14.12.2020, 17:12
Қараулар: 95
Тәуіптен ем сұрама

Тәуіптен ем сұрама

Мен 2 баланың анасымын. Жасым 44-те. Осыдан 3 жыл бұрын қатты науқастанып, жұмысқа уақытша  жарамсыз болып қалдым. Аурухананың бітпейтін қағаздары, ота жасау үшін порталды күтіп, қанша ай жүрдім. Жеке клиникалараға да бардым. Қанша ем-дом жасаса да, нәтиже болмады. Туған-туысқандарым қазақ еміне жүгін деп те көп айтатын. Негізі жеке басым, емші-тәуіптерге сене бермейтін едім. Алайда анам осындай жерде барлық аурудан емдейтін емші апайдың бар деген соң, оның  көңілін жыға алмадым. Бұл емші екінің бірін қабылдай бермейді екен. Клиенттері де өте көп. Тек арнайы жазылып барасың. Емшіге қоңырау шалып, 2 ай бұрын қабылдауына жазылып қойғанмын. Сөйтіп уақытым келіп, Ақтөбе қаласына жолға шықтық. Ішімде  үрей, сенімсіздік те жоқ емес. Апай жылы қарсы алып, тамырымды ұстап, біраз үнсіз отырды. Қызығы сол, маған дәрігерлердің қойған диагнозын емес, басқа бір ауру түрін атады. Артынша «Отбасыңда қиындық болып жатыр екен, екі бүйрегің ауырады екен, 3 балаң бар», – деп маған түк қатысы жоқ нәрселерді айта бастады. Демімді ішіме алып, үндемей ғана барлығын тыңдап, үшкіріп-түшкіріп бергенін алдым. Айтып отырғаны жалған болса да, үндемей тыңдап отырдым. Балаларға арнап жақпамай мен бір емдік шөпке  оқып, осыны ауырған жеріңе жағып, шөпті қайнатып ішесің деді. Берген емінің біреуін де қолданған жоқпын. Ауылға келген соң, ауруханаға барып,  дәрігерлерден ота жасалатын күнді анықтап, Астана қаласындағы білікті дәрігерлердің жүргізген емінің арқасында дертімнен құлан таза айықтым. Сонда түсінгенім,  кез келген емші-бақсыға барып, алтын уақыт пен ақшаңды сарп еткенше, әуелі Алладан, сосын ақ желеңділерден үміт күту керек. Әрине, бәріне бірдей топырақ шашапаймын. Халық мойындаған нағыз емшілер арамызда жетерлік. Алайда жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп, емшілікті бизнеске айналдырып, осылайша қып-қызыл ақшаға кенелген алаяқтарға дертіне ем іздеген жандар алданбаса екен деймін. Ең бастысы, дәрігерлердің айтқанын тыңдап, уақтылы қаралып, ауырмайтын жол іздеу керек.

Гүлназ АХМЕТ,

ЧАПАЕВ