21.12.2020, 10:03
Қараулар: 101
Ұлық мерекедегі ұлан-асыр қуаныш

Ұлық мерекедегі ұлан-асыр қуаныш

Биылғы жыл ауданға сыйын аямай төкті. Әсіресе ауыл- аймақтағы ағайын үшін жағымды жаңалықтар легі әлі жалғасын тауып жатыр. Жуырда Жамбыл ауылында газ алауы тұтанса, міне, Тәуелсіздік мейрамы қарсаңында бұл ауылдың әр үйі ауыз су құбырына қосылды. Жоба бойынша Ақжол ауылдық округіне қарасты Битілеу ауылына  қоса тартылған құрылыс жұмыстарына бөлінген қаражат көлемі ауқымды – 774 млн.теңге. Жауапты шаруаны облыс бойынша осы салада жетістіктері мол «ПМК-117» ЖШС қолға алып, жоспарланған уақытында аяқтады.

Айтулы іске орайластырылған салтанатта жамбылдықтардың қуанышын бөлісуге арнайы келген аудан әкімі Қалияр.Айтмұхамбетов құттықтау сөз сөйледі: «Міне, күні кеше ауылға көгілдір отынның жеткенін тойласақ, бүгінгі қуаныштың да салмағы барша ауылдастар үшін басым. Қазақта «Отын олжа, су  нұрлық» деген сөз бар, енді тіршіліктің нәрі ауыз су да баспаналарыңызға кірді.  Бұл – Тәуелсіздік мейрамы қарсаңындағы тамаша тарту. Бізде биыл 11 елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз етіліп, 400 милион теңге жұмсалды. Жалпы құны 1 мрлд 300 млнға жуық қаражатқа 6 ауылға таза ауыз су тартылды. Баршаңызды қуаныштарыңызбен шын жүректен құттықтаймын, берекелі күндеріміз көп болып, келе жатқан мерекеміз құтты болсын!».

Осыдан соң аудан әкімі су құбырын тартуда сапалы жұмыс жүргізген мердігер «ПМК-117» ЖШС басшысы Ольга Поповаға алғыс хат табыстады. Ауылдастар атынан еңбек ардагері Ғайнижамал Ахметова мердігерлерге, аудан әкімшілігіне, осы істе еңбектері елеулі жандарға алғыс айтты. «Көшім» су арнасынан шелектеп су тасыған күндердің артта қалғанына қуанышты екенін тілге тиек еткен ол ауылдасы Мұрат Аққұбашовпен бірге су құбырын іске қосу рәсімін жасады.

Дәл осындай салтанат Битілеу ауылында да жалғасты. Аудан әкімінің құттықтауынан соң ауыл ақсақалы, еңбек ардагері Ахметжан Нұрсұлтанов сөз алып, ауылдастардың алғысын жеткізді. Су құбырын аудан әкімі Қ.Шадиярұлы мен ауылдың ақсақалдары Талғат Есімов, Амангелді Самиғалиев іске қосты. «Татулықтың үлгісіне айналған ауылымыз өркендеп, көркейе берсін. Ел болашағын кемелдендіруде еңбектеріңіз жана берсін» деген ақжарма тілекпен тарасты бұл ауылдың тұрғындары.

Жыл жемісі – Жаңабұлақ ауылында құрылысы аяқталған екі пәтерлік тұрғын үйдің пайдалануға берілді. Аудан әкімі Қ.Айтмұхамбетов айтулы күнмен барша жерлестерге ізгі тілегін арнап, қос бірдей пәтердің кілтін көпбалалы аналарға табыстады. Сонымен қатар үш айдың ішінде баспана салып берген мердігер «БатысКотлоМонтаж» ЖШС басшысы Дамир Өмірзақұлына алғыс хат табысталды.

Қоныс тойын тойлағандардың бірі Айгүл Нүптіғалиева барша құрылысшыларға, ат үстіндегі азаматтарға ақ алғысын арнады. Естеріңізге сала кетсек, баспананың құрылысына 19 млн теңгеден астам қаражат бөлінді.

Тұғыры биік мереке аудандағы бірқатар ауылдарда осындай жақсы істермен айшықталды.

Ә.ОРЫНҒАЛИ.