28.12.2020, 10:03
Қараулар: 93
Әкімдік кеңесінің отырысында

Әкімдік кеңесінің отырысында

Апта сейсенбісінде аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтың төрағалығымен кеңейтілген кеңес отырысы өткізілді. Мекеме башыслары, үкіметтік емес ұйым, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан кеңесте алдымен аудан басшысы жыл межесінде атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап, алдағы жылдың жоспарымен таныстырды.

— Жылдағыдай ауданымызда тұрғындардың әл-ауқатын, ауылдардың ажарын келістіруге бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылды. Әрине, індет жоспарланған біраз ауқымды шараларымызға өз түзетулерін енгізді. Дегенмен, межелеген жұмыс уақытында аяқталып, жаңа жылда ауыл-елдімекендер игі өзгерістермен қарсыламақ. Мұның бәрі тиянақты, әбден сараланған қарекеттің нәтижесі: 6 ауылға ауыз су жеткізіліп, 11 ауыл көгілдір отынмен қамтылды. Соның нәтижесінде 1425 тұрғын судың азабынан құтылса, аудан аумағындағы барлық елдімекендер газға қосылды. Бұл үлкен жетістік. Сонымен қатар аудан орталығынды 24 пәтерлік, Жаңабұлақ ауылында 2 пәтерлік тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, үш ауылдың кіре беріс жолдары жөнделді. Абай атындағы мектеп-гимназияның мектеп пен интернат ғимаратының пайдалануға берілуі – жыл жаңалығы. Осындай ауқымды жұмыстармен қатар елдігіміздің айғағындай аудан орталығында халықтың күшімен Жұбан орталығы бой көтерді. Ақынына мұндай құрмет көрсетіп, еңселі орталық тұрғызған біздің аудан ғана. Бірлігімізді айғақтаған ортақ іспен лайықты мақтана аламыз, — деді аудан басшысы.

Пандемияға байланысты ел көлемінде ауқымды шаралар өткізіп, көпшілік жиналатын жиындарға тосқауыл қойылғаны белгілі. Осыған орай облыс әкімі Ғали Есқалиев жаңа жыл қарсаңында елдегі пандемияға байланысты ұжымдар арасында өтетін жаңажылдық кештерді ұйымдастыруға тиым салынғанын ескертіп, сол шараларға жұмсалатын қаржыға мұқтаж отбасыларға азық-түлікпен көмектесуді ұсынды. Аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» акциясы жөнінде толық баяндады. Акция аясында мекеме-ұжым қызметкерлері әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасына азық-түлік себеті, жаңажылдық сыйлықтармен көмек көрсетілмек. Т.Александрұлы мекеме-кәсіпорын басшыларын акцияға белсенді қатысуға шақырды. Шара барысында тек аудан орталығының өзінде 132 отбасыға қолдау көрсетіледі деп күтілуде.

Әсел САҒЫН