14.12.2020, 17:05
Қараулар: 119
Қан қысымын бағындыру мүмкін бе?

Қан қысымын бағындыру мүмкін бе?

Аракідік қаныңыз басыңызға шауып, көзіңіз қарауытып, құлағыңыз шулап, лоқсып, жүрегіңіз айни ма? Бұрындары үлкен кісілеріміз «басымның сақинасы ұстап тұр» деп айтушы еді ғой, есіңізде ме? Міне, бұл белгілердің барлығы сіздің гипертония ауруына шалдыққаныңыздан хабар беруі әбден мүмкін. Бір өкініштісі, көптеген науқастың көзге ұрып тұрған осы симптомдарды дер кезінде елемей, ауруы әбден асқынғанша жүретінін қайтерсің?! Ауызекі тілде қан қысымы деп аталатын дертті ауыздықтаудың бірден-бір амалы – уақытында дәрігердің көмегіне жүгініп, оның ақыл-кеңесін бұлжытпай орындау, берген емін қабылдау. Ал қан қысымының тұрақты болуы үшін не істеу керек, гипертониядан келер қауіп қандай? Осы жөнінде аудандық аурухананың учаскелік дәрігері Гүлназия Жұмамұратовамен әңгіме өрбіттік.

– Гүлназия Ғабитқызы, гипертония дегеніміз не? Оның түрлері мен симптомдары туралы айтсаңыз?

– Гипертония – қан қысымының жоғарылауы. Ол ең көп таралған және салдары ауыр жүрек-қан тамыр ауруларының бірі. Орташа есеппен алғанда, жер шарының әрбір төртінші адамы жоғары қан қысымына шағымданады екен. Одан келер қауіптің ең ауыры – емделмей, уақыт өткізіп алса, инфаркт пен инсультқа дейін жеткізіп, науқастың жүріп-сөйлеу қабілетінен айыруы мүмкін. Жоғары қан қысымының салдарынан миына қан құйылса, дәрігерлердің адамның өміріне араша бола алмай қалатын жағдайлары да кездеседі. Бұл ауру неден пайда болады десек, ең алдымен тұқым қуалау себебін айтқан жөн. Егер адам үнемі уайымдап, күйзеліспен жүрсе, ұйқысыз түндері көп болса, артық салмақ жамап, көп қозғалмаса да, қан қысымының жоғары болуы ықтимал. Салдарымен қатар аурудың көбіне байқатпай, осал тұстан шалатыны да қауіпті. Сондықтан егер тез шаршап, көзіңіздің бұлдыраса, жүрек айнып, басыңыз ауыра беретін болса, уақыт оздырмай, тексерілген абзал

Гипертониялық аурудың бірнеше деңгейі бар. Оның біріншісі жеңіл түрі, қан қысымы 140-160/90-100 шамасында болады. Екінші сатылы гипертонияда бұл көрсеткіш 160-180/100-110-ға дейін көтеріледі. Бұл кезеңде гипертония белгілері анық байқала бастайды, ең алдымен науқастың басы қатты ауырып, айналады, жүректің тұсы ауыруы мүмкін. Бұл деңгейден бастап дәрілік препараттарды үзбей қабылдау керек. Ал ең ауыр үшінші деңгейде адам өміріне қауіп төнеді, тамырларға қысым көбейіп, жүрек жүйесінде қайта қалпына келтірілмейтін өзгерістер орын алады. Артериялық қысым 180/110-нан жоғары көтеріледі.

– Қалыпты қан қысымының көрсеткіштері қандай?

– Сау адамдарда қан қысымы 100-ге 60-тан 130-ға 90-ның арасында болу керек. Қан қысымы дене белсенділігіне байланысты көтеріліп, не төмендеуі мүмкін. Егер бұл көрсеткіш ұдайы 140-қа 90-нан жоғары болса, гипертонияның анық белгісі. Сонымен қатар қан қысымы адамның жасының ұлғаюына, жеке ерекшеліктерін, өмір дағдыларына, қызмет түріне байланысты.

– Қан қысымын төмендететін дәрілерді гипертониктер өмір бойы қабылдауы керек пе?

– Иә, екінші дәрежелі гипертониялық дерттен бастап жүректің құрылымы мен қызметінде, қан тамырларында, көз, бүйрек пен мида өзгерістер орын алады. Бұның өзі өмір бойы емделуге әкелетін факторлар. Артерия қысымын қадағалап отыру үшін дәрігер тағайындаған дәріні тұрақты түрде ішу керек. Дәрінің жанама әсері болса, жәй ғана ішпей қоюға болмайды. Мұны дәрігерге айтып, басқа дәріге ауыстыру қажет.

Ескере кететін жайт, есепке артериялық гипертониямен тіркелген науқастарға ай сайын тегін дәрілер беріледі. Қандай дәрі екенін дәрігер пациенттің ағзасының ерекшеліктерін, өзге де ауруларын, жасын ескере отырып, анықтайды.

– Жоғары қан қысымы анықталған адам қандай тексеруден өтуі керек?

– Нақты диагноз қою үшін, қан қысымын өлшеп, сонымен қатар бірқатар сараптамалар тапсырады. Несеп пен қан талдауын жасатып, ЭКГ-дан міндетті түрде өткен жөн. Өз тәжірибеме тоқталар болсам, гипертонияға шалдыққан адамдар көбінесе өз еркімен дәрігердің қабылдауына келе бермейді. Оларды анықтауда скринингтің, яғни адамның жасына сай жоспарлы тексерудің маңызы зор. Соның нәтижесінде тек қана артериялық гипертония емес, өзге де қатерлі дерттерді ерте анықтап, ерте ем алуға мол мүмкіндік бар.

Бір қынжылтатыны, жылдан жылға бұл аурумен тіркелген науқастардың қатары көбейіп отыр. Өзіңіз салыстырып көріңіз, 2017 жылы 2071 адам гипертониямен есепте тұрса, 2018 жылы олардың саны 2555-ке жетті. Былтыр 2571 науқастың жағдайын бақылап отырсақ, биылғы 11 айда «Д» есепте тұрғандар 2921 адам. Пайыздық көрсеткішпен есептейтін болсақ, 2017 жылы 10000 адамға шаққанда  48,9 пайыз болса, биыл бұл көрсеткіш  72,9 пайызға жетіп отыр. Яғни небары 4 жылдың ішінде науқастардың саны 24 пайызға артқан.

Бұрын жоғары қан қысымымен үлкен адамдарымыз ауырады десек, бүгінде бұл ауру жасарып келеді. Деректерге сүйенсек, 20 мен 30 жастың аралығында 12, 30 бен 40 жастың аралығында 69, 40 пен 50 жас аралығында 461, 50 мен 60 жас аралығында 961 науқас тіркелген. Байқап отырған шығарсыз, жас ұлғайған сайын артериялық гипертонияға шалдыққандардың қатары көбейіп тұр.

– Адам денсаулығының тек 10-15 пайызы ғана медицинаға байланысты, ал қалғаны тек өзінің қолында екені белгілі. Осыған байланысты аталмыш дертпен ауыратын адамдарға қандай кеңес берер едіңіз

– Ең бірінші, тек қана гипертониктер емес, әрбір адам саламатты өмір салтын ұстануы тиіс. Бұл ауруды жеңіп қана қоймай, оның пайда болуына жол бермейді. Сонымен қатар темекі шегу, ішімдік тәрізді зиянды әдеттерден арылған абзал. Артық салмақ болса, арықтаудың да жолын іздестірген жөн.

Тамақтанудың да өз ерекшеліктері бар. Соларға нақтырақ тоқталып өтсем. Ең алдымен тұзды шектеңіз. Осы өнімнің күнделікті нормасы 6 грамнан аспайды. Жоғары калориялы тағамдардан, көмірсутектерден бас тартса, қан қысымын бағындыруға болады. Майлы тағамдар ағзаға пайдасынан гөрі зияны көбірек холестериннің көбеюіне әкеледі. Ұн мен маймен қуырылған тағамдар, майонез, қаймақ, фастфудтарды күнделікті ауқаттанғанда, пайдаланбағаныңыз абзал. Стресс — гипертония дамуының негізгі себептерінің бірі. Егер сіз оған әкелетін факторларды өмірден алып тастай алмасаңыз, онда болып жатқан жағдайға деген көзқарасыңызды өзгертуге тырысыңыз.

–Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Әлия ШАРАПИЕВА