28.12.2020, 9:58
Қараулар: 95
Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылға зор үміт

Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылға зор үміт

Күні ертең қоштасқалы тұрған 2020 жылдың аудан үшін жемісі мол болды. Сөзімнің дәлелі – жаңғырған және бой көтерген нысандар, ауылдағы ағайынның талай игіліктерге қол жеткізуі. Біраз ауылдың жолдары жөнделді. Көгілдір отын келіп, таза су берілген күндегі ағайынның қуанышын көзбен көрдік. Бұның бәрі, әрине, татулық туын биік ұстаған біздің елдегі бейбіт өмір мен тұрақтылықтың арқасы. Бұл да болса, Қазақстанның алға өрлеуінің бір белесі.

Бұл жылдың руханият үшін маңызға ие болған ақжолтайы – ақиық ақын, қоғам қайраткері, «Желтоқсанның жебесі» атанған Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өттік. Аудан орталығында ақын атындағы орталық бой көтергені баршаға аян. Өнердің құдіретін көкке көтерген ел азаматтарына мың алғыс.

Ал шағын отанымыз Жамбыл ауылдық округіне келер болсақ, біздегі үш ауылға, яғни Жамбыл, Бітік, Үштөбе ауылдарына газ құбырлары жеткізілді. Ағайынның қуанышы шексіз. Күні кеше Жамбыл ауылы мен көршілес Битілеу ауылындарына жеткен таза ауыз су да – жыл бедерінде атқарған жұмыстардың жемісі. Жамбылда күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға  санаулы күндерден соң берілетін мәдениет үйі қаймағы бұзылмаған ауыл аймақ үшін керек-ақ.

Айта кету керек, елімізде мәдениет пен руханиятты жаңғыртуда атқарылған жұмыс қарымды.Сөз етіп кеткенімдей, Жұбан тойын өткізіп, оған атсалысқан барша азамат пен азаматшалар лайықты марапатын алды. Ақын мерейтойы атындағы медальдармен марапатталып, ауданның азаматтығын алған аға-апаларымыз,бұл атақтарға әбден лайық жандар екені анық. Дәстүрлі ән деген өнердің бір пұшпағын илеп, шама-шарқымызша елге насихаттаған азды-көпті еңбегім бағаланып, жаңадан ашылған алаңдағы құрмет тақтасында көрінуге лайық деп санапты. Мұның бәрін қашан да ұлттық өнерді жоғары қойған елдің қошеметі деп түсінемін.

Осындай толайым табыстарға жеткен ауыл аймағымыз, ауданымыз келер жылда да алар асулары көп болсын деген тілеймін. Өткен жылға өкпе жоқ. Келер жылдан жақсылықтар ғана күтеміз. Келе жатқан жаңа жыл құтты болсын !

Данияр ЕЛЕУОВ,

ауылдық мәдениет үйінің жетекшісі

ҮШТӨБЕ