21.12.2020, 10:12
Қараулар: 99
Ызғарлы күндер жадында

Ызғарлы күндер жадында

Эльмира Таженова 1969  Базартөбе ауылында қарапайым еңбек адамының жанұясында дүниеге келген. Әкесі Шаймардан ағай мен анасы Ақмаңдай апай екеуі 5 ұл, 3 қызды тәрбиелеп өсірген аяулы жандар. Ағамыз жоғары оқу орнын бітірген соң, 3-4 жыл осы Есенсайда мұғалім болып, артынша туған ауылы – Базартөбеде 40 жылға жуық мектеп директоры, сосын оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Бүгінде бақилыққа аттанған ұстаздың артында оның өнегесін талай шәкірттерімен қатар ауылдастары да сағына еске алады. Ақмаңдай апамыз – бүтін ауылдың қыз-келіншек, аналарына үлгі болған алтын құрсақты батыр ана. Пошта, мәдениет саласында қызмет еткен оның жұртты тамсандыратын ерекше дауысы бар еді. Сызылтып, баппен ән салғанда, тыңдарман көпшілік сілтідей тынып қалатын. Әжелер ансамблінің қатарында өнер көрсетіп, көрермендердің талай ықыласына да бөленді. Олар Есенсайда тұрғанда, браз жыл көршілес отырып, аға-апамызбен арамызда қыл өтпей, араласып едік. Қонақжайлығы бір бөлек, дастархан басында өнегелі әңгімелерін өрбіткенде, көп ұлағат алып қалатынбыз.

Бүгінгі мақалама арқау болған қыздары Эльмира бес ұлдан кейін көрінген. Бала кезінен қабілет-дарынымен ерекшеленген ол 5 сыныптан бастап Орал қаласындағы №11 мектеп-интернатта білім алды. Талай талантты тәрбиелеген осы білім ордасын үздік тамамдаған соң, арман қуып Алматыдағы жоғары оқу орындарының біріне оқуға түсті.

Ол оқуға түскен жыл – ел тарихында ерек есте қалған 1986 жыл екен. І курстың студенті – өндірдей бойжеткен ызғарымен есте қалған Желтоқсан оқиғасының куәгері. Тек қана куәгер емес, бодандыққа қарсы, азаттықты көксеген қазақ жастарының бел ортасында болып, алаңға шыққан.

… Желтоқсанның ызғарын тап осы күні аса сездім, — деп еске алады сол күндерді Эльмира, – кеш қарайып қалған уақыт. Жатақханада еш алаңсыз ұйқыға дайындалып жатқанбыз. Бір мезгілде терезенің тұсынан бір дауыстар естілді. Құлақ салып, тыңдасақ, қазақша патриоттық әндерді әуелеткен жастардың дауысы. Жалма-жан тезереден түннің қараңғысына үңіліп қарасақ, жатақхананың алдына бір топ қазақтың қыз-жігіттері жиналып тұр екен. Біздің қарағанымызды байқаған олар «Дереу сыртқа шығыңдар, біз қазақ елінің жастары, өз еліміздің ертеңін өзіміз жасауымыз керек» деп ұран тастады. Бізбен тілдескені сол-ақ екен, жүк көлігі қастарына тоқтап, ішінен бір топ милиционерлер сау етіп түсе қалды. Әрқайсысының жетегінде арпылдаған қарғыбаулы иттер. Сол жерде топтасқан замандастарымызды жүк көлігіне тиеп алып, бірден көзден зым-зия жоғалды. Біздің ұйықтамай, терезеден бар оқиғаны көріп отырғанымызды білген бойда жатақхана коменданты ұрсып, ештеңеге араласпай, тыныш жатыңдар деп бұйырды. Албырт кезіміз ғой, ештеңенің байыбына барып, түсінбесек те, жатақхананың алдына жиналған жастардың тектен-тек жүрмегенін, олардың еліміздің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған қыз-жігіттер екенін іштей түйсіндік. Айғай-шу, дабыра, коменданттың ұрысынан біраз қорқып та қалдық, ұйықтай алмай, сол түннен тынышсыз шықтық.

17 желтоқсан. Сабаққа келген біздерді есіктің алдынан староста қарсы алды. «Бүгін алаңда нашақор, бұзылған жастар бүлік ұйымдастырып жатыр. Ешқайсысың алаңға барушы болмаңдар, егер сол жаққа бет алсаңдар, ректорға бәріңді ұстап, аты-жөндеріңді жазып беремін» деп, сұс танытты. Кешегі замандастарымның арасында бұзықтарын да, нашақорларын да байқамадық. Бұл айтылғандардың бәрі тұп-тура жала екенін сезініп тұрмыз. Ақыры старостаның айтқанын елеместен, бірінші лекциядан соң құрбы қыздармен көше бойында келе жатқан жастарға ілесіп кеттік. Жас та болсақ, соншама қазақтың қыз-жігіттерін тентектік емес, ұлы мақсат біріктіргенін сезіп келеміз. Сөйтіп, алаңға да жеттік. Алаңның бір жағында қаптаған қаракөздеріміз, ал екінші жағында мұздай қаруланған әскерилерді көрдік. Анадай жерде өрт сөндіретін көліктер де тұр. Қасымыздағы замандастарымыздан естігеніміз: алаңға шыққан жастардың мақсаты ел басқаруға өзге ұлттың өкілін қойған Кеңес үкіметінің саясатына қарсы шығып, өз елін тек қазақ қана басқару керек деген талап екен. Қолдарында өздері жазған лозунгтары, шырқағандары атамекен туралы әндер. Жай ғана алаңда не болып жатқанын білуге келген Эльмира мен оның құрбылары студенттердің әуелеткен әніне қосылып, намыстары алаулады.

Әу дегенше болмады, басында бейбіт митинг ретінде басталған шерудегі жастарға әскерилер тас кесектерді жаудыра бастады. Милиционерлер жастарға қарсы шабуылдап, иттерді айтақтап жатыр. Сәт қана бұрын ән айтып, ұрандатқан жастардың жанұшырған дауыстары алаңды азан-қазан етті. Ерсілі-қарсылы жүгірген жастарды дубинкамен ұрып-жығып, брезент жабылған жүк көліктеріне бірінен соң бірін тиеп жатыр. Ақ қар, көк мұзда қазақ қыздарын шашынан сүйреп, азаматтардың қолын қайырған бір-бір жендет…

Қасымда Зәуре деген алматылық қыз бар, екеуіміздің аласапыранда алаңнан қалай құтылып шыққаным есімде жоқ, әйтеуір екеуіміз бір-бірімізді сүйреп жүрміз. Жатақхананы бетке алып қашып келе жатқан бетімізде алдымыздан бір милиционер атып шықты. Абырой болғанда, қазақ екен, екеуіміз жалынып, өтінген соң, босатып жіберді. Осылай тұрағымызға жеткенімізбен, оған кірудің өзі мұң. Жатақхананың іші толған мұғалім, милиционерлер, барша студенттерді сұрақтың астына алып жатыр. Сол күндері дүкенге өзіміз де шыға алмаймыз, қасымызға міндетті түрде бір оқытушы еріп барады. «Қызыл империяға» қарсы қазақтың ашу-ызасы шырқау шегіне жетп, отша лапылдаған сол күндері ұлтың қазақ болса, бәрі тергеп, тексеретін. Тіпті ата-анамызға амандығымызды айтып, хабарласуға да мүмкіндік бермеді.  Сол кезде курстастарымның алаңда болғанын біліп қойып, оқудан шығарып та жіберді.

Сол күн есінде мәңгі сақталған Эльмираға осыдан кейін ұстаздары біраз уақыт суық қарап, оқуына да кедергі жасауға тырысқан. Әйткенмен, «Кеңес үкіметі» деп аталған алып державаның шаңырағына сызат түскенін ол сол ызғарлы күндерде байқаған. Ертең-ақ егемен ел атанып, ұлтының болашағын өзі секілді азат ойлы жастардың қалыптастыратынын сезінді. Осылайша ол барлық ерік-жігерін қолға алып, шет тілінің маманы атанып шықты.

Лайым, алға қойған мақсат адамның тағдырын шешетіні рас емес пе?! Ауылға оралған ол біздің округке қарасты Кеңсуат ауылындағы мектепке жұмысқа орналасты. Осы ауылдың азаматы Лұқпан Иманғалиевпен көңіл жарастырып, 2 ұл, 3 қыз дүниеге әкелді. Озық тәжірибесімен ерекшеленген мұғалімді Есенсайға алдыртты, бүгінде оның осы іргелі білім ұясында еңбек еткеніне 28 жыл.

Сол желтоқсандағы жастармен иық тіресе қатар тұрған Эльмирамыз шағын ғана ауылда егемен елдің ұландарын тәрбиелеп, ауылдастарының зор құрметіне бөленуде. Алаңға шыққан қыз-жігіттеріміздің де көксегені осы емес пе?! Лайым, Тәуелсіздігіміз тұғырлы азаттықтың рухы асқақ болсын!

Мерует ӨТЕГЕНҚЫЗЫ,

Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрайымы, еңбек ардагері

ЕСЕНСАЙ.