14.12.2020, 17:07
Қараулар: 109
Әкелі бала – жаужүрек

Әкелі бала – жаужүрек

Жүздеген мамандық,  сан алуан кәсіп түрі бар.. Орнын толтыруға болмайтын бір ғана мамандық ол –  өз баласына лайықты әке болу. «Әке көрген тон пішер», «Әкеге қарап ұл өсер», «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген нақылдар «әке» тұлғасының қадір-қасиетін артық ауыз сөзсіз-ақ ұғындырып тұр. Баланың бойындағы ер мінезділік, өжеттілік, мәрттік қасиеттер әкенің тәрбиесімен ғана қалыптасатыны әмбеге аян. Бүгінгі қоғамда да ең өзекті мәселе отбасылық құндылық болса, ондағы әке рөлін дәріптеу де – заман талабы.

Бала бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін байқаса, халқымыз оны ең алдымен әке мен ата тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейді. «Әкесі сондай адам еді, атасы жақсы адам, көргенді бала» деп ер адам тәрбиесін ауызға алады. Өйткені әкеден балаға қалатын ең асыл мұра – жақсы тәрбие. Бала тәрбиесіндегі бүгінгі әкелердің рөлі қандай, отбасына, бала тәрбиесіне көңіл бөле ме? Немесе жұмысбастылығы сонша, бар жауапкершілік пен тәрбие беру үрдісін аналарына ысырып тастай ма? Осы ретте бірқатар көп балалы отағасыларынан пікірлерін сұраған едік.

 Бекежан Темірболатов, Чапаев ауылының тұрғыны (6 баланың әкесі):

Бала тәрбиесінде әке мен ананың қатар жүруін өз басым құптаймын. Кезінде өзіміз әкеміздің қас-қабағына қарап өстік. Әкеміз не айтса, сол болатын. Оның айтқаны заң, анамыз да солай тәрбиелейтін. Балалардың көзінше үй иесіне қарсы шықпай, бір-бірін ыммен түсінісетін. Ал қазір заман басқа. Баланың көзінше әкесі мен анасы күнде айғайласып, әкенің беделі түссе, бала қалай сыйласын. Әрі бүгінгі бала – кішкентай жасынан бастап, өзін тұлғамын деп есептейді. Соған дәлел, әкесінің ұрысқанына шамданған ұл-қыздың оның қылықтарын әлеуметтік желіде жария етіп жүр. Қанша жерден «Балалы үйдің ұрлығы жатпайды» дегенімен, әкеміз бен шешеміз туралы бір жанға ғайбат сөз айтып көрмеппіз.

Ал, негізі, өз басым бала тәрбиесіне көп араласа қоймаймын. Үнемі таңның атысы мен кештің батысын жұмыстамын. «Ер адам түздің, әйел адам үйдің адамы» дейді ғой халқымыз. Жолдасым үй шаруасында. Сол себепті тәрбие беру ісін сол кісіге сеніп тапсырдым Бала тәрбиесінің ауыр жүгін зайыбыма артып қойғанымды сеземін. Бірақ сол жолдасымның арқасы ғой, балаларым мені сыйлап, құрметтейді. Қас-қабағымды бағып, артық-ауыс теріс қылық жасамайды.

Соның ішінде қыз бала тәрбиесіне аналары көп көңіл бөледі. «Қызға қырық үйден тыйым» дегендей, қыздарымның тәрбиесі тікелей анасының назарында. Дегенмен де барлық жауапкершілікті зайыбыма ысырып қойған емеспін. Қолым босаған уақытта баларыммен емін-жарқын әңгіме өрбітіп, отбасымен бірге қыдырып, демаламыз. Әсіресе, ұлдарыма өмірдің ақ-қарасын ажыратуда қателеспей, дұрыс жолда жүрулерін үнемі құлақтарына құйып отырамын. Ұл-қыздарымның алды 26-да, кенжесі 9 жаста. Осы кезге дейін балаларымның бір өрескел қылықтарын байқаған емеспін.  Кенжетайларым еркетотай, арасында тыңдамай кететіндері бар. Алайда жаймен түсіндірсең, айтқан тілді алады. Әрине, бала болған соң, шалалық та болады. Оның бәрін түсініп, қайта келесіде мұндай әдеттерді қайталамауын қаперлеріне саламын. Әке ретінде бала-шағамның еркін жүріп-тұрғанын, көп нәрседен шектелмегенін қалайтын жанмын. Олардың бір ағаттық жері болса, анасы екеуміз айтып, түсіндіреміз. Баланы ұрып-соғып тәрбиелеу – қанымызда жоқ қасиет. Барлығы байыпты шешіледі. Осы орайда жолдасымның еңбегі зор екенін мойындауым керек.

Есіркеген Аманғалиев, Чапаев ауылының тұрғыны (8 баланың әкесі):

Жолдасым екеуміз көпбалалы отбасынан өрбідік. Бала кезімнен әкем түгілі, анамның да қас-қабағынан сескеніп отыратынбыз. Содан шығар, үйде темірдей тәртіп болушы еді. Одан бірде-біреуіміз қор болған жоқпыз. Өз басым бала тәрбиесіне аса көңіл бөлемін.  Қызды да, ұлды да, ең алдымен, өзімнің мектебімде шынықтырамын. Балаларымды үнемі еңбек етуге, бос жатпай, қолынан келетін тірлігін жасап, бала кезден бастап өз бетімен күн көруге ұмтылуға баулаймын. Тұңғыш қызым қазір тұрмыста. Жақсы тәрбиенің арқасы, ата-анасын ұятқа қалдырмай, барған жерінің бар шаруасын атқарып отыр. Берген тәрбиеңнің жемісін бала өскенде көретінің рас екен. Қазір екі әулетті жақындастырған қыз-күйеубаламның арқасында өркенім өсіп, өрісім кеңіп отыр. Ұлдарым спортқа жақын болып өсіп келеді. Үлкен ұлым қазірдің өзінде спорт шебері. Ал қыздарым мектептегі түрлі  үйірмелерге қатысады, сабақтарының бірін де қалдырып көрген жоқ.

Өзіміздің бойымызға сіңген әдет қой, балаларыма үйге қонақ келе қалса, дастархан басына жағаласып отыруға, кез-келген нәрсені сұрап, мазаны алауға болмайтынын ескертіп жүремін. Үлкенге құрмет көрсетіп, кішіпейіл болуға, кішілерге қамқорлық көрсетуге тәрбиелеймін. Өзім жұмыс уақытында болсам, ұлдарым сырттың шаруасын жасайды. Қораға барып, малды жайлап, жаз уақытында қойкезекке шығып, ал қыздар үйдегі аналарына көмектеседі. Тәрбиемнің ең басты мақсаты да осы – еңбекке баулу. Ұлдардың қайратты, жігерлі, ал қыздарымның ибалы, инабатты, ақылдары  көріктеріне сай болып өскенін қай ата-ана да қалайды емес пе?! Менің де арманым осы. Ал мамандық таңдауда ерік өздерінде. Ең бастысы, анасы екеуміз берген тәрбиемен өсіп-өніп, үмітімізді ақтаса болғаны.

 Инабат Қуанғалиев, Жұбан ауылының тұрғыны (5 баланың әкесі):

Бала тәрбиесінде ана мен әкеге артылатын жауапкершілік тең болу керек. Сонда ғана тәрбие тұғыры берік болып, ұл мен қыздың ертеңі жарқын болмақ.

Бүгінде «отағасы» деген атқа лайық ер азаматтар азайған, отбасындағы әкенің рөлі төмендеп келеді. Санамызды ақша билеген заманда оның маңыздылығын табысы анықтайтын болды. Анасы жалақысы жоғары, әрі лауазымды қызметте болса, ал әкесінің мансаптық дәрежесі төмендеу болса, үйдегі балаларының барлығы анасына қарай бағынып, әкелері көлеңкеде қалып қоятын тенденция қалыптасты бүгінде. Тіпті әкелеріне көңіл бөлмей, жәй «туысым» деп қарайтындарды да көзім көріп жүр. Алыста тұрса да, аналарына бірінші болып хабарласып, әкелерінің хәлін білмейтіндер де бар арамызда. Бұрындары аналары ел басқарса да, «Алтын басты әйелден бақа басты еркек артық» деп, үйіндегі ерін бәрінен биік санап, мәртебесін еш төмендетпеген еді. Әкеге деген құрмет деген осы. Тіпті Қасиетті Құранда да «Еркектерді биік қылып жараттық. Әйел еркектермен таласпасын. Олар несібесіне қанағат қылсын» дейді.

«Ұрпақ тәрбиесінде бала анасынан мейірімділік пен даналықты сіңірсе, әкесінен өжеттік, батылдық сияқты қасиеттерді бойына сіңіріп өседі. «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген бір ауыз сөзге бүкіл тәрбиенің бастауын қазақ атамыз сыйғыза білген. Асқар таудай әкесін пана тұтқан бала қорқақ болмайды. Ал ана атты бұлақтың мейіріміне қанып өскен ұрпақ өзгеге де мейіріммен қарайды.

Ләззат САМАТҚЫЗЫ