21.12.2020, 10:19
Қараулар: 120
«Құрайлысайдың Қалдаяқовы»

«Құрайлысайдың Қалдаяқовы»

Әншіге – жүрек, әнге – мінез керек. Расында да, қазақ даласын кернеген ән әлемінің еш қайталанбайтын өзіндік бір дүниесі, тылсымы бардай. Ән әдам жанымен егіз деп те жатамыз. Демек, жүрегінің түкпірінде тербетіп, әуезін өлеңнің ұйқасымен тең өретін сазгерге де қазағымның құрметі ерек екені анық. Бүгін жадымызда асыл келбетін жаңғыртып отырған Жасталап Қуанғалиев ағамызды көзкөргендер екі дүниенің арасында ән-асылымен егіз-екі ғұмыр кешкен, әнімен Өлеңтінің атақ-абыройын ауданнан асырған ардақты жан ретінде біледі.

Оның әндерінде сыршылдық бар. Сезім қылын шертетін сазды үн бар. Әуезділігі, әуенділігі лирикалық толқыныспен ұштасып жататын мұңлы күй де жоқ емес. Иә, ол сазгер. Ел ішінде осынау киелі өнердің туын биікке көтерген азамат. Осындай эпитеттерге әбден лайық Жасталап Қуанғалиев есімі алты алашқа мәлім арыс азаматтарды дүниеге әкелген Сайқұдық  ауылында 1939 жылы дүниеге келеді. Мектеп табалдырығын Калмыков орта мектебінде аттаған ол алты жасынан бастап қолына әкесінің өз қолымен ойып берген домбырасын ұстайды. Он жасында скрипка, мандолин, сырнай, баян, күйсандықта ойнауды үйренеді. Таланттың құдіретін қараңызшы, бір өзі көлемді бір оркестрдің құрамын толтырғандай. Жас өнерпаздың табандылығының арқасы емес пе, ол екі жыл қатарынан «Мәдениет және искусство» журналында жарияланған «Домбыра үйрену мектебі» мақаласын оқып, өз бетімен нота сауатын ашады.

«Өнерліге өріс кең» деген сөздің дәлелі – 1957 жылы ол VI Бүкілодақтық жастар фестиваліне қатысып, шынайы таланттың ауылдан шығатынын көпке жария етті. 1961 жылы аға клуб жанындағы жылжымалы киноға моторшы болып орналасып, қосымша орта мектепте ән-күй пәнінен сабақ береді. Осы кездерде кеудені керген сазды нота тіліне аударып, жергілікті ақындардың өлеңдеріне ән жаза бастайды. Жерлес ағасы, белді журналист Шарифолла Сәниевтің «Көкте жұлдыз, жердегі гүл демеймін», «Өлеңті вальсі», «Торғайларым» әні сол кезде халыққа кеңінен таныла бастады.

Ізденістен танбаған жас сазгер 1974-1977 жылдары Ақтөбенің мәдени ағарту училищесінде білім алып, клуб қызметкері және домбыра оркестрінің жетекшісі мамандығын алып, жаңадан ашылған мәдениет үйінде көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі қызметін атқарады. Аға «Толқиды бидай» атты вокалды аспапты ансамблін, хор, драма, домбыра оркестрін, би үйірмесі мен үгіт бригадасын ұйымдастырды. Алапат күш жігер, уақыт пен еңбекті талап ететін осы қызметте талай белестерді бағындырып, ауылдың жастарын алға сүйреді, ауыл тынысына жаңаша леп берді. Ағаның шекпенінен шыққан сол кездегі қыз-жігіттер кейіннен  белді музыка майталмандары, ел құрметтеген өнерпаздарға айнады. Олардың ішінде Ақерке Елеусізова, Сейілхан Зейнетов, Қажапкер Дәулетов, Батыргерей Құрмекешов, Гүлнар Табылдиева, Лиза Жазықбаева, Нұрсұлу Орынбаева туралы ұстаз аға ерекше ықыласпен, сүйсіне айтып отыратын. Кейіннен балалар саз мектебінің ауылдағы филиалы ашылған соң, осында оқытушы болып қызмет етіп, 100-ден астам ауылдың қарадомалақ жеткіншектері осында домбыра, қобыз, баян сыныптарында білім алады. Шәкірттері Қуаныш Құспанов пен Асхат Құрмекешов Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның құрамында еліміз, шетел сахналарында өнер көрсетсе, ағаның жолын қуған Ардақ Халықова, Ардақ Қуанышева, Бибігүл Базарова, Серік Қайырлиев, Айнаш Байділдиновалар балаларды ән күйге үйрету жолында аянбай еңбек етті.

Ал жылдар жүзінде жазған әндері ауыл-елдің сахналарынан тыңдармандарына жол тартты. Қадір, Ақұштап, Мұқағали сынды мықтылармен қатар жергілікті ақындар Сағынтай Бисенғалиев, Үзілдік Елеубайқызының өлеңдеріне ән жазды. Сазгердің «Жұбан елі» әні бүгінде Ақжайықтың мақтанышы, әнші Еркін Өтегеновтың орындауында көпке танымал. Аға 70-ке жуық ән жазып, халқымыздың рухани қазынасына осылайша мәнді үлес қосты. Ақынның өміршең жыры, сазгердің әуезді әні үйлесім тапқан керемет туындылардың халық жүрегінен орын алғанын оның әндерінің әлі өз бағасын ұстап тұруынан-ақ аңғаруға болады.

Жастарды өнердің білім бұлағынан, қайнар көзінен сусындату жолындағы еңбегінің айқын айғағы – Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі атануы. Өнер, мәденет саласына қосқан үлесі үшін бірнеше дүркін марапатталып, қошемет алды.

Сазгердің бойындағы тектілік, бекзаттық, дегдарлық сынды ерекшеліктері ауылдастарының әлі есінде. Жерлестері «Құрайлысайдың Қалдаяқовы» деп атап кеткені де сондықтан шығар. Қалдаяқов демекші, әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқов бұл кісінің өнерімен етене таныс болыпты. Оған дәлел сазгердің мына бір сөздері:  «Әуесқой композиторлардың кәсіптері де сан алуан. Біреулері колхоз, совхозда еңбек етсе, енді біреулері өнеркәсіпті қалаларда тұрады. …Семей облысының Жарма ауданынан Сапарбек Әшімбеков, Батыс Қазақстан облысынан Жасталап Қуанғалиев осы өнерге шын беріліп, ізденіп жүрген жастар»,-деп бағалайды ол өнерпаздарды. Бұл да Шәмшінің шын бағасын алған әуесқой сазгердің танымалдылығының айғағы.

Сазгердің өмір жолы, шығармашылығы «Домбыра-жүрек» атты басылымда толығырақ баяндалған. Мұнда автордың әндері, естеліктер бар. Мысалы, Шамғон Қажығалиев атындағы І Республикалық дирижерлер байқауының дипломанты болған Сайын Құбашев, белгілі журналист Базарғали Қуатовтар Ж. Қуанғалиев жайында кеңірек пікір беріпті. Қарап тұрсақ, бұл жандардың бәрі де бүгінде өмірде жоқ адамдар. Тірісінде сыйласып, бір-бірінің қадіріне жете білген қаранардай ағалардың ізет-құрметтері ерекше болғанына еріксіз тамсанасың.

Ағаның зайыбы Мариям апамыз да – аға секілді өнерімен көпті тамсандырған жан. Перзенттері Бибігүл, Бибінұр,  Инабаты өнердің кеңістігінен өз жолдарын тапса,  өзгелері де құрметті мамандық иелері атанды.

Иә. Қашанда ән әлемінен қол үзбеген, ұлттымыздың мәдениетін, өнерін кейінгі ұрпақтың бойына сіңіруде өлшеусіз үлес қосқан сазгер сәулелі дүниеден алыстамайтындай көрінетін. Оның жаны таза, жүрегі өнерге ғашық, кеудесі шаттыққа толы еді. Кеудесін кернеген әуенді  әуелеткен сайын, көкірегінен өнердің махаббатының оты лаулап, құлақтың құрышын қандыратын еді ау. Жаныңыз жәннатта болсын, сіз арамыздан кетсеңіз де, орныңыз көңіліміздің төрінде!

Әсем ЕСБЕК