14.12.2020, 17:10
Қараулар: 110
 Туған жерім- тұғырым

 Туған жерім- тұғырым

«Табиғат», «Жер ана», «Отан», «Туған жер», «Атамекен» – құлаққа жылы естіліп, жүрекке шаттық сезімін ұялататын ұлы да қасиетті, бір-бірімен мағыналас сөздер. Туған жер мен Отанды сүйе білу, оны аялау – әр адамның азаматтық борышы.

Кең байтақ Отанымыздың солтүстік-батысында, қос құрлық құшағында орналасқан біздің облысымдыздың шежіресі, тарихы өте бай. Шағын Отан – Ақжайық ауданының өз ерекшелігі, өз тарихы бар. Біздер Жайық бойының жандарымыз: бабаларымыздан бастап, кейінгі ұрпақ Ақжайық қойнауынан құт, суынан нәр, қырынан қуат жинап, өлкеміздің өнегесін өрістетіп келеміз. Өлкеміздің топырағы талай дарынды даналарды дүниеге әкеліп, жалынды жігіттер мен қыздарымыз үкілі үмітіміздің шоғын алаулатқан. Соның ішінде Ақұштап Бақтыгереева, Жұбан Молдағалиев, Хамза Есенжанов, Ораз Исаев сынды біртуар аға-апаларымыз бар.

«Жер –елсіз болмайды, ел –ерсіз болмайды» дегендей, бізден бұрынғы сан толқын ұрпақтың  кіндік қаны мен тері тамған киелі мекеніміз Ақжайықта осындай арда жандар туғанын қалайша мақтан етпеске?!

Талай киелі істердің басы-қасында іскер, ойы жүйрік, қабілеті жоғары адамдардың жүргеніне бүгінгі ұрпақ ретінде қуанамын. Оны ауданымыздағы істеліп жатқан сәтті қадамдар дәлелдеді. Ауданымыздың құрылып, қалыптасқанына биыл 88 жыл толыпты. Сол жылдардың ішінде туған мекенімізде көптеген игі шаралар ұйымдастырылды . Айта кетсек, 2006 жылы «Ақжайық» тарихи танымдық анықтамалығы жарық көрді . Оның ішінде біздің ауылдың бетке ұстар ардагер ұстаздар, көптеген жетістіктерге жеткен азаматтар туралы деректер баршылық.

«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» — дейді халқымыз . Осы мақалдың өзінде терең мағына жатыр. Ақын-жазушыларымыз туған жерге деген ыстық махаббаттарын өлеңге арқау қылады. Себебі әркімге өз туған жері, атамекені ыстық . Менің туған жерім сылдыр қаққан Жайық өзенінің жағалауында орналасқан. Нулы орман, шалқыған өзені, тасы, шөбі – бәрі-бәрі мен үшін алтыннан да қымбат.  Дүние жүзінде ең көркем, ең ғажап, ең әдемі қай мекен десе, мен бірінші Қазақстанның арқа төсінде орналасқан ару Елордамызды, екінші өзімнің Чапаев ауылымды мүдірместен айтар едім. Бұл, әрине, менің өз пікірім. Бірақ бір қынжылтатын жайт, байлығымыз – Жайық өзенінің суы кейінгі кезде өз арнасынан күрт төмендеуде . Бұрын керемет шомылатын жерлеріміз тартылып бара жатыр. Егер осылай жалғасса, балығымыз қырылып, тоғайларымыздың жойылып кету қаупі бар.  Айту түгілі, ойлауға да қорқынышты. Бірақ «үмітсіз шайтан» демекші, ел ағалары – апалары бір қам-қарекетін жасап, Жайығымызды сақтап, арнасы бұрынғы қалпына келер деген үміттеміз . Сондықтан да туған жерімізді қадірлеп, оның табиғатына қамқорлықпен қарайық .

Мағыналы Ақжайық деген  ат қандай ,

Маңғаз далам мәңгі шалқып жатқандай.

Таңның өзі Ақжайықтан атқандай,

Күннің өзі ауылымды асып, батқандай.

Ақжайығым, абыройың арта берсін,

Жұртшылыққа белгілі, дарқан елсің!

Әр күнің бола берсін шұғылалы

Мен сені мәңгілікке мақтан еттім!

Әсем  ҚУАНОВА,

10-сынып оқушысы,

М.Әуезов атындағы ОМ