14.12.2020, 17:12
Қараулар: 93
Енемнен дарып қасиет

Енемнен дарып қасиет

Газетіміздің 27 қарашадағы 47-санында ілші Ләззат Өтегеннің «Қазақ емі: шипа ма, әлде сенім бе?» тақырыбында мақала жарияланған болатын. Тақырыптың өзектілігі соншалық, біздің редакциямыздың поштасына көкейкесті бұл мәселеге қатысты бірнеше хат түсті. Газетіміздің әр нөмірін қалт жібермейтін оқырмандарымыздың пікірлерін жариялауды жөн көрдік.

Менің Есенсай ауылына келін болып түскеніме 50 жылдан асыпты. Енеммен 25 жыл бір шаңырақ астында тұрдым. Кейуана, жарықтық, әуелден кісі қарап, емшілікпен айналысқан еді. Уақыт өте келе,  менде кез-келген жерде құлап, талып қалатын дерт пайда болды. Дәрігерлерге барып қаралып, ем-дом алсам да, жазылатын түрім жоқ. Сөйтіп жүріп Қаратөбе өңірінде емі дуалы әйелдің  барын  естіп, сол кісігіе қаралуға бардым. Алдына кіргенім сол-ақ екен, емші түр-тұлғама көзін салып: «Саған арқа қонған. Сол арқаны ұстасаң, құлан-таза айығасың. Алдына келген науқастарды қара, емде», – деп айтты. Содан бастап қой ауруымен ауырған кішкене балаларды қиып, қорықтық құйып, түрлі ауруына шағымданған адамдарды қарай бастадым. Әлгі кісі айтқандай, кісілерді қарағалы өзімнің ауруым туралы ұмыттым. Өзімді соншама дуалы, қауқарлы емші дей алмаймын. Тек алдыма келген адамның немен ауыратыны туралы сөздер құлағыма естіліп, сол бойынша науқастың тамырын басу арқылы емдейтінмін. Баяғыда марқұм енем киікоты шөбін адамдарды емдеуде пайдаланатын. Жазғытұры алғаш найзағай ойнағанда, тұрған жерінен 1 жылға жететіндей етіп топырақ қазып алатын. Топырақпен балаларды ұшықтап, келген кісілерге ем ретінде беретін. Сол енемнен дарыса керек осы қасиет. Мен де осы үрдіс бойынша емшілік жүргіземін. Осы қыс айында бір кішкене бала қатты ауырып келді. Тіпті көзін ашпай, дәрменсіз күйде жатыр. Сол балаға көз қатты тиген екен. Қолымдағы топырақпен ұшықтап жібердім де, сүрелерді оқыдым. Келесі күні әлгі бүлдіршін түк болмағандай ойнап шауып жүр. Осындай науқастардың тәуір болғанын көріп, жаным тыныштық табады. Осының бәрі енемнен берілген қасиет деп ойлаймын.

Сәуле ӨМІРЗАҚОВА,

ЕСЕНСАЙ