28.12.2020, 10:05
Қараулар: 87
Мал ұрлығы үшін жаза күшейді

Мал ұрлығы үшін жаза күшейді

«Мал-жаның аман ба?» деп хал сұрасатын халықпыз. Ауылдағы ағайынның да нәпақасы қорадағы түлігіне байланысты екені тағы да аян. Бірақ соңғы жылдары мал ұрлығы белең алғаны мал иелерін күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырды. Осындай санаттағы қылмыстардың алдын алу, жалпы, мал ұрлығына қалай тосқауыл қоямыз? Осы жөнінде аудан прокуроры Әділет Тоқтамысовпен сұхбат барысында айтылды.

– Мал ұрлығымен күрес қалай жүргізілуде?

– Ақжайық ауданы мал шаруашылығы жерінің ауданы бойынша да, мал басының саны бойынша да өңірде көш бастап тұр. 384,7 мың бас ауыл шаруашылығы жануарлары тіркелген. Олардың ішінде ұсақ мал – 250,9 мың, ірі қара мал – 96,8 мың және жылқы – 36,7 мың. Бір қынжылтатыны, өзгенің ақ адал өсіріп отырған малына көзін тігетін арам ойлылар көбейіп келеді. Бұл тұста мал иелерінен де жауапкершілікті алып тастауға болмайды. Олардың көбісі малын бағыммен өріске айдағаннан гөрі, еркін жайылымға жіберіп, бақылаусыз 2-3 ай қарамай жүреді. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кететіні» беседен белгілі. Еш қараусыз жүрген мал – қылмыскерлер үшін оңай олжа. Дегенмен, бұл кез – келген қаскүнем біреудің мүлкіне қол сұға алады дегенді білдірмейді. Мұндай қылмыскерлермен біз полициямен, жергілікті атқарушы және уәкілетті органдармен бірге күресеміз. Жақында ғана полицияның тиянақты жұмысының арқасында И және А есімді екі азамат мал ұрлығы үшін жауапқа тартылды. Жұптасып, олар алты ірі қара малды қолды етіп, заңды иелеріне бір жарым миллион теңге шығын келтірген. Бірақ олардың бірі өз қылмысын ішінара болса да, мойындаса, екіншісі «сүттен ақ, судан таза» екенін айтып, ант су ішті. Істегі бұлтартпас айғақтар болғандықтан, біз қылмыскерлердің кінасын толық дәлелдедік, енді олар бес жылға бас бостандығынан айырылды.

– Қылмыстық заңнамадағы өзгерістер туралы айтып берсеңіз, олардың мәні неде?

–Мемлекет бүкіл елдегі теріс қылмыстық тенденцияларды ескеріп, мал ұрлығына жазаны қатайту туралы шешім қабылдағаны кездейсоқ емес. Бұл қазірдің өзінде үлкен нәтиже беруде. 2020 жылдан бастап ҚР Қылмыстық кодексінде мал ұрлығына қатысты жеке бап енгізілді. Егер бұрын мал ұрлығы үшін 1 мың АЕК (2020 жылғы жағдай бойынша – 2 миллион теңгеден астам) шегінде айыппұл салынуы мүмкін болса, енді 3 мың АЕК-ке дейін (8 миллион теңгеден астам) көтерілді. Сондай-ақ қылмысқа барғандар үшін  ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру да қарастырылған: ең жоғары жаза – 7 жыл. Сонымен қатар соттың шешімімен қылмыскерлердің мүліктері де тәркіленуі мүмкін. Бұл қылмысқа қайта барған азамат енді зардап шеккен адаммен татуласып, жауапкершіліктен бұлтара алмайды, кез-келген жағдайда жазаға тартылады.

Егер қылмыстық топ болып және аса ірі көлемде зиян келтірілген болса, топ мүшелерінің әрқайсысы 7 жылдан 12 жылға дейін алады.

Жоғарыда атап өткен жаңа бап бойынша  27 бас мал ұрлығына қатысы бар 16 адам істі болды. Ұрлықты қайта жасаған бірде-бір қылмыскер татуласу арқылы жауапкершіліктен құтыла алмады. 5 адамның бас бостандығынан айырылуы оңай олжаға кенелемін деген біраз жанға сабақ болары анық .

Нәтиже айтарлықтай, өткен жылмен салыстырсақ, былтыр сотта бұл санаттағы қылмыстың тек екеуі қарастырылып, бірде-бір адам бас бостандығынан айыру жазасына тартылмаған. 11 қылмыскер жәбірленушілермен мәмлеге келіп, жауапкершіліктен құтылды. Бұл дерек 3-5 эпизодқа қатысы бар  қылмыскерлерге де қатысты. Екеуі татуласқан соң, біздің істі тоқтатудан басқа амалымыз жоқ болатын. Әрине, бұндайда тіпті әккі ұрының өзі де жазасыздықты сезінеді. Қазір заң қатайды, енді мал ұрлығымен күрестен нәтиже шығады деген үмітемін. Сонымен қатар, қазір жануарлардың иелеріне де белгілі бір талаптар қойылады.

Толығырақ айтып өтсеңіз, қандай талаптар?

– Ұрланған малдың барлығы дерлік бақылаусыз жайылымдардан қолды болған. Осындай жағдайды бағамдаған облыс прокуроры Жандос Өмірәлиев өңір әкіміне мал жаю тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық акт әзірлеуді ұсынды. Бұл бастама қолдау тауып,  жуырда облыстық мәслихат облыс аумағында ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін бекітті. Бұл құжат мал иесін немесе ол уәкілеттік берген адамды табынды бақылауға және оларды белгіленген жерлерде бағуға міндеттейді. Талаптар жеке немесе заңды тұлға болсын, ауылшаруашылық жануарларының барлық иелеріне қатысты. Ауданда да қараусыз қалған жануарларға арналған тұрақ іске қосылды. Бұл тұраққа бағымсыз жүрген мал  жеткізіліп, оның иелері жануарды ұстау шығындарын өтеуі қажет. Оған қоса, иесі ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408 бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Мұнда  «Көршіңді ұры атандырма, өз затыңа ие бол» дейтін халық мақалы толығымен орынды.

Ал егер иесі табылмаса?

Егер меншік иесі жануарды ұстап алғаны туралы мәлімделген кезден бастап алты ай ішінде табылмаса, онда меншік құқығы жануарларды күтіп-баққан адамға көшеді.  Мұндай норма Азаматтық кодексте қарастырылған.

Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Әсем ЕСБЕК