14.12.2020, 17:09
Қараулар: 131
 Әл-Фараби және Абай үндестігі – Ұлы даланың тұтастығы

 Әл-Фараби және Абай үндестігі – Ұлы даланың тұтастығы

Ұлы даланың рухани болмысы мен тұтастығын қалыптастыру адамзат өркениетінің іргетасын қалап, ғылымның дамуына баға жетпес үлес қосқан ғұлама-ойшылдардың ілімдерін тереңірек меңгерумен тікелей байланысты. Осы ретте адамзаттың ақыл-ой қазынасының інжу-маржаны болып саналатын Әл-Фараби мен Абай тәрізді қазақ даналарының мәңгілік мұраларын зерделеудің маңызы зор. Жалпы, адамзат зердесінің өлшем биігі, ізгілік пен данышпандықтың үлгісі ретінде танылған осы екі ұлы тұлға екі бөлек ғасырда өмір сүрсе де, өсиет еткен философиялық ой-тұжырымдамалары мен ғақлия сөздерінде ерекше үндестік байқалады.

Ең алдымен, әлемнің екінші ұстазы атанған Әл-Фараби «Қайырымды қала» теориясы арқылы адамзат тарихында алғаш рет өркениетті қоғам үлгісін жазған болатын. Ал ұлтымыздың қара өлеңінің киесі саналған Абай атамыз әділетті әрі саналы қоғамды үлгі ете отыра, интелектуалды ұлт қалыптастыру идеясының өзіндік жобасын ұсынып, ұлы ойшылдың идеясын қайта жалғастыра білді. Осы арқылы екі ғұлама да адамды, мемлекетті, ұрпақты, ұлтты сақтайтын парасаттылық пен әділдікке негізделген кемел білім деп тұжырымдайды. Екіншіден, Әбу-Насыр Әл-Фараби бақытты адам концепциясында адамды бақытқа не жеткізеді деген сауалға жауап іздеп, оған философиялық тұрғыдан сипаттама, терең талдаулар жасайды. Оның пайымдауынша, адам өмірінің мәні мен сәні, ең жоғарғы шыңы болып саналатын бақыт жанның байлығына, адамгершілікке, білім мен ақыл-парасатқа негізделеді. Сонымен қатар ғұлама осы ретте «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты философиялық трактатында «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» сияқты ұғымдарға түсінік бере келіп, адамның бақытты болу жолындағы жүрек  тазалығының аса маңызға ие екендігін атап көрсетті. Ал  Абай хакім өзінің «Он жетінші сөзінде» Қайрат, Ақыл, Жүрек тәрізді ұғымдардың түсінігін логикалық тұрғыдан жалғастырып, соның ішінде адамның өміріндегі жүректің атқарар қызыметіне үлкен баға береді. Ақынның айтуынша, «сөз жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді», «жүрексіз айтылған сөз – жалған сөз, ондайларға сенбе». Үшіншіден, әлемнің екінші ұстазы «Ғылымы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр»  деп, білім мен даналықтың адамзатты кемелдікке бастайтынын анық дәлелдейді. Абай атамыз да «Толық адам» формуласында ойы озық, санасы сергек білімді қоғамды аңсаған екен.

Төртіншіден, Әл-Фараби «Бақыт жолын сілтеу» мен «Бақыт жолы  жайлы» трактаттарын жазғанда, Платон мен Аристотель секілді грек ойшылдарының философиялық  еңбектерін зерделей отырып, шабыт алған болатын. Ал Абай атамыз Әл-Фарабиден кейін екінші болып, жоғарыда аталып өткен грек ойшылдарының еңбектеріне сүйеніп, өзіндік ой-тұжырымын жасай білді.

Қорытындылай келе, біз қазақ топырағынан шыққан екі ұлы тұлғаның  ой-пікірлерінің арада мыңдаған жыл өтсе де, бір арнадан шығып, бірін-бірі толықтырып тұрғандығын байқаймыз. Даналықтың феномені атанған ғұламаның адамзатты даналыққа, парасаттылыққа жетелеп, дұрыс жолды ізеттейтін өсиеттері Ұлы даланың тұтастығына негіз қалағаны сөзсіз.

Алуа ОРАСАЙ,

10-сынып оқушысы,

Абай атындағы мектеп-гимназия