21.12.2020, 10:16
Қараулар: 117
Ғалымдар мен ұстаздардың мәңгі мекені – Мәулімберді қорымы

Ғалымдар мен ұстаздардың мәңгі мекені – Мәулімберді қорымы

Өткен тарихымызды түгендесек, танылған тұстарынан гөрі әлі толық зерттелген ақтаңдаңдақ парақтары көп-ақ.  Соңғы жылдары тарихы сан тарау ауданымыздың шежіресін қағаз бетіне түсіріп, ұрпаққа табыстау мақсатында көптеген жұмыстар қолға алынуда. Солардың ішінде аудан аумағындағы тарихи қорымдар мен орындарды зерттеу жұмысының маңызы ерек екенін айта кеткен жөн. Ескі құлпытастардың бүккен сырын жария етуде «Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны»  аттытоп мүшелерінің еңбектерінің маңызы зор. Жыл сайын облыс, аудан өлкетанушылары, тарихқа жақын оқушылардың басын қосқан жорық өз жұмыстарының барысында өткен күннен белгі берер талай жәдігер тауып, өткенге зер салады. Ақжайық ауданының жер картасы бойынша сапарлаған азаматтардың да жұмыстарынан да мол нәтиже бар. Соның арқасында қаншама ескі құлпытастар сырын ақтарып, кешегі өткен шешендер, қол бастаған батыр-билердің өмірінен ақпар берді. Сол сапарлардың бірінде ашылған үлкен жаңалық – кезінде көпке сөзі жүрген беделді  адамдар жерленген Мәулімберді қорымы.

Базартөбе ауылының батыс жағына қарай 18 шақырым жол жүрсеңіз, тура осы қорымның дөп үстінен түсесіз. Бұл жер – ертедегі қалашықтың орны.  Ал қалашықтың Мәулімберді бабамыздың есімімен аталуына қарағанда, бұл адам белгілі тұлға, сол жердің бас көтерер адамы болғанын меңзейді. Иа Мәулімберді Қалқаман-Тана тайпасынан шыққан Тайпақ өңіріндегі екі шейхтің бірі. Шейх деп сол кезде діни лауазымы бар, аса сауатты адамды айтады.

Мәулімберді Байсеркешұлы ХІХ ғасырдың 80-ші жылдары Египетте қайтыс болған. Сүйегінің елге жеткізілгені туралы дерек жоқ, бірақ та көпшілік қорымға оның құрметіне құлпытас орнатылып, қорымға оның есімі берілген. Ол атақты Шымыр ишаннан бастап, Керей, Даулетияр сияқты ел арасында беделді тұлғалардың ұстазы болыпты. «Мәлімберді қорымы бұл кешен десек те болады. Бұл жерді суретке түсіріп, техникалық сипаттама жазып, мәтін тердік. Үлкен кітапқа жүк болатын деректер жиналды. Бұл орынның маңыздылығы – мұнда көне заманда медресе, мешіт болған. Осы қорымда дәрежелері биік шейхтар хазірет, ғалымдар жерленген» деп жазады «Орал өңірі» газетіне Нұрлыбек Рахманов. Сонымен қатар мұнда Мәулімбердінің ұрпақтары да жерленген. Оған дәлел – ғалымдар оқыған арапша жазудағы құлпытастардың бірінде былай делінген: «Мәулімбердінің ұлы Хаж Әлидің (Қажығали) көмілген жері, қабірі».  Екінші қатарда әкесі Мәулімбердінің атақтары жазылыпты. Сол жазбаға сүйенсек, өте жоғары білімді, кітаптар жазған адам болыпты. Ал ұлы Хаж Әли де осал жан емес, өйткені ол атақты Мұхаммад Әли Қарғалидан тәлім алып, заманының атақты ғалымы атанған. Оның қайтыс болған жылы хижра бойынша 1336-жылы деп жазылған, біздің жыл санауымызбен алсақ, 1869 жылы туылып, 1919 жылы 50 жасында дүниеден озған екен. Оның қасында інісі Абдурахимнің қабірі жатыр. Құлпытаста «44 жасында офат болды» деген жазу бар.

Бұл қорымда 65 тей құлпытас бар. Пішіні ерекшелеу келген дөңгелек ұұлпытасқа тоқтала кетсек, онда былай жазылыпты: «Әл-мархумәл-мағфур (марқұм болған, кешілген деген мағынада). Тана руы Қалқаман тайпасы. Айтқұл бөлімі. Баймат Қалдаманұлы. 40 ж (жасында деген болуы керек). 1902 йылы (жылы). Ұлы 19 ж. 1919 йылы. Тас қойды Баймат әйелі Орынбай. Зер салып, оқып шықсаңыз қайтыс болған азаматтың  зайыбы қойған. Осы арап тіліндегі жазуларды оқыған тарих ғылымдарының докторы, «Қазақ халқының рухани құндылықтары, киелі жерлердің дәстүрі мен мәдениетін сақтаудағы орыны мен маңызы» атты ғылыми жобаның жетекшісі Әшірбек Мүмінов таңданысын жасыра алмапты, себебі мұндағы жазулар өте сауатты жазылған екен, соған қарағанда, ол кездің өзінде қалашықта білгір, білікті жандар өмір сүрген көрінеді.

Айта кететін болсақ, 2015 жылдың шілде айында Қазақстан Республикасының Ғылым және білім министрлігінің арнайы «Батыс Қазақстан эпографиялық ескерткіштері негіздері» жобасы аясында облысымызға профессор Әшірбек Мүміновпен бірге  ғылыми қызметкер Бағдат Дүйсенов келген болатын. Ғалым ретінде оларды қызықтырған дүние – осы қорым. Олар арапша терілген жазуларды кириллицаға айналдырып, бірқатар жазбаларды орыс, ағылшын тілдеріне аударды. Батыс өңірінің тарихи тұлғаларының өмірін зерттеп жүрген тарих ғылымдарының кандидаты, Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің тарих кафедрасының доценті Жәнібек Исмурзинмен хабарласқанымызда, ол  Орынбор қаласына барып, Батыстың би шешендері, батырлары жайында деректер сүзіп, мұрағаттарда бірқатар жұмыс жүргізгенін айтты. Жұмыс барысында ертеден сақталған жазбалардың ішінде біз әңгімелеген Мәулімберді жайында аз болса да, мәліметтердің кездескенін әңгімелеп берді. Осы жайында кітап жазып шығарып,халыққа ұсынбақшы ниетте екен. Атақты Мәулімберді бабамыздың сонау Мысыр елінде жерленгенін сол ізденіске толы сапарында анықтапты.

«Орал өңірі» газетінің 2014 жылғы №7 санында журналист Жантас Сафиуллиннің «Мәулімберді қорымы – ғалымдар мекені» атты мақаласынан тағы бір деректер келтіре кетсек: «Осы жерде тігінен тұрған құлпытастар бірнеше адамға қойылған екен. Бір құлпытастың қас бетінде былай жазылған екен: «Мынау Байсеркештің қабірі (Мәулімбердінің әкесі) қажы, екі киелі қала Мекке мен Мәдинаға барып келген. 70 жасында дүние салған». Одан әрі де ұрпақтары жатыр, немересі Тухфаттулла (Абдужаппардың баласы) 25 жасында қайтыс болған. Оң жағында Зейнеп Рахымқызы –келіні болуы мүмкін. Сонда бұл бір әулеттің ұрпақтары, аталары жатқан жер».

Алматы қаласынан келген зерттеуші ғалымдарды бұл қорымға бастап барып, ескі қалашықтың орынын көрсеткен Базартөбе ауылдық округінің сол кездегі әкімі Аманжол Сәлімов ағамыз. Белгілі журналист Қазбек Құттымұратұлы осы қорымдағы кейбір жазулар мүлде басқаша өрнекпен жазылғандықтан, ғалым Ә.Құрбанұлын шақыртыпты. Өлке танушы, «Жерұйық» мұражайының жетекшісі Жәнібек Әбілпейісов сол зерттеу жұмыстары жайында былай дейді: «2015 жылы шілденің 12-18 күні аралығында Алматыдан Әшірбек Мүмінов пен Бағдат Дүйсенов арнайы келіп, қорымды толық зерттеді. Құлпытастағы жазулар 4 тілде жарық көретін кітапқа енгізілмек. Мысырдан, Хорезмнен келген ұстаздар осындағы медреседе дәріс беріпті. Жеке шаруашылығы бар, айналасы қарағай дуалмен қоршалған қалашық болып, Қазан төңкерісіне дейін тұрғанға ұқсайды. Ал Мәулімбердінің ұлы Қажығали – 1916 жылғыТайпақ өлкесіндегі ұлт-азаттық көтерілісінің басшыларының бірі. Мәулімберді қауымына жол бастап, көрсетуде Орал қаласында тұратын еңбек ардагері Әленғали Кереевтің еңбегі зор екенін айта кеткім келеді. Сол топтың құрамындағы жидашы Бақтығали Қоспаев, ақын Сағынтай Бисенғалиев сынды өлкенің шежіресін толықтыруда еңбегі ерен азаматтарға да жас ұрпақ әлі талай алғысын айтар. Бұл жерде 100 ге жуық көне құлпытас сақталған, толығырақ зерттеуді қажет етеді».

Ал біздің айтарымыз –үлкен тарих әр өлкенің тарихынан құралады. Ауданымыз тарихы да тереңнен басталатынын осы шағын мақаланың көлемінен-ақ байқастауға болады. Тарихи қазынамызды әлі де жан-жақты зерттеп, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырсақ,  зор сауапқа кенелеріміз шүбасыз.

Әсет БИСЕНҒАЛИЕВ