28.12.2020, 9:57
Қараулар: 105
Құрмет те, қошемет те мақтаулыларға

Құрмет те, қошемет те мақтаулыларға

Тәуелсіздік күніне орай көптеген сала үздіктері мемлекеттік наградалармен мараптталып, қошеметке бөленді. Солардың қатарында жерлестеріміздің де болуы аудан жұртшылығының мерейін асырады. Осындай ақжолтай жаңалықтардың қатарында жастар саясаты саласында қос бірдей маманның үздік атануын ерекше атаймыз. Нақтылап айтар болсақ, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық өткізген «JRO belgisi – 2020» конкурсында Бударин ауылдық округі бойынша жастар ісі жөніндегі кеңесші маманы Ақұштап Сапарғалиева «Үздік қызметкер» аталымын жеңіп алса, тайпақтық әріптесі Дина Сәтпаева жылдың «Үздік жастар жетекшісі» атанды.

Чапаев ауылдық округі әкімі Нұртаза Нәбиденов мереке күндері округке қарасты Жайық ауылында болып, тұрғындарды құттықтады. Ол сонымен қатар елдімекеннің көркеюіне үлес қосып, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімін пен рухани мәдениетін қалыптастыруда үлкен жетістіктерге жеткен жандарға алғыс хат табыстады. Олардың қатарында «Жайық ҚАБ» кооператив төрағасы, «Темиргали-Айжан» ШҚ жетекшісі Замир Қапышев, мұғалім Айгүл Досалиева, ауыл фельдшері Орынбике Оралова сынды мақтаулылар бар.

Тәуелсіздік күні қарсанында медицина қызметкерлерінің еңбегі еленіп, түрлі деңгейдегі марапаттар және алғыс хаттар табысталды. Қастерлі мерекеге орайластырылған салтанатта фтизиатр, рентгенолог дәрігер Балзира Сұлтановаға «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісі табысталды.  Балзира Есекешқызының медицина саласындағы еңбек өтілі 35 жыл. Жылдар жүзінде ақ халатты абзал жан Ақжайық аудандық туберкулез ауруханасында фтизиатр маманы болып, аудандық ауруханада педиатр, жасөспірімдер дәрігері қызметін абыроймен атқарды.

Әсия ШЫРАЙ