28.12.2020, 9:56
Қараулар: 93
Бар жақсылық  ауылда

Бар жақсылық  ауылда

Жыл соңында әркім өзінің осы уақыт аралығындағы тірлігін бағамдап, кемшіліктерін ескеріп, жетістіктеріне масаттанып, келер жылға жоба құратыны белгілі. Сол секілді біздің Жаңабұлақтың тірлігіне де уақыт берекелі бетбұрыстарын әкелгенін тұрғындар байқады. Ауыл өміріндегі игі өзгерістер жайында әңгіме бола қалса, әрине, ырыс – құтымыздың негізі – мал шаруашылығы алдымен ауызға алынады ғой. Қыр еңбеккерлері барған сайын тәжірибелерін толықтыра түсіріп отыр.

Қазіргі таңда ауылдық округ бойынша  69 шаруа қожалығы бар. Бұл әлбетте, аз күш емес. Заман талабына сай  саланы өркендетуде оларға үмітіміз де, сеніміміз де зор. Соңғы кезде мүйізді ірі қараны асылдандыру мақсатындағы жұмыстары үшін «Аймекен», «Жамиға», «Талпыныс», «Ермекқали», «Перизат», «Сажида» шаруа қожалықтары қомақты демеуқаржыға қол жеткізді.  Жоғарыда аталған  шаруа қожалықтарының 44  бас асыл тұқымды төл  сатып алуы олардың тынысына серпіліс әкелді. Трактор, шөптайлағыш, шөптиегіш, шалғыларын жаңалап, осындай қажеттерін үнемі сақадай-сай ұстайтын еңбеккерлерді де мақтан тұтамыз.

Еңбегімен өнегелі кәсіпкерлер  әманда ауыл-аймақтың сүйеніші. Мәселен, «Әулет», «Наргиза» тойханалары, жаз мезгілдерінде жұмыс жасайтын ауыл жасы Жамбыл Дабысовтың кірпіш цехы – осының бәрі ауылымыздың ажарына ажар үстеуде. Еңбекке ұмтылыстың, алға талпыныстың нышаны осы емей, немене?! Немесе мына мысал: «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 8 адам 4,4 млн теңге көлемінде грант  және Бақытжамал Журинова мал шаруашылығына 4 млн теңге көлемінде несие алып, тұрмыстарын түлетуге қадам жасады. Келер жылда осындай ұмтылыстар ұлғайса, нұр үстіне нұр.

Басқа да жарқын мысалдар аз емес. Ағайын бір-бірін қолдап, бір-біріне жәрдемдесіп отырады. Шаруа қожалықтарының иелері  Ермұрат Рахишев, Өтеғали Дабысов, Марат Ниязалиев, Алмаз  Шохаев  сынды кәсіп иелері қайырлы істерге әрдайым үн қосып, жақсылыққа жанашырлық танытып отырады. Індетке қарсы жұмылған жұмыстың нәтижесінде ауыл азаматтары  16  отбасыға аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі санаттағы азамат-азаматшаларға  қал-қадірінше қолдау білдіріп, жабыққанға демеу болды.  Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға ауыл жастары қаржылай көмек көрсетті.

Биыл ауылға кіре беріс жол, ауыл ішінің жолдары жөнделіп,  «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында көпбалалы екі отбасы су жаңа пәтерде қоныс тойын мерекеледі. Бұл тек атқарылған жұмыстардың тек бір парасы ғана. Көзге көрінбесе де, ауылдастардың тірлігін толайым ететін жарқын жақсылықтармен қатар жерлестердің намысқа тырысқан қам-қарекеті, салмақты тірлігін де атап өту керек. Айталық, округ орталығы – Жаңабұлақ және Қосшығыр ауылдарында жерлестер және түлектердің күшімен ата-бабаларымыздың мәңгілік мекені – қорымдар қоршалса, Жаңабұлақта зиратқа баратын жол жөнделді. Еске алу саябағын жаңартуға ауылымыздың танымал кәсіпкерлері жұмыла көмек көрсетті. Соның ішінде белді азамат Асқар Қабанов, Сатым Дабысов, Марат Ниязалиевтің үлесі сүбелі. Міне, рухани жаңаруға қатысты жаңабұлақтықтардың нағыз елдігінің дәлелі. Көпшіліктің игілігі үшін осы секілді  жобаларын әзірлеп жүрген басқа да азаматтарымыз бар.

Жаңа жылдың қарсаңында ауыл-елі үшін қолдан келгенін аямай, бар жақсылығын жерлесіне ұсынған аға-апа, замандас, іні-қарындастарымызға алғысымыз шексіз. Еңбектері жеміспен өріліп, ауылымыздың тірлігі төрге оза берсін.

Аслан БИГАЛИЕВ,

округ әкімі,

ЖАҢАБҰЛАҚ