21.12.2020, 10:09
Қараулар: 109
Ару мекен — Ақжайық

Ару мекен — Ақжайық

Аудан  орталығында тұрғындарды ерекше қуантқан салтанат өтті. Мұнда Тәуелсіздігіміздің жетістіктерін айшықтайтын орталық алаңның құрылысы аяқталып, тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді. Ерекше қуанышты бөлісуге келген ағайынды аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов құттықтап, сөз сөйледі.

Жыл сайын аудан орталығының ажарына ажар үстеп, келбетін келістіретін игі істер атқарылуда. Көше жолдары тегістеліп, жаяу жүргіншілерге арналып төсемжолдар төселуде. Кәсіпкерлер де ортақ мекеннің ажарлануына үлес қосуда. Жаңа бизнес-нысандары ашылып, ауылының сәнін келтірер дизайнмен айшықталуда. Осы жайында айта келген аудан басшысы заманға сай игілікті істердің қатарына қосылған жаңа нысанның ауыл тұрғындарының демалып, бос уақыттарын өткізер орын болатынына сенімін білдірді.

Осыдан соң аудан әкімі еңбек ардагері, «Ақжайық ауданының құрметті азаматы» Даулетжан Жақсыбаевпен бірге лента қию рәсімін жасады. Бұл алаңда жасыл желектер отырғызылып, демалатын орындар жасақталған. Тутұғыр, мемориалды арқа орнатылған. Түнгі уақытта алаң алыстан менмұндалап тұрады, себебі алаңды қоршап, электр шамдары самаладай жарқырап тұр. Алдағы уақытта балалар ойын алаңына да орын берілмек.

Сонымен қатар осында елге елеулі еңбегі сіңген еңбек адамдарының суреттері ілінген құрмет тақтасы орнатылған. Жыл сайын Тәуелсіздік мерекесі тұсында фотосуреттер орыны ауысып, басқа да әр саланың еңбекерлері тақтадан орын алып, бір жыл бойы келушілердің назарында болмақ. Естеріңізге сала кетсек, шілде айында басталған құрылыс жұмыстарына жергілікті бюджеттен 65 млн 957 мың теңге бөлінді. Барлық жұмыстарды сапалы жүргізіп, дер уақытында аяқтаған мердігер – «Эврика» ЖШС. Алаңның жалпы аумағы – 4601 шаршы метр.

Ал нысанның қас бетінде орын тепкен «Ару мекен – Ақжайық» шағын архитектуралық нысаны алыстан көзге ұрады. Бұл нысанды орнатудың басты себебі – жерлестерді, ауыл жастарын отансүйгіштікке тәрбиелеп, туған жерге деген ыстық сезімдері жүрек төрінде мәңгі сақталатынын білдіру. Күндіз әсем дизайнымен көпті қызықтырса, түнде жарық шашып, ауылға ерекше көрік беретін жазбаның айналасында суретке түскен балалардың да, ересектердің қарасы қалың. Туған мекенге деген ерекше махаббат суреттерде ғана емес, әрқайсымыздың жүрегімізде мәңгі сақталсын!

Аңсар ТІЛЕК