21.12.2020, 10:04
Қараулар: 113
 «Nur Otan» партиясының сайлауалды штабы жұмысқа кірісті

 «Nur Otan» партиясының сайлауалды штабы жұмысқа кірісті

Қазақстанда 2021 жылдың 10 қаңтарында өтетін кезекті ҚР Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары басталғаны көпшілікке мәлім. Осыған орай бүгін ауданда «Nur Otan» партиясының сайлауалды штабы өз жұмысын бастады. Қатаң шектеу шаралары ескеріліп ұйымдастырылған жиынға штаб мүшелері түгелдей қатысты.

Бұл сайлау елдіктің сыны болатыны, мемлекетіміздің болашағы үшін жауапкершілігіміз безбенге түсетіні сөзсіз. Еліміздің ең іргелі, ең әлеуетті саяси күші, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың өзі басшылық ететін «Nur Otan» партиясы тағдыршешті науқанға бар күшін жұмылдыра кірісті. Осы турасында сөз сөйлеп, шараны ашқан аудандық сайлауалды штабының төрайымы Айжан Нысанбаева қатысушыларды күн  тәртібімен таныстырды. Сонымен қатар партия өкілі «Nur Otan» партиясының қол жеткізген  жетістіктері мен бүгінгі өзгерістер туралы баяндады. «Алдағы сайлау бұрынғы сайлаудан өзгеше болатыны анық. Бұл ретте өзге партияларға қарағанда «Nur Otan» партиясы халықтың әлеуметтік хал-жағдайын қолдауда игі бастамаларды ұсынғаны көпке аян. Елбасының бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қорына қомақты қаражат жиналып, көптеген жерлесімізге көлемді көмек көрсетілді. Еліміздің саяси тарихында тұңғыш рет праймериз әдісімен партияішілік іріктеу өткізілді. Осы науқанға ауданымыздың партия өкілдерінің белсенділері қатысып, өңірдегі жұртшылықпен жүздесіп, ел арасындағы күрделі мәселелерді байыптады, сайлауалды бағдарламаларына енгізді. Бұл партияның кадрлық саясатын жаңғыртудағы ерекше бастамалардың бірі болды десем, артық айтқаным емес. Айта кету керек, праймеризге қатысқан үміткерлер – осы штабтың мүшелері. Сондай-ақ алда болатын сайлаудың ерекшелігі, сайлауға түсетін үміткерлер арасында жастар мен әйелдер квотасының сақталуы қарастырылды.  Яғни, партия тізімімен түсетін кандидаттар арасында әйелдер мен жастардың үлесі 30% болуы шарт. Бұл, келешекте депутаттар арасынан жаңа идеяларға толы жастар мен әлеуметтік-рухани тірлікті түлететін әйелдердің болуының бірден-бір кепілі», – деді Айжан Ғибатоллақызы.

Сайлауалды штаб мүшесі Гүлнар Гилманова «Nur Otan» партиясының Ақжайық ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасының негізгі тұжырымдарымен таныстырды. Алдағы сайлаудың тағы бір ерекшелігі – осыған дейінгі саяси науқандарда партия жалпы бір бағдарлама ұсынса, бұл науқанға қарсы республикалық, облыстық және аудандық деңгейде жеке бағдарламалар жасақталды. «Nur Otan» партиясы ауданды дамытудың 7 басым бағытын өзінің сайлауалды бағдарламасында айқындады: экономикалық тұрақты аудан, жайлы аудан, әлеуметтік-бағытталған аудан, жастарға арналған аудан, бай тарихы мен мәдениеті бар аудан, ашық және есеп беретін жергілікті органдар, қауіпсіз аудан. Басты мақсат – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту.

Облыстық және аудандық мәслихат тізімдеріне енген үміткерлердің азаматтарды көшпелі қоғамдық қабылдау кестесімен, оның  тәртібімен шара барысында аудандық сайлауалды штабының төрайымының  орынбасары Әсемгүл Зейінова  таныстырды. Айта кетелік, аудан көлемінде ҚР Парламент мәжілісінің депутаттығына 1, облыстық мәслихатқа 2, аудандық мәслихатқа 24 үміткер тіркелген.

Осыдан соң кезінде партия жұмысында белсенді еңбек еткен, бүгінде аттан түспеген еңбек ардагері Дәулетжан Жақсыбаев сөз алды. «Әманда «Nur Otan» партиясы сабақтастық, әділдік және өрлеу деген негізгі үш қағидаға табан тіреп, жұмыс істеді. Өйткені тек осындай сабақты іс қана еліміздің қарқынды дамуын қамтамасыз ете алады. Азаматтар үшін ең маңыздысы не, ол – әл-ауқаттың артуы. Сондықтан партия алдына қойған нақты мақсаттарға қол жеткізу үшін үздіксіз дамып, үнемі өрлеп, өркендеуі керек», –деді ол.

Шараны А.Нысанбаева  қорытындылап, үгіт-насихат материалдарының үлгілері мен имидждік өнімдер табыстады.

Әлия ШАРАПИЕВА