14.12.2020, 17:17
Қараулар: 128
Жыл соңында сан жүлде

Жыл соңында сан жүлде

Білім беруді дамыту орталығы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері ақын Жұбан Молдағалиевтың 100 жылдығына орай  облыстық мектеп кітапханашылары арасында «Жыр тудырған Жұбан» тақырыбында онлайн-байқау  ұйымдастырды. Байқаудың мақсаты – облыстағы мектеп кітапханашыларының арасында Жұбан шығармаларын насихаттау, оқырмандарды Жұбан поэзиясына, ұлы ойшылдың рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.

Байқауға 13 үміткер қатысып, ауданымыздың намысын қорғаған Жұбан Молдағалиев атындағы  орта жалпы білім беретін мектептің кітапханашысы Гүлжан   Қабдолова І орынды жеңіп алды. Гүлжан Базарбекқызы ақын өлеңдерін сахналық образ арқылы мәнерлеп жатқа айту бойынша қатысушы әріптестерінен озық болды.

Ал 3 желтоқсанда облыстық білім басқармасы Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырған байқауға да аудан мұғалімдері қатысып, бақ сынады. Ақынның мұрасын насихаттау және шығармашылықпен жұмыс істейтін, педагогтерді анықтау, қолдау және ынталандыру мақсатында еңбек өтілі 5 жылға дейінгі жас мамандар арасында қашықтықтан оздырылған осы байқауда Тайпақ мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әнуар Аманжолов І орынға ие болды. «Ғашықтың жүрегімен халқын сүйген…» аталымы бойынша қатысқан ол өзінің «Жұбан — Жебе» төл туындысын ұсынды.

Жуырда өткен облыстық «Олимп» сәндік өнер және ақындық шығармашылық дуэт байқауында да жерлес мұғалімдердің бағы жанды. Бұл байқауға қатысқан Сарытоғай орта мектебінің шешендіктану үйірмесінің жетекшісі Шынарай Сүлейменованың «Жыр-Жұбан» өлеңін ұсынса,  аудандық балалар шығармашылығы орталығының қолөнер үйірмесінің жетекшісі Досжан Бижанов осы өлеңге ұйқастырып, керілген теріге әсем композиция ойластырыпты. Поэзия мен қолөнердің шебер туындыларын байқаудың қазылар алқасы ең үздік дуэт деп бағалады.

Ауданымыздың жүлде қоржынын молайтқан әріптестеріміздің жұмысына сәттілік тілейміз.

Әлия САПАРҒАЛИЕВА,

аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі