21.12.2020, 10:00
Қараулар: 112
Елім деген ері бар

Елім деген ері бар

Әрбір ел мен халықтың, әрбір адамның, тіпті өркениеттің  өз тағдыры бар. Өткен 29 жыл Қазақстан тарихына ең мазмұнды және жарқын беттер қосқан қарқынды жылдар болды.  Тарих үшін қас-қағым уақыт болғанымен, ширек ғасыр ішінде еліміз еңсерген белестер мен жетістіктер нәтижесінде кең байтақ елімізде халықтың әл-ауқаты артып, тұрмысы бақуаттанды. Мұның бәрі әрине,  жаһандық өзгерістер талабына сай, барша қазақстандықтардың әлеуетін арттыратын жаңа мүмкіндіктерге бағытталған саясатының арқасында мүмкін болды. Кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде орын алған ауқымды, шарапаты мол игі істер туған өлкеміз  Ақжайықтың да тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктеріне ұштасып, ауыл-елдің келешекке деген сенімін нығайтты.

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясаты мен көрегендігінің басты басымдығы — «Ең бірінші экономика, содан кейін саясат» ұстанымының бүгінгі жетістіктері – әбден таразыланған жоспарлар мен жасалған дәйекті қадамдардың қорытындысы. Аса ауыр экономикалық құлдырау кезеңінде жас мемлекеттің аяққа тұрып кетуі әрине, оңай болған жоқ. Экономиканың күйреуі мен жаппай жұмыссыздықтан кедейшілік деңгейінің күрт өскені көпке аян. Осындай сындарлы сәттерден мүдірмей шыққанымыз – барша жерлестеріміздің ауызбіршілікпен ұйысқан еңбегінің арқасы.

Мұның жарқын мысалдарын біздің Алғабас ауылдық округінен де келтіруге болады. күре жолдан шалғайда орналасқанымен, бірлігі бекем елдің мерейі жыл өткен сайын өсуде. Тек биылдың өзінде шағын болса да, іргесі сөгілмеген Тегісжол мен Жаңажол елдімекендеріне табиғи газ жеткізілді. Ауылдың жүрегі, балаларымыздың білім ордасы – мектебіміз толық жаңғырып, заманауи күйге енді. Осы жақсылықтарды елеп-екшеген алғабастықтар, әрине, тәуелміздігімізге тәубе айтудан кенде емес. Ең бастысы, сонау кеңестік дәуірден бері ауылдастарды алаңдатқан жолдың мәселесі шешіліп, көлемді жұмыстар қолға алынды. Келесі жылы бұл жұмыс та тәмамдалып, жол қатынасы түзелетініне атқарылған қауырт жұмыс дәлел.

Түтіні түзу шыққан елдің татулығы да егемендігімізді баянды етері кәміл. Бір мақтанарымыз, елінің бергенінен еліне берері көп жомарт азаматтары көп елміз. Ауылда арқасүйер азаматтардың күшімен спорт алаңы салынып, электр шамдары самаладай жарқыраса, жаңажолдықтар ауылға кіре берісте таным белгісін орнатты. Бұл тек ауқымды істердің бірсыпырасы ғана. Індет елімізге жетіп, дағдарыстың лебі сезілгенде, мәрт кәсіпкерлеріміз ауылдастарының жағдайына бей-жай қарай алмай, оларға азық-түлік, дәрі-дәрмекпен көмектесті. Ерекше атап өтер тұс – Ерболат Құрманғалиев бауырымыз аудан орталығындағы аурухананың ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етілуін өз мойнына алып, ерге лайық шаруа атқарды.

Иә, тәуелсіздігіміздің жылдар жүзіндегі жемісі бұл. Бастысы, елім дейтін ері барда, бозторғай қой үстінде жұмыртқалап, ауыл-елдің жағдайы арта бермек. Әманда, ағайынды ауызбіршіліктен, адамгершіліктен айырмасын. Сонда ғана қазақ елінің еңсесі биік болмақ!

Темірболат ЕСЕНҒАЛИЕВ,

ауылдық округ әкімі,

АЛҒАБАС