28.12.2020, 9:54
Қараулар: 98
Әкімі бастап, ел қостап

Әкімі бастап, ел қостап

Көсемсөз шебері Ахмет Байтұрсыновтың «Газет – халықтың өзі, құлағы һәм тілі» деп келетін тамаша теңеуі арада бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, өзінің құндылығын жойған жоқ, оқырмандар тарапынан да газетке деген қызығушылықтың төмендемегені қуантады. Сонымен қатар газетке жазылу науқанында көптеген кәсіпкер, мемлекеттік қызметкерлер өз қалталарынан қаржы шығарып, ауылдастарына газет оқып, зейінін ашуға мүмкіндік туғызуда. Бұл істе аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтың өзі өзгелерге үлгі болып, аудан орталығындағы көпбалалы, әлеуметтік аз қорғалған 20 отбасына облысымыздың жаршысы «Орал өңірінің» жеткізілуін қамтамасыз етті. Игі іске үлес қосқандардың қатарында белгілі меценат, жергілікті кәсіпкер Әлия Шоқанова да бар. Ол да облыстық газетті қолдау мақсатында 20 данасының жерлестерінің пошта жәшігіне түсуіне ықпал етті.

2021 жылға баспасөзге жазылу науқанына Ақжол ауылдық  округіндегі «Қазына» шаруа қожалығының жетекшісі Алаужан Мұқашев  та атсалысып, ауылдың ҰОС, тыл, ауған соғысы ардагерлері, алтын құрсақты аналар мен  мүмкіндігі шектеулі жандар қатарындағы 9 адамға өз қаржысына «Егемен Қазақстан» газетіне жаздыртты.  Осындай жақсылыққа мұрындық болып, қолдау білдірген сарытоғайлық кәсіпкерлердің де есімін атап өтсек. «Алмас» ШҚ жетекшісі Алмас Ержанов 10 дана «Егемен Қазақстан», «Дария» ШҚ жетекшісі Аман Бисенғалиев 10 дана «Жайық таңы», «Медина» ШҚ жетекшісі Зәуреш Қажмұқанова 6 дана «Орал өңірі» газеттеріне ауыл тұрғындарын жаздырды.

Ләззат ӨТЕГЕНОВА