28.12.2020, 10:36
Қараулар: 96
Аяжан топ жарды

Аяжан топ жарды

Жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша ХІІІ Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңіне түрлі деңгейде ұйымдастырылған өзге пәндік олимпиадаларға қатыспаған шәкірттер қатысты. Білім сынында үздік көрінуге талпынған әрбір ұл-қыз барлық кезеңдерде математика, физика, химия және биология пәндері бойынша тапсырмалар орындады.

18 қарашада қашықтықтан өткізілген жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша ХІІІ Президенттік олимпиаданың облыстық кезеңі аудан бойынша 11-сыныптан 8 оқушы қатысып, нәтижесінде жоғары ұпай жинаған Қ.Байсықов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Аяжан Кайырбекова республикамыздың барлық өңірлерінде 24 қарашада бір мезгілде өткен олимпиаданың екі турына қатысты.

Олимпиаданың онлайн-форматта өткен іріктеу кезеңінен жоғары балл жинап, Президенттік олимпиаданың қорытынды кезеңіне жолдама алған Аяжанның бабы мен бағы келісіп, ІІІ орын иеленді. «Бұл додаға ұзақ дайындалдым. Барлық алған білімімді таразыға салып, ұстаздарымның, ата-анамның үмітін ақтау үшін тырыстым. 11 жыл бойы мені шыңдаған математика пәнінің мұғалімі Анна Садыкова, физика пәнінің мұғалімі Фариза Кажбанова, химия пәнінің мұғалімі Расул Иргалиев, биология пәнінің мұғалімі Майра Базарбаева сынды ұстаздарыма алғысым шексіз. Бастысы – мақсат керек екен. Осы олимпиаданың алғашқы сатысынан бастап жеңімпаздар қатарынан көрінуді алдыма мақсат етіп қойғам. Әрине, тапсырмалар оңай болды деп айта алмаймын, дегенмен талпынған адам қай мақсат-мұратына да жетеді екен», — дейді талапты оқушы.

Әсел САҒЫН