға келеді. Тек Темірболат қана өзгермепті. Сонау 2016 жылдың  көгілдір көктемінде көргенде қандай көңіл күйде болса, қазір сары күзде де сол қалпы. Шынылары шаңырақтай көзілдірігінің арғы жағынан жымиып қараған жанарлары да сол қалпы. Әзілге бейімділігі, лекіте күлетін күлкісі де өзгермеген. Сонда көргенде ғой, жыл-он екі ай мал соңында жүрсе де, күн қақпағандай, жел тимегендей ақсары жүзіне,  шаңырақтай көзілдірігіне қарап, әп дегенде, жоғары оқу орындарында студенттердің екі аяғын бір етікке тығатын доцентке ұқсатқанымыз. Сөйтсек, аздап маңайлаған екенбіз, доцент болмағанымен, бір кезде студент болып, мал дәрігері мамандығын алған. Ауыл тілімен айтқанда, «оқымысты малшы». Трактордан басталатын техникаларын қорасының іргесіне қаз-қатар, «стройға» тұрғызып қойыпты. Шөп шабатын американдық «Джон Дир» комбайны анау трактор бастаған техникаларды  «менсінбегендей» бір шекесінен қарап, бөлек тұр. «Американец» зауыттан жаңа шыққан ғой, шыбын тайып жығылардай  жалт-жұлт етеді. Үй іргесінде Темекеңнің кезек мінетін, жол талғамайтын шетелдік тұлпарлары жер тарпып олар тұр. Біздің назарымыз «Джон Дирға» ауа берді.

– Екпе шөптер ексем, таза орады ғой деп алып едім… Биыл оның реті болмады, – деп Темірболат өкінгендей қалып танытты.

«Шынар» аталатын Темірбектің қожалығы ірі қара өсірумен айналысады.

– Қожалықты бір кезде әкем Дүйсенбай құрған. Біздікі әзір асқа тік қасық қой, – деп Темекең әзілге шаптырса да, шынын айтады. Дүйсекең қожалықты кенже қызының атымен «Шынар» деп атаған. Шаруашылықта («Первомай» кеңшары) зоотехник болып ұзақ жыл абыройлы еңбек еткен Дүйсекең түбі нарықтық қатынастың патшалық құратынын алыстан болжап, сонау 1991 жылы құрған ғой қожалықты. Меринос қой өсірумен айналысқан. Өткен ғасырдың 70-жылдары жүні алтынға пара-пар болғанымен, кейін жекешелендіру басталып, нарықтық қатынас әбден қаһарына мінгенде  мериностың басынан бағы тайғаны белгілі. Дұрысы, жүні мен терісін ешқайда өткізе алмай, шопандардың еңбегі ешке айналды. Бара-бара қырқылған жүн қораға сыймай, терісі тау болып үйіліп қалған күн туды. Сөйтіп, түліктің бұл түрін өсіру шопандарға айтарлықтай пайда әкелмеді. Шаруашылық жүргізудің бағытын шұғыл өзгерту қажет болды. Дүйсекең уақыт кетірмей, кәсіптерін ірі қара өсіруге қарай бұрды. Қожалық бұл жұмысын он бас ірі қараны қамқорлаудан бастады. Бұл кезде «Первомай» кеңшарының №1 бөлімшесінде мал дәрігері болып істегеніне он жылдан асқан Темірболат та  мал шаруашылығының қазанында әжептәуір қайнаған. Баласына сырттай қарап көңілі толып жүретін әке бір күні, нақтылай айтсақ, 1996 жылы шаруашылықтың тізгінін қос ұлы Темірболат пен Ерболатқа табыстайды. Бұл кезде Дүйсекеңнің он бас ірі қарасы  18 басқа жеткен еді.

– Әкеміз бізге 18 бас сиырмен «старт» жасап берді. Жылдар өте келе,  малды көбейттік. Сөйтіп, әкемізді басып озып, «ұятқа қалған» жайымыз бар, – дейді Темекең әдетінше әзілге бұрып. – Онысы рас. Қазір «Шынар» шаруа қожалығында 200 бас сиыр бар, сосын 87 бас қашар өсуде. «Әлі де қосылады ғой», – деді Темекең.

– Салықтан жалтарып, малыңның санын азайтып айтып тұрған жоқсың ба? – дедік біз ақжарқын жігіттің аужайына салып.

– Жоқ, Құдай сақтасын, бізде құпия, «секрет фирмы» деген болмайды. Темірболат тағы баяғы әдемі күлкісіне салды.

Осы арада Темекең әңгімені  қағып алып, таспасына айнытпай жазып алып жатқан қолымыздағы диктофонды енді байқаса керек, дүре соғатын молдадай дүрдиіп, шұқшия  қалды:

– Өй, менің айтқанымның бәрін жазып алып жатсыз ба?.. Қажеті қанша? – деп шыр-пыр болды. Біз әзілге салдық:

– Темеке, Михайл Сергеевич айтқандай, «Процесс пошел!», енді болмайды, – деп едік, күліп жіберді. Темірболаттың баяғы ғадеті де өзгермеген, өзі туралы жазамын десеңіз,  азар да безері шығады. Қораны айналып қашуға бар.

Бұл жолы да Темекеңе мысықтабандап жақындап, диктофонды білдіртпей қосып қойып, әңгімеге тарта бергенбіз. Қулығымыз ашылып қалды. Дегенмен біраз жайтқа қанықтық. Шаруагер азамат қора-қопсысын әуелден сайлап алған. Аумағы ат шаптырым аула әнекей, малыңды қамай бер. Ұзындығы – 40, ені 10 метр қорасы сол баяғы біз көргендей сыңғырлап тұр. Онда төлдейтін сиырлар, сосын жаңа туған бұзаулар тұрады. Қыста туған сиырлар мен бұзауқандарға жылы болсын деп қораның төбесін әуелі қамыспен, сосын үстінен қаңылтырмен жапқан. Осыдан төрт жыл бұрын келгенде Темірболат көмекшілерімен «қартайыңқырап» қалған үйді паналап отырғанын көргенбіз. Сыңғырлаған қора мен мыжырайып, мықшиып, терезелері жер шұқып тұрған үйге  қайта-қайта қарай бергенімізді байқап қалды ма, Темірболаттың көзінде әзілдің ұшқыны жылт ете қалды.

– Құрдастарым келсе, «Сенің үйіңнен қораң комфортабельный» деп есімді шығарады. Енді бір үй салып алсам деп жүрмін, – деген еді  сонда. Сол сертіне Темекең биыл кірісіпті. Қаладағы баспаналардан  бірде-бір кем емес құтқанасын сыңғырлатып жатыр.

– Енді бір айдан кейін келсек, сенің виллаңның төрінде отырамыз ғой, – деймін әзіл араластырып, әйбаттанып келе жатқан баспанаға қызыға қарап. «Құдай қаласа!» — дейді Темекең байыппен үн қатып.

Темірболат Қаржауов жұмысында мемлекеттің көмегін мықтап сезініп келеді. Әр жылдарда алған демеуқаржылар шаруасын өрге домалатуға үлкен көмегін тигізіпті. Соның ішінде «Құлан» бағдарламасымен келген қаржы «Шынар» қожалығының еңсесін жыл санап тіктей түсуге серпін берген. Мал баққан адамға шөппен бірге су мәселесі ең бірінші орынға шығады ғой. Каналдың бойына орналасқандықтан, одан әзірге тарығып көрген жоқ. Ал мал азығын дайындау жайы жыл санап күрделене түскенін Темірболат жасырмады. Құдайға шүкір, қожалықтың  жер көлемі жеткілікті, иелігінде 3 мың 820 гектар жайылым, шабындық аумақ бар. Бірақ құрғақшылық болса, ол жерлерден жеткілікті мал азығын дайындау оңайға түспейтіні айдан анық. Биыл әупірімдеп жүріп, 800 тай шөп дайындап алған. Одан мал азығын дайындасқандарға береді, қалғаны өздеріне.

Ендігі ойы – көпжылдық, біржылдық шөп егу. Сол үшін анау «Джон Дирді» Темірболат жеті жылға  лизингке алған. Жалпы құны – 32  миллион теңге. Темірболат  үкіметтің көмегімен оның жартысын, яғни 16 миллион теңгесін жеті жылда төлеуі қажет.

– Табиғаттың тозып бара жатқаны жаныма қатты батады. Биыл төртінші жыл, шөп дұрыс шықпады. Жаз шықса, қызыл дауыл, топырақ борайды. Міне, өзіңіз көріп тұрсыз ғой, үйдің айналасы, қораның төңірегі тобыққа жақын топырақ. Сәл жел тұрса, анау тұрған қораны көрсетпей жібереді. Мұндайды бұрын көрген жоқпын. Біз енді каналдың бойында тұрғасын, малым судан тарыққан жоқ әзірге. Жайықтың жайы жыл санап мүшкілденіп барады. Біздің жанымызды сақтап отырған сол жарықтық, Жайық қой. Жайықта су болса, анау Көшім толады. Ол мөймілдеп жатса, гидроузель де құр қалмайды. Шөп шабатын «Джон Дирді»  алғандағы ойым,   2-3 гектарға екпе шөп өсіргім келеді. Әйтпесе, мынандай құрғақшылық алдағы жылдарда да қайталана берсе, малға азықты қайдан аламыз? Бұлай жалғаса берсе, төрт түлікті өсіру, әй, білмеймін-ау… Түбі қайыр болғай,  – деп Темірболат табиғатқа деген уайымын жасырмады.

«Кныштан» аттана бергенімізде, жел тұрды ма, таяқ тастам жерде қалып бара жатқан Темірболаттың мекені бораған топырақтан көрінбей кетті.

Қызыл дауылға қараған сайын, көкейімізде ел ырысын еселеген мұқым малшы ағайынға түбі, әйтеуір  Тәңір иенің рақмет назары  ауар, табиғаттың таңдайы жібір деген үміт-тілек көкейімізден кетпей қойды.

* * *

Темірболат бізден біраз жайтты бүгіп қалыпты. Алдындағы малының көбейгеніне мәз болатын бәзбіреулерге ұқсамай, ауылына, ауданға үнемі көмектесіп отырады екен. Өзі оқыған мектебіне, онда оқитын жағдайы төмендеу шәкірт балаларға ылғи қаржылай қамқорлық танытып келе жатқан көрінеді. Ауданда мешіт салынғанда, көмектен тартынбапты. Күні кеше пайдалануға берілген Жұбан орталығына қаржы құйған. Қабыршақтыға балалардың ойын алаңын салып беріпті. Оны бізге ақжайықтық атқамінерлер майын тамызып тұрып айтып берді.

«Жарайсың, Қаржауов!» – деп осы мақаланың нүктесін қойдық.

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

ҚАБЫРШАҚТЫ