21.12.2020, 10:02
Қараулар: 102
Отан үшін зор мақтаныш

Отан үшін зор мақтаныш

Егемен ел атанған Қазақстан үшін қандай да болмасын мерекенің, мейрам мен тойдың атасы – Тәуелсіздік күні екендігі даусыз. Еліміздің бас мерекесі ауданда ерекше салтанатпен атап өтілді.

Барлық санитарлық талаптар ескеріліп өткізілген мерекелік шарада аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов Тәуелсіздік күнімен құттықтап, бұл күннің — азат еліміз үшін айрықша күн екеніне тоқталды. Осынау кең байтақ жерімізді білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғай жүріп, ата-бабаларымыздың асыл арманының орындалған күні екенін айтты. Жалпы биылғы жыл індет біраз әбігерге салса да, ауданымыз үшін табысты жыл болды. Өңіріміздері ауқымды құрылыс жүргізіліп, инвестиция көлемі артты. Орталықта және ауылдық округтерде әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтіп, жаңа құрылыстар бой көтерді. Көшелер жарықтанды, ауылішілік жолдар жөнделді. Аудан елдімекендеріне көгілдір отын мен таза су жеткізілді. Абай атындағы мектеп гимназияның 300 орындық ғимараты мен 100 орындық интернаттың құрылысы аяқталды. Әрі жемісті іске толы жыл ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдық мерейтойын атап өтумен айшықталды. Аудан қазынасына бір тиын да салмақ түсірмеген атқамінер азаматтардың күшімен ақынның рухын асқақтатқан орталық салынды.

– Міне егемен еліміздің өміріндегі тағы бір мерейлі белес жақындап қалды, келесі жылы Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Әлемді жаулаған пандемияға да тойтарыс беріп, індеттің ауыртпалығын артқа тастар күн алыс емес деп үміттенеміз. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде «Біз Тәуелсіздіктің жалғыз тірегі бірлік екенін ешқашан ұмытпауымыз керек» деген болатын. Ендеше бірлігіміз артып, береке-ырысы тасыған ел болайық!», – деді ол.

Аудан әкімі еңбекте озық мақтаныштарымызға бірқатар марапаттарды тапсырды.  Алдымен «Ерен еңбегі үшін» медалін «Сәбит» шаруа қожалығының басшысы Ерболат Құрманғалиев, «Шапағат» медалін тайпақтық жеке кәсіпкер Болат Хисин, Қазақстан Республикасы  Ішкі Істер министрлігінің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» төсбелгісін Ақжайық аудандық полиция бөлімінің бастығы Қайрат Хасеновтің өңіріне тақты. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен М.Әуезов атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Дина Бекмағамбетова, Жайық негізгі мектебінің қазақ тілі, әдебиет пәні мұғалімі Меруерт Ерментаева марапатталды. Осы министрліктің балалардың құқықтарын қорғау комитетінің грамотасына Телағысовтар отбасы ие болса, Алғыс хатпен аудандық білім бөлімінің кітапхана қорының әдіскері Гүлниса Әдиетова, Алмалы орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі Гүлжамал Садықова марапатталды. Батыс Қазақстан облысы әкімінің Құрмет граматасын ауданның бас имамы Ерлан Айтенов, мүгедектер қоғамының аудандық филиалының төрағасы Мұрат Сәрсенов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жанна Нұржанова иеленсе, облыс әкімінің алғыс хаты аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Руслан Алмағамбетов, аудандық аурухананың медициналық көмекті ұйымдастыру жөніндегі орынбасары Әсел Ералиева, «Жайықтехсервис» мемлекеттік кәсіпорыны инженері Тимур Мырзағалиев, аудандық әкімі аппаратының ұйымдастыру жұмыстары және мемлекеттік қызметтер мониторингі бөлімінің бас маманы Айнагүл Бегееваға табысталды. Еңбек ардагері Ғилаж Лұқпановқа облыс әкімінің құттықтау хаты да жеткізілді. Облыстық мәслихат хатшысының алғыс хатымен облыстық мәслихат депутаты, Чапаев орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің ормандарды өсіру инженері Мұхтар Мәлік марапатталды.Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агентігінің БҚО бойынша департаментінің алғыс хаты аудандық жастар ресурстық орталығының қызметкері  Айдар Елдесовқа берілді.

Сонымен қатар өз саласында өзық еңбек үлгісін көрсеткен жерлестеріміз түрлі аталымдар бойынша марапатталды.

Мерекелік концерт берілді. Жас талант Арман Шынғалиев сахналанған монологында 1986 жылғы көтеріліс кезіндегі қайғы-қасіретті, қазақтың өшпес рухын, өршілдігін әйгіледі. Желтоқсан мен Тәуелсіздік туралы әндер әуелеп, би орындалды.

Асыл ҚАЙРАТ