14.12.2020, 17:13
Қараулар: 106
Ел мақтаған Саясат

Ел мақтаған Саясат

Адамның арасында жақсы да жүрер, жаман да жүрер. Жамандарды дабыралап, жан-жақтан жабылып, табалағаннан гөрі, сол игі жақсыларымызды көпке үлгі ете білсек, оның өмірі мен еңбегінен сабақ алған кейбір жандардың адамгершілік пен еңбекқорлықты, жанашырлық пен қайырымдылықты өміріне бағдар етері шүбасыз. Сондай мақтаулылардың арасында жастарды кездестіріп жатсам, солар үшін қуанып, олардың жақсылығын көпке паш еткім келетін әдетім. Сол әдетіммен қолыма қалам алып, ордабұзар отызында талай игі істің басын қайырып, өз замандастарына үлгі көрсеткен Саясат Тасқалиев жөнінде сөз қозғамақпын.

Саясат балам 1990 жылы Есенсай ауылында қарапайым еңбек адамының жанұясында дүниеге келген. Әкесі Әнуарбек те әманда еңбектен қол үзбеп еді: көлік жүргізушісі, қаламен екі ортаға өзінің жеке машинасымен жолаушы тасымалдайтын.  Саясат болса, ауылдағы мектепті бітірген соң, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Азаматтық парызын орындап қайтқан соң, мұнай-газ саласы бойынша білім алды. Бүгінгі  заманда сұранысқа ие мамандық емес пе, қалада қалып, жоғары жалақы төлейтін жұмыстардың біріне орналасуға болатын еді. Бірақ Саясат туған ауылында еңбек етуге бел буды. Аап айтсақ, кәсіпкерлікке бет бұрды. Көп кешікпей ата-анасына келін түсірді. Оксана Абдрахманова есімді қызға үйленіп, 3 баланың әкесі атанды.

Бүгінде ол ата-анасымен бірге ауылда тұрады. Босаған үйлердің бірін сатып алып, 2 бөлмелі дүкен ашты. Осында келіншегі сатушы. Оксана қазақы, өте кішіпейіл жан, сәлемі түзу. Дүкенінің бір бөлмесінде күнделікті пайдаланатын азық-түлік, жеміс-жидек, көкөніс, т.б. өнімдері үзілмей сатылып тұрады. Жаның нені қалайды, бұл дүкеннен бәрін табуға болады. Бұрын астықтың түр-түрін ауданнан, қаладан алдыртатын едік, қазірде баламыз әкеліп, рахатты көрдік дейді зейнеткер аналар, ұстаздар.

Қасындағы келесі бөлмеде құрылыс материалдары саудаланады. Құрылыс бастаймын, баспана жөндеймін дегендерге бәрі осында: шифер, ГВЛ, линолеум, бұранда, шеге, қаңылтыр жабын, кілт, электр сымдары,  өзге де ұсақ-түйектер. Тіпті ауыр-жеңіл заттарды таситын екі дөңгелекті арбаға дейін бар. Тұсқағаздардың көптігі соншалық, жайыла қалса, көздің жауын алады.

«Шаруасын ширатып отырған Саясат баламызға алғысымыз зор» дейді ауылдастар. Халықтың сұранысын дөп басып, қажетін уақытында жеткізіп берген соң, риза болмағанда ше?! «Бағаны аспандатпайды, тауарлары өте қымбат емес, қол жетімді»,-дейді келушілер. Бұрын жем, кебек іздеп, аудан орталығына шабатынбыз, не болмаса кетіп бара жатқан біреуге аманаттап, қазір соның бәрімен Саясат қамтамасыз етіп отыр.

Бүгінде дүкенге келе қалсаңыз, міндетті түрде тәртіп сақтауыңыз тиіс. Есікте «Маскасыз кіруге болмайды» деген жазба ілініп тұр. Сатушы Оксана қызымыз да ауыл тұрғындарына маска тағуды талап етуде, онысы дұрыс та.

Бұрынғылар «Елде болсын, елде болса, ерінге тиеді» деп айтып отыратын. Сол сөздің жаны бар екен. Арамызда бас көтерген осындай жастардың арқасында ауылымыз көркейіп, жоқ-жітіктер қамқорлыққа бөленуде. Саясат та ауылдағы түрлі шараларға үнемі қолдау көрсетеді. Төтенше жағдай кезінде тұрмысы төмен жерлестеріне азық-түліктерін тегін жеткізіп, тағы 5 отбасының әрқайсысына 30 мың теңгеден көмектесті. Төтенше жағдай бітті екен деп, бұл тірлігін тоқтатқан Саясат жоқ. Қолынан келген көмегін ауылдастарынан  аямай әлі де жалғастыруда. Үнемі ауыл әкімдігімен ақылдасып, қандай қолдау қажет, көрсетуге әзір.

«Кең болсаң, кем болмайсың» деген, Саясат баламызға игі ісің табыспен өрілсін, халықтың алғысына бөленіп жүре бер демекпіз!!

Мерует ҚАУЫМБАЕВА,

еңбек ардагері

ЕСЕНСАЙ