21.12.2020, 9:58
Қараулар: 99
Бағымыздың артуы — ағайынның мерейі

Бағымыздың артуы — ағайынның мерейі

Қазақ халқы үшін желтоқсан айының жөні бөлек. Желтоқсанның желі, ызғары, боранында бір кие бардай. Сонау 1986-ның желтоқсанында еліміздің бостандығы үшін алаңға шығып, ұлттың намысын қорғап, өзге ұлт өкіліне елімізді билетпейміз, қазақты қазақ қана басқаруы керек, ата бабамыз қорғап қалған ұлан-ғайыр даламызға өзіміз ие болсақ деген арманды ту еткен жастардың қан төккен айында құдірет болмағанда ше?!

Арада 5 жыл уақыт өткенде, яғни 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заңы қабылданып, азат елге айналдық. Тәуелсіздігімізді тойлау содан бері қыстың алғашқы айының бір күніне ерекше жылылық беріп тұрғандай. Қазақ елінің азаттығын айшықтаған мейрамды ұлан асыр тоймен қарсы алып келе жатқанына да, міне, 29 жыл болыпты. Бұл дегеніміз еліміздің жігіт жасынан асып, орда бұзар жасқа таяу екенін көрсетеді емес пе?! Осы уақыт аралығында жас мемлекетіміздің талай белестерді бағындырып, талай жетістіктерге қол жеткізгенін өздеріңіз білесіздер.

Тарих қойнауына кеткен осы жылдар Тәуелсіз Қазақстанды аяғынан нық тұрғызуға және экономикалық дамуға, рухани күш қуатын нығайтуға арналды. Міне, жалпақ жаhанға танылған бүгінгі күнімізге дейін жүздеген мысал келтіруге болар. Қиындықтар, табыстар, қателіктер, ілгерілеулер – бәрі де өткен жолымыз, тарих шежіресі. Экономикамыздың жетілгенінің айқын дәлелі – елімізде бизнеспен айналысамын, еңбектенемін деген жанға мүмкіндік молынан. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөзді өмірлік ұстанымына айналдырған ағайын мемлекеттік қолдауының арқасында осы жылдар арасында кәсіптерін дамытып, келер ұрпаққа адал еңбектің үлгісін көрсетіп келеді. Кәсіпкерлікке көрсетілген қолдаудың бір парасын өзім де пайдаланып, жылдар желісінде ата-бабамыздың кәсібі – мал шаруашылығын жолға қойды. Қолға алған ісімді шама жеткенше алға сүйреуге күш салып жүрмін. Кәсіпті жетілдіруге ұмтылмасақ болмайды, себебі осы арқылы елімнің дамуына титтей де болса, үлесімді қосамын. Бизнесі іргелі мемлекеттің әлеуеті жоғары болатыны белгілі. Әрі біздің шаруашылықтың құрылғанынан бастап, осы күнде аяққа тұруына табанды еңбек еткен азаматтардың да сенімі бар, үміттің үдесінен шықпасақ, азаматтығымыз қайда?! Себебі еліміздің әр жетістігі, әр қадамы ұлтын сүйген әр пенде үшін қымбат.

Мұның бәрі арайлап атқан тәуелсіздіктің таңының бірден-бір жемісі. Ендеше ұлы мереке, Тәуелсіздік күні баршамызға шуақ болып төгіліп, ырыс-береке арта берсін. Жұртымның ақ армандары орындала берсін. Жұртымызды әбігерге салған індеттен тезірек құтылар күн тусын.

Нұрболат ҚАДЫРҒАЛИЕВ,

«Бірлестік» шаруа қожалығыныңжетекшісі.

КӨНЕКЕТКЕН