28.12.2020, 10:04
Қараулар: 97
Игі істердің басында – әйел-ана

Игі істердің басында – әйел-ана

Жуырда  аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтың төрағалығымен аудандық аналар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға ауылдардан аналар кеңесінің төрайымдары, тиісті бөлім, мекеме басшылары, белсенді әйелдер қатысты.

Жиынды ашып-жүргізген аудан басшысы Қ.Шадиярұлы баршаны келе жатырған Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. «Қиындықтан шыңдалып шығатын халықпыз. Биыл ауыртпалығын салған пандемия жұртшылықты ауызбіршілікке, қайырымдылыққа, бір бірімізге қамқор болуға үйретті. Карантин кезеңінде ауруханаға концентратор, ауылдық округтердегі аз қамтылған, көп балалы отбасыларға азық-түлік, тұрмыстық заттар, маска, ақшалай көмек көрсетілді. Осы игі істердің басы-қасында әманда сүйенер жақсыларымыз, әйел-аналар жүрді»,-деп өткен жылды қорытындылып, жасалған жұмыстармен қатар, алдағы уақытта орындалатын жоспарлармен бөлісті.

Халықтың тұрмысын жақсарту, жұмыссыздық деңгейін азайту бағытында  кәсіпкерлік ашып, бизнес бастау үшін үкіметтен қашан да қолдау табылады. Соның ішінде әйелдерге шағын бизнес бастау үшін ең алдымен 1 айлық курсты оқып, қайтарымсыз несие алып, өз кәсібін дөңгелетуге мол мүмкіндік бар. Десе де, бұл салада да олқылықтар жоқ емес. Мысалы,  кейбір жеке кәсіпкерлер қарамағындағы жұмысшыларына жалақы төлегенмен, тиісті салым-аударымдарын жасамай отыр. Бұл жұмыскер ертең лайықты зейнетақы, ауыра қалған жағдайда тиісті емін ала алмайды. Тіпті қарапайым еңбек шартын да жасамай, көңіліне келмеген тұста еш өтеусіз жұмыстан шығарып тастайтындары да бар. Мұның бәрі жұмысшының заңды құқықтарын аяққа таптау деген сөз.

– Қоғамда күйіп тұрған мәселелердің бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Жыл басынан бері Ақжайық ауданында 87 неке тіркеліп, 14 неке бұзылған. Шаңырағы сетінегендердің көбісі күйеуінің әлімжеттігіне шыдамаған әйел-аналар, – деп қынжылды «Шуақ» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мәншүк Мәмбешева. Биыл аудандық полиция бөліміне 69 әйел адамнан арыз келіп түскен. Мәншүк Есенжанқызы әлдіден жапа шеккендерге психологиялық көмек көрсету мақсатында «Әлеуметтік  орталық» ашудың уақыты келгендігін айтты.

Сондай-ақ гендерлік саясатты дамытуда, әйел азаматшалардың құқығын қорғауда сіңірген еңбектері үшін «Шуақ» әйелдер қоғамының төрайымы М.Мәмбешева мен Жаңабұлақ ауылдық округі әйелдер кеңесі төрайымы Айкенже Абдиева, пандемия кезінде демеушілік көрсеткен «Керемет» кешенінің басшысы Қанымқия Досқалиева, «Мектепке жол» акциясы аясында аз қамтылған отбасылардың балаларына жәрдемдесіп, қол ұшын созған М.Әуезов атындағы орта мектептің мұғалімі Зәмзагүл Есенғазиева  мен Бударин ауылының тұрғыны,  ардагер ұстаз  Нәбия Ақмышева аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталады.

«Іскер әйелдер» кеңесінің аудандағы филиалының төрайымы  Ләззат Сейіткереева жыл жаңалықтарымен бөлісе отырып, кәсіпкерлікке ниет білдірген нәзік иықтыларға қолдау көрсетуге дайын екендігін айтты.

Сонымен қатар әр ауылдық округтен келген айел-аналар өз тілектері мен мәселелерін ортаға салып, атқарылар жұмыстарды тұжырымдады. Жиын соңында қатысушыларға естелік сыйлықтар таратылды.

Ләззат САМАТҚЫЗЫ