21.12.2020, 10:05
Қараулар: 113
«Dostar» күтеді

«Dostar» күтеді

ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында Чапаев ауылының тұрғындары, ерлі-зайыпты Айбар мен Гүлнұр Рысқұловалар «Бауырластар зираты» саябағының аумағында «Dostar» қысқы демалыс орталығын ашты. Аталған шараның лентасын қию рәсіміне аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов қатысып, халық игілігі үшін осындай жақсы істі қолға алып, ауылымыздың көркеюіне атсалысып жатқан отбасына өз  алғысын білдірді.

Бұл жолдасым Айбардың көптен ойластырып жүрген ісі,- дейді жұбайы Гүлнұр. Бұл істі тиянақтау үшін ол еш жерден несие алмады, өзі тапқан қаржысын жинақтап, ашты. Орталығымыз аптаның әр күнінде келушілерді қабылдайды, көбінесе жұма, сенбі, жексенбі күндері келушілер көп болады деп есептейміз. Әзірге 75 коньки, 30 сырғанайтын баллон, 10 шаңғы сатып алдық. Вирустан сақтанудың бірден-бір жолы – денсаулығымызды нығайту. Дәрігерлер де таза ауада серуендеп, демалуға кеңес береді. Бұл да болса, біздің орталыққа келетіндердің қатарының қалың боларына бір кепіл. Сонымен қатар осында 20 адамға шақталған шағын асхана ашып қойдық, келушілерге барынша жағдай жасау – бізге міндет, — дейді орталық жетекшісі Гүлнұр Рысқұлова.

Осы күні ашылу салтанаты құрметіне аталған орталық келушілерге тегін қызмет көрсетті.

Азамат ҚАНАПИЯ