21.12.2020, 10:17
Қараулар: 120
Ат тұяғын тай басар

Ат тұяғын тай басар

Шыр етіп өмірге келгеннен Құдайың маңдайға жазғанын көріп, адами асыл қасиеттерінен айнымайтын, уақыт желімен құбылмайтын, жүрегі жомарт жайсаң жандар болады. Осындай адамдарды көргің келеді, жүрек түкпіріндегі ойды ортаға салып, сырласқың да келеді. Тап осы тілек-ниет Алғабас ауылының түкпіріндегі малшы ауылға жетектеп апарды. Қарапайым малшы ауылв – күйбең тірліктің қазаны қайнап жатқан жері. Көз жеткен жерде ойнақтаған құлын- тайлар, ыңырана ауа жайылып жатқан ойсыл қара.

Алғабас топырағы түгін тартсаң майы шығатын, кең жайлау. Малы үшін суы мол, шабындығы бар шұрайлы, құйқалы жер. Адамдары ақ көңіл, емен жарқын сөйлесе білетін жандар. Содан болар «Алғабасты адамдарына қарап танисың» деген сөз бар.

Кешегі күнде бұл жерде еңбекте аты озып, еліне танылған қос азамат болды. Атақтары дардай, ісі таудай. Бұл адамдар маған етене таныс. Кезінде ауылдың бас көшесінде «Құрмет тақтасында» бейнелері жарқырап тұрса, сол кездегі аудандық «Еңбек» газетінде олардың еңбегін үлгі еткен мақалалар жиі шығатын. Бүгінде екеуі де бақилық. Соның бірі Сансызбай Боранбаев 1939 жылы Бөкейорда ауданының туған, ІІ және ІІІ дәрежелі Еңбек даңқ орденінің, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының иегері. 1970 жылдардан бері жүз қойға жүз қозы алса, бертін келе жүз қойға жүз алпыс жетіден қозы алып отырған.

Екінші адамның да беделі ағамыздан асып түспесе, еш кем емес. Ол Сұлтамұрат Тлепқалиев, 1928 жылы қазіргі Бөкейорда ауданында туған.  1952 жылы осы Алғабас жеріне көшіп келіп, тұрақтап, 1959 жылы жұбайы Ақзияшпен отау құрып, 7 бала өсіріп, еңбек жолын мал бағудан бастайды. Екеуі де еңбекқор жандар еді. Сұлтамұраттың 1972 жылы Бүкілодақтық халық шаруашылығының көрмесінде жетістіктері бағаланып, күміс медалді омырауына тақса, 1973 жылы ірі қарадан маусымдық төл алу шебері атанып, 100 аналықтан 100 бұзау алғаны үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. 1976 жылы социалистік міндеттемені қалтықсыз орындау жолында ерен еңбегі үшін Ленин орденін иеленеді.  1980 жылы Қазақ ССР Жоғарғы советінің депутаты болып сайланады. Мал соңында жүрген майталман еңбеккер, дала «академигі» Сұлтамұрат Тлепқалиев ауыр науқастан мәңгілік мекеніне 1982 жылы кете барды.

Өткен күндерсіз бүгініміз жоқ. Еңбек адамдарын жазудағы мақсат – бүгінгі ұрпақ білсін, үйренсін деген ой. Ендігі жерде әкесі Сұлтамұраттан өнегесін алып, ұрпақ сабақтастығына қылаудай кір түсірмей, бүгін ел ішінде еңбектің «төресі» атанып жүрген Бейімбет Тлепқалиевті де ауылдастары үлгі тұтады. Зайыбы Зоямен екі ұл мен екі қыз өсірген ол бүгінде қаумалаған немере-жиеннің атасы. 1980- 82 жылы әскерден оралғанда әкесі ауыр науқастан өмірден өткен болатын. Содан бері әке құрығын қолына алып, мал шаруашылығы саласында еңбектеніп келеді. Кеңшардың бір қора малын қарамағына алып, бақташы болғаны да сол кез.

Қазақта «Болар бала- жасынан»- дейді. Бейімбет қашанда өз уақытынан оза жүрді. Жас кезіндегі ұқыптылық, алғырлық, қай істі болмасын үйіріп істеу – әкеден қалған тәрбие. Нәтижесінде аянбай еңбек етті, еңбек заңын, бертін келе нарықтың заңын өзгелерден бұрын түсінді. Әр іске тыңғылықты дайындықпен келетіні шаруақор азаматтың ерекше қабілеті. Қарамағындағы жұмысшылардың жоғын жоқтап, оң көзбен қарайтыны да ауылдастарының көңілінен  шығуда.

Тәуелсіздіктің елең-алаңында, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен тұстағы еңбегі зая кеткен жоқ. 1997 жылы «Сұлтамұрат» шаруа қожалығын құрады. Игілігіне тиген сол кездегі 845 гектар жер мен бір трактор, он бас ұсақ жандық бүгінде көбейіп, өрісі төрт түлік малға, шаңырағы құтқа толды. Одан әрі шаруашылықты көтеру мақсатында үкіметтің ауылшаруашылық саласына берген жеңілдіктерді пайдалана отырып, су жаңа техникаларды алып, шаруа жайын жөндеп алған. Бүгінде әсем жобамен салынған үй мен мал қора алыстан көз тартып, мен мұндалап тұр. Маяланған шөп те қыстың қамына әзір екенін ескерткендей жып-жинақы.

Әңгіме арасында қойылған сұрақтарға баппен жауап беруді де әдетке айналдырғандай.

– Әкеден алған тәрбие –бүкіл өміріме өнеге. Қайда барсам да, қайда жүрсем де, елі іші «Сұлтамұраттың баласы»  дейді. Кешегі Кеңестік кезеңде әкеден қалған үрдіс жүз сиырдан жүз бұзау алу керек деген қағида санамда жазылып қалғандай. Қарамағымдағы малды ұры-қарыдан қорғап, түн күзетіп, соңында түн түнеп жүрген кездерім болды.  Әкеме ірі қара малын қолдан ұрықтандыруд кеңестік кезеңде біраз қолғабыс болғаным бар. Түрлі одақтық байқауларда күміс, қола медальдарын алып, астыма сол кезде көптің арманы болған «Урал» мотоциклін міндім де. Аудандық халық депутаттарының бесінші шақырылымында аудан мәслихатының депутаты болдым. Осы кезде халықтың сенімінің жоғары екенін ұқтым. Мектеп оқушыларына, ауылдағы аз қамтылған отбасылардың жанұясына барымша жәрдем беріп отырмын. Халық та әзіл-шыны аралас «Депутаттың баласы, біздің депутат» деп отырады.

Шаңырақтың бірлігі, менің адами ажарымды қалыптастыруға жарым Зояның еңбегі зор. Жабықсам қасымда, ауырсам дәрігерім осы кісі. Жұбайым көпбалалы отбасынан шыққан, ата-анасы өмірден ерте өтті, – деп, өткен күннің біраз естеліктерін жайып салды.

— Әкеңіз туралы сыр бөліссеңіз, — деген өтінішімізге үй иесі, — Әкемді мен білемін, бірақ менен артық  халқы білді. Халықтың адамы еді, – деп, жанарына келген жасты бір сүртіп алып, әрі қарай жалғастырды:

— Әкем, жинақы, ұқыпты адам болатын. Шаруаға белшесінен батып, күн-түн жүруге әзір еді. Қорадағы сиыр малын бізден артық баптайтын. Біздің үй  жүдә, билер түсетін үйдей еді, шіркін. Жолай күндіз он адам келсе, түнде жиырма адам түсетін. Осының бәріне анам жағдай жасап отыратын. Әкемнің көзін көріп, сарыаяқтас болған, сол кездің қиындығын арқасымен де, жүрегімен де көтере білген замандастары жоқ болғанымен, тәлім-тәрбиесін алған азаматтар бүгінде бар. Олар Нәсіпқали Қайырқомов, Тілеш Абуов ағаларымыз. Олар мен үшін ұстаз, қадір тұтатын жандар.

Мен осы тұста көпшілікті алаңдататын бір сауалды тосылмай қойдым: «Мал шаруашылығына жастарды қайтарудың жолы қалай, не істемек керек?».

— Аға, адамдардың пікірі, ойы әрқалай болады ғой. Қазір шаруаның бір қиындығы атқа мінбек түгел, машинамен мал қайтаратын адам жоқ. Бүгінде жеңіл жұмыста жүріп, жастар көп ақша алғысы келеді. Келіндер де май шайқап, сиыр саумайтын заман. Бәрі дүкеннен болғасын ба, әлде бұзау емсін дей ме, осы жерге келгенде осалдығымыз байқалып қалады. Үкіметте барын беріп, жағдай жасап отыр. Малшылар ауылында монша да, жарық та бар. Тағы бір ескерері, қожалық иесі малшыға еселеп ақша төлеу керек. Оларға арнап үй салып, тұрақтандыру жайын ойлауымыз керек. Оның да алдына мал салып, жағдайын жасасақ, игі емес пе?! Ал оларға жалшы ретінде қарасақ, ұзаққа шаппаймыз», — деп өз ойын жеткізді.

Қоштасар сәт туғанда  ауылдың жаны жайсаң азаматын қимай, біраз тұрдым. Бірақ қас қарайып барады, өз үйіме, өз шаңырағыма жетуім керек. Осы жерге келгенде халқымыздың «Ат тұяғын тай басады» деген сөзінің өміршеңдігіне әбден көзім жетті. Кешегі бала Бейімбеттің елге аға, ағайынға жаға болып, әкеден қалған қара шаңырақтың туын жықпай, барын бағамдап, ұрпақ сабақтастығын жалғап отырғанына риза болып,  қимастықпен қоштастым.

— Жолыңыз болсын! Бетін жел қақтаған, сөзге сараң дала еңбеккерінің қоштасардағы осы бір ауыз сөзі оның кім екенін санаға нықтай түскендей.

Құрман Бисеғалиев,

зейнеткер

АЛҒАБАС