28.12.2020, 10:14
Қараулар: 114
Міндет айқын, жауапкершілік жүгі де салмақты

Міндет айқын, жауапкершілік жүгі де салмақты

2021 жылдың 10 қаңтарында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттарын сайлау өтеді. Бұл додаға еліміздің басты саяси күші – «Nur Otan» партиясы да өз жүйріктерін қосып, үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын бастап кетті. Насихат жұмыстарының барысы, партияның ауыл-елдегі ахуалды жақсарту мақсатындағы жоспары, аудан бойынша сайлауалды бағдарламасының мән-маңызы турасында редакцияға берген сұхбатында «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы төрағасының орынбасары Айжан Нысанбаева баяндады.

Бүгінде «Nur Otan» партиясы сөздің емес, істің партиясы екенін толығымен дәлелдеді. Үгіт-насихат барысында партия атынан сайлауға қатысатын үміткерлер қандай мәселелерге мән беруде?

– Қазір сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының нағыз қызған тұсы. Бұл науқанға бпартия атынан сайлауға түстетін 27 үміткер қатысып, ауыл-елдегі ағайынмен жүздесуде. Әрине, мұның барлығында да  індеттің алдын алу үшін санитарлық талаптар қатаң ескерілуде. Барлық ауылдық округтерге кандидаттар аяқтай барып, партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Әсіресе мекенжайлық жүздесулерге аса мән беріледі. Бұл ретте әрбір үміткер өз сайлау учаскелерінде «Есіктен – есікке» акциясын өткізіп, жекелеген тұрғындармен әңгімелесті. Сонымен қатар үміткерлер ауыл тұрғындарының маңызды талап-тілектерін ескеріп, жұмыс жоспарына енгізді.

Әрине, қазір ақпараттық технологиялар заманы. Бұл мүмкіндікті де қапы жібермеуге тырысып, партия мүшелерінің әлеуметтік желідегі аккаунттарында халықтың ниетін біздің саяси қоғамдастыққа аударуға барымызды салып жатырмыз. Ол үшін тікелей эфирлерде тұрғындарды қабылдап, түрлі онлайн-чэллендждер ұйымдастырылуда. Мақсат – тұрғындарға жылдар белесінде партияның атқарған жұмыстарын жеткізу.

Осы сайлаудың ерекшелігі: бұрын партия еліміз бойынша бір бағдарлама жасақтайтын, ал осыда әр өңірдің қажеттіліктері мен жетілдіретін тұстары ескеріліп, соған сай бағдарлама даярланды. Сол бағдарламаның маңызды тұстарына тоқталсаңыз.

– Ақжайық ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасын жасақтау үшін ауқымды сараптама жұмысы жүргізілгенін атап өту керек. Өз жұмысын нақты нәтижемен дәлелдейтін партияның жан-жақты зерделеніп, тиянақты дайындалған бағдарламада көрсетілген барлық істерді жүзеге асыратыны айқын. Мұнда 7 салаға басымдық берілді. Алдымен ауданның экономикалық тұрақтылығы қарастырылды, бұл дегеніміз – тұрғындардың лайықты жалақымен қамтылуы, жұмыс орындарының құрылуы. Бұл үшін кәсіпкерліктің кеңістігін кеңейту қажет. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласындағы еңбеккерлердің де мәселесін шешуге назар аударылады. Көзделген мақсат жүзеге асса, 2025 жылға дейін жұмыссыздық деңгейі 3,9 пайызға төмендейді.

Бағдарламада ауыл азаматтарының өмір сүру сапасын арттыру мәселесіне баса назар аударылған. Ауылішілік жолдар, таза ауыз су, көгілдір отынмен қамту партияның күн тәртібінен еш түскен емес.

«Әлеуметтік бағытталған аудан» бөлімінде медициналық қызмет, білім беру сапасын жақсартып, бұқаралық спортты дамыту мүмкіндіктері толығымен көрсетілген. Бағдарламаға жастар саясаты, яғни ауылдағы қыз-жігіттердің мәселесі бөлек тарау ретінде енгізілді. «Жас кәсіпкер», «Бастау бизнес», т.б. мемлекеттік бағдарламалармен қатар өңірлік деңгейде де жастардың әлеуетін арттыру қаперде.

Сонымен қатар рухани мәдениетті қалыптастыру, өткен тарихымызды келешек ұрпақ үшін сақтап қалу, тұрғындардың қауіпсіздігі, құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері де бағдарламаға енгізілді.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі төрағалық ететін «Nur Otan» партиясы талай сындарлы сәттерде нағыз халықтық партия екенін, елмен бірге екенін дәлелдеп келеді. Індет өршіген тұста «Біз біргеміз» деп елге ұран тастаған партия мұқтаж жандарға қолдау көрсеткені баршаға аян. Алдағы сайлауда бізбен бірге болыңыздар, партия сіздердің сенімдеріңізді ақтап, нақты нәтижелерге қол жеткізеді деп сендіреміз.

Сұхбаттасқан Аңсар ТІЛЕК